​Айткүл Қылышбай: «Қартайған шағымда сот қаңғыртып жіберді»

Oinet.kz 22-07-2017 973

Screenshot_1.jpg

- Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы Н.Алтынбаевтың шығарған шалағай шешімінің салдарынан 15 жылға жуық уақыт тұрып келген үйімнен айырылдым. 75-ке келген шағымда енді кіші ұлыммен бірге пәтер жалдап тұруға мәжбүрмін, - деді жуырда «Рейтинг» газетіне арызданып келген шымкенттік   Айткүл Қылышбай. 

Оның айтуынша, Шардара аудандық білім бөлімінде қызмет етіп, 1998 жылы зейнеткерлікке шыққан ол күйеуі Момын Қылышбаймен және төрт баласымен Шымкентке көшіп келеді. Бекет батыр көшесінен үй сатып алады. 

-Жұбайымыз екеуіміздің арамыздағы қарым-қатынас осы кездері бұзыла бастады. Ол алдымен үйімізді банкке кепілге қойып, несие алды. Үйді сатып жіберуді де ол осы кездері жоспарлаған сияқты. 2012 жылдың 11 маусымында мен облыстық көз аурулары ауруханасына түстім. 12 маусымда маған дәрігерлер ота жасады. Ауруханадан шыққан мен тұрып жатқан үйімізді күйеуімнің маған айтпастан сатып жібергенін білдім. Басымыздағы жалғыз баспанамызды сату үшін Момын Қылышбайдың  қандай әрекеттерге барғаны да кейін белгілі болды. Жылжымайтын мүлікті сату барысында ерлі-зайыптылардың екеуінің де келісімінің қажет екендігі белгілі. Осы кедергіні айналып өтуі үшін жұбайым алдымен менімен сот арқылы ажырасады.  Еңбекші аудандық сотына арамыздағы некені бұзу туралы арыз тастайды. Істі қараған судья Н.Алтынбаев 2012 жылдың 11 маусымында екеуімізді ажырастыру туралы шешім шығарады. Кейіннен мен адваокат жалдап, сот шешімін, сот мәжілісінің хатамасымен танысып көрдім. О тоба, сот хаттамасында менің сотқа қатысып, жауап бергенім жазылыпты,-дейді арызданушы.

Өзінің айтқан сөздеріне айғақ ретінде Айткүл Қылышбай бізге Еңбекші аудандық сотының 2012 жылғы 11 маусым күні судья Н.Алтынбаевтың шығарған шешімінің және сот мәжілісі хаттамасының көшірмелерін таныстырды. Иә, расында да хаттамада мәжіліске А.Өтеулиеваның (қызық болғанда хаттамада Айткүл апай қыз кезіндегі фамилиясымен жазылып кеткен) жауапкер ретінде қатысқаны, талап арызбен толығымен келісетінін айтқаны, некені бұзуды сұранғаны, арада ешқандай мүлік дауының жоқтығын мәлімдегені жазылған. Ал арызданушы бұл кездері ауруханада жатқанын, көзіне ота жасатқанын айтып отыр. Сонда бұл қалай болғаны? Қара қылды қақ жарады деген соттың соншалықты жалғандыққа барғаны ма? 

-Заңды некені бұздырған соң, М.Қылышбай сот шешімін пайдаланып, сатушылармен алдын ала келісіп және нотариусқа жалған мәліметтер бере отырып,  ортақ меншігіміздегі баспанамызды сатып жіберген. Мен адвокат жалдап, сот шешімін бұздыруға әрекет еттім. Алайда қараша айында адвокатым «апа, сіздің арызыңызды сот қабылдамады, «крышалары» мықты адамдар екен» деді. Осыдан кейін мен М.Қылышбайдың