«91» тобының жастарды «бұзатыны» рас па?

Oinet.kz 22-11-2017 1203

Screenshot_2.jpg

Бүгінде тавтологияға (таптауыр болған ой) айналып кеткен «жастар бұзылған» деген сөз қай заманда болмасын, міндетті түрде айтылмай қалмапты. Вавилоннан табылған 3000 жыл бұрынғы тас құмырада: «Бұлар өткен замандағы, не біздің кезіміздегі жастарға мүлдем ұқсамайды. Қазіргі жастар біздің мәдениетімізді сақтап қала алмай ма деген қорқынышты ой туады» деп жазылыпты. Содан бері нешеме аға буын өкілі жеңілтек жастарды «жерден алып, жерге салды» екен? Кезінде ересектерден таяқ жеген сол жеңілтек жастар қартайғанда өзінен кейінгілерді түйремесіне кім кепіл? 

Қысқаша айтсақ, соңынан ергендерге көңілі толмау тенденциясы әрқашан бола береді, мыңжылдықтан мыңжылдыққа жалғаса береді. Қазіргі таңда аға буын, орта буын былай тұрсын, жастар арасында да бір-бірін түсінбеу үрдісі белең алды. Мысалы, қазақ шоу-бизнесіне өзіндік бағыт-бағдары, бет-бейнесімен келген Ninety One тобын алайық. 

Субмәдениет деген не?

Рас, «91» тобы көгілдір экранға алғаш шыққанда қазақ эстрадасында дүмпу болды. Ұзақ жылдардан анау айтқандай өзгеріске ұшырамай келе жатқан стандарт қалыпқа үйренген көрермен «91» енгізген жаңа стильді не қабылдарын, не қабылдамасын білмей, екіұдай күйге түскені белгілі. Неге бұлай болғанына тереңірек көз жүгіртсек, алдыңыздан субмәдениет ұғымы кесе-көлденеңдейді. Субмәдениет – латыншадан дәлме-дәл аударымда «астыңғы мәдениет», ірі мәдени құрылым ішіндегі белгілі бір топтар, бірлестіктер мәдениеті дегенді білдіреді. Субмәдениет көбіне қоғамда өктем болып тұрған мәдениет пен әлеуметтік құрылымға оң немесе теріс қатынас нәтижесінде пайда болады. 

Ал, бұл жерде бірлестіктер - қоғамдық сананы өзгерткісі келген максималист жастардан құралады. Мысалы, готтар бірлестігін алайық. 1970 жылдары Ұлыбританияда панкттік қозғалыс базасында готтар субмәдениеті өмірге келген. Олар үстеріне темір-терсек киіп, беттерін инемен тескілеп, қара жамылып жүрді. Олар үшін бұдан асқан стиль жоқ. Осылайша, сол тұста готтар секілді қоғамға пайдасы жоқ маргиналды топтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейді.

«91» фильмі кассалық жетістікке қалай жетті?

Бір ай бұрын Қазақстандағы барлық кинотеатрларда «91» фильмі жүрді. Міне, дәл сол тұста әлгі фильммен шетелден бірнеше жүлде алып келген «Оралман» қатар көрсетілді. Бір қызығы, Шымкентте Kinopark кинотетрында «Оралманға» көрермен мүлдем бармады десе болады. Әр сеанста залда орта есеппен 5-10 адам отырды. Бәлкім, жарнамасы нашар болды ма екен? Себебі, «Оралман» берер тәрбиесі бар, тағылымы мол фильм еді. Әйтсе де, кинотетр көрермендерінің 80 пайызға жуығын жастар құрайтынын ескерсек, оларға «Оралман» секілді салмақты фильмдер қызықты болмаса керек. Бірен-сараны болмаса, көпшілік дем алу үшін жеңіл-желпі дүниелерді тамашалағанды қалайды.  

Ал, «Ninety one» фильміне келсек, олай дей алмайсыз. 100 мың долларға түсірілген фильм өз-өзін толық ақтады-ау деп болжам жасасаңыз болады. Себебі, зал лық толмаса да, келушілер қарасы фильм прокаттан түскенше үзілген жоқ. Залға көз жүгіртсеңіз, дені мектеп оқушылары, оның ішінде қыздар болды. Сонымен, фильмді жетістікке жеткізген – оның жанкешті жанкүйерлері. 

