Біз білмейтін жұмбақ көп
Өмірдің тылсым тұстары өте көп. Кейде біз қаласақ та, қаламасақ та өмірде кездесіп қалып жатады. Тылсымдықты таңсық көретін жастар бұл дүниеден бақилық болған аруақтардың рухын шақырып өмірін болжатқызып жатады. Бұл істерінің дұрыс емес екендігін біліп тұрса да, сондай қадамдарға қызыққа жаны құмар адамдар барады. Осыған ұқсас тылсым оқиғалар ескі үйлерде де байқалып жататын көрінеді. Ендеше бастарынан осыған ұқсас жайттар өткен бірнеше кісінің оқиғаларын оқып көрейік.
Эльмира ( мұғалім):
- Өмірде тылсым күш бар деп ойлаймын. Оны жоқ деп ешкім дәлелдеген жоқ. Менің басымнан өткен бұл оқиға әлі бүгінгідей көз алдымда. Ол кезде жаңа отау құрған кезіміз. Қалаға келіп пәтер жалдадық. Төрт бөлмелі пәтерге екі жанұя қатар тұра бастадық. Үй қожайыны кетерінде ортаңғы бөлмедегі қабырғаға бекітілген сөреге тиіспеуімізді ескертті. Ол кезде оған аса мән беріп неге екенін сұрамадық. Бірде күйеуіміз екеуміз кешке қарай ол сөрені алып тастамақ болып ары-бері әурелеп көрген едік, дәп бір қабырғаға жабысып қалғандай міз бақпады. Сосын жайына қалдырған болатынбыз. Бір күні бәріміз шырт ұйқыда жатқан едік, ауыз үйден бірнәрсенің қатты құлаған, сондай-ақ ыдыс-аяқтың сынған дыбысы шықты. Қатты шошып екі жанұя мүшелері атып шықтық, қарасақ ортада күйеуім жұлқылап ала алмай қойған сөре, шегелерімен бірге қопарылып ортада жатыр, ішіндегі ыдыстар күл талқан болып сынған, ал сөренің ішінде бұрыннан тұрған кеселер бүтін күйде. Сөйтсек, бізбен көрші тұратын келіншек сөреге өз ыдыстарын қойып, ондағы кеселерді ығыстырып жинап тастаған екен. Сол күннен бастап екі үйден тыныштық кетті. Түн бола бастаса, ас үйден әлдеқандай түсініксіз дыбыстар шығып, ұйқымыз бұзылды. Бәріміз түнде бастығырылып ұйықтай алмайтын болдық. Сол үйде тылсым күштің бары анық. Содан кейін ол үйден көшіп кеттік.
Асхат (жүргізуші):
- Өмірде біз түсіндіре алмайтын тылсым күштің бары анық. Мен өзім оған сенемін. Бұл таңғажайып оқиғаны басымнан өткерген уақытта онша мән бермеген екенмін. Қазір есіме түссе таңғалысымды жасыра алмаймын. Алтынбек деген досым бар еді, қазір марқұм болып кетті. Алтынбек бәріміз бас қосып отырғанда, ол әрдайым «Жігіттер менің өлімім көлік апатынан болады, мен оны әрдайым өң мен түстің арасында жатып көрем»,- деп айтатын. Біз оған ішіп алып қайдағыны айтасың деп әзілге бұрып жіберетінбіз. Бір күні ол мені жеке шақырып алды да «Асхат бүгін мен өзімді тағы көрдім, анық көрдім. Ақ жайманың үстінде жатыр екенмін, қан жоса болып, түрімді адам танымайды. Шошып оянып едім, денеме келіп әлдене кірген сияқты болды. Досым, расымен сезіп жүрмін, маған бірдене болады»,- деп сөзін аяқтады. Оның түрінен қобалжып тұрғанын байқап, не дерімді білмей «Түс түлкінің тезегі ғой, жақсылыққа жоры» дей беріппін. Сол айтқан сөздерінен бір апта өтпей-ақ суыт хабар келіп жетті. Иә, осыған ұқсас оқиғалар жетіп артылады. Дегенмен дүниеде тылсым күштің бары анық. Ал сіз тылсым күштерге сенесіз бе?