Өзі түсірген «Бір сен үшін» фильмі үмітті ақтамады ма, актер Азамат Сатыбалды «қазақша фильм түсірсеңіз банкрот болдым дей беріңіз. Себебі, оған жұрт бармайды. Жұрт орыс тілінде түсірілген фильмдерге ғана барады. Қазақ аудиториясы өте пассив» деген сарында ренішін білдірдіп еді. Баян Мақсатқызы да өз кітабында «Ғашық жүрек» фильмін «Меломанға» апарғанда, олар «фильм орыс тілінде емес» (шалақазақ тілде болса да) деп біраз қиғылық салғандарын жазған еді. Бұл қасаң көзқарасты «91» фильмі бұзды десе болады. 

Q-pop? Әлде K-pop?

25 жылға кері шегінсек, 1990 жылдары Оңтүстік Кореяда шаштарын түрлі түске бояп, құлақтарына сырға тағып, өзгелерге ұқсамайтын тұрпайы стильде киінетін әншілер пайда болды. Қаржылық мүмкіндікке ие болған бұл балаң әншілерге қызу қолдау көрсетіліп, олар эстрада жұлдыздарына айналды. «Қыз көзі - қызылда» демекші, әлі ой-өрісі жетіле қоймаған жасөспірім қыздар үшін  әлгі әншілер нағыз кумирге айналды. Одан кейін өзге жігіттер де сол әншілерге ұқсауға тырыса бастады. Бұл тенденция кең өріс алып, Корея республикасында «K-pop» стилі, ары қарай субмәдениеті дүниеге келді. Кейіннен бұл субмәдениет бүкіл әлемге танылды.     

Сонымен, Қазақстанда дүниеге келген «Ninety One» тобы – көшірме деп айтуға толық негіз бар. Топ «K-pop» мәдениетінің бар жақсысын бойына сіңіре білді. Бүгінде олар өте сапалы әндерімен, клиптерімен көрермендерді қуантуда. Әрине, тек образ және контент жағы түсінбеушілік тудыруда.

Бірнеше биік белестерді бағындырғасын, топ продюсері Ерболат Беделхан қызды-қыздымен «91 тобы – K-pop емес, Q-pop» (Қазақ-поп) деп те айтып жіберді. Әрине, бұл эйфориялық көңіл-күйден шыққан сөз екені белігілі. Әйтпесе, Q-pop деген стиль жоқ екені айтпаса да түсінікті.

Естеріңізде болса, осыдан бірер ай бұрын тележүргізуші Асхат Садырбай әлеуметтік желідегі парақшасына «менің мекен-жайыма боғауыз сөздер жазды» деп ренішін білдірген еді. Сөйтсек, Асхат Садырбай өз платформасында байқау өткізіпті. Байқауда екі клип қатар көрсетіліп, бірі – 120-дай дауыс, екіншісі – 6500-ден аса дауыс жинаған көрінеді. Оны Асхат скрин арқылы дәлелдеді. Скриннен көргеніміздей, 150 дауыс «Біртүрлі қыз», ал 6500 дауыс «91» тобының «Ескі таспа биі» клипіне берілген. Осыдан-ақ, елімізде «91» тобының жанкүйерлері - иглздар (eagles) өте көп екені белгілі болды. Мұндай «қалың қолы» барда, бұл топты ешқандай жау ала алмайды. Ютуб сервисінде де аталған топ түсірген клиптер миллионнан аса қаралым жинап, әрқашан үздіктер тізімінде тұратыны осының дәлелі. «91» тобы эстрадағы ескі сеңді бұзғанын, жаңа леп әкелгені айдан анық.  

Мысалы, «Ninety One» шырқайтын ән сөздері мәдениеттілікке келіңкіремейтін секілді. Мысалы, «Су асты» әнінің сөзіне мән беріп қаралық: 

Таптап бәрін, таққа бағыт тартқанмын, 

POW-POW бала талып құла, тағы талқыла - бәрі бірқалыпты 

Бәрібір қалыпты менің тәртібім-әріппен әр үнді қауып тастау, 

Енді дәріптеймін бәріне мәнін тәлім қылып ала алсаң, 

Тек түрлі былықты қылықтарың лық қылып тықты шоу-бизді су астына! 

Бәрі батты кезекпен, 

Олар тұншығады, ал бізде желбезектер! 

Бізде желбезектер, бізде желбезектер. 

Бізде желбезектер 

Қанша жерден зерттесең де 

Қанша қанша жерден зерттесең де түсінбейсің мені.  

Ал, не түсіндіңіз? Сондықтан да, көрерменге керекті-керексізді тықпалай беру қажет емес. Бұл мәдениеттілікке жатпайды. 

​Біз білмейтін жұмбақ көп
«Work and Travel» бағдарламасы туралы не білесіз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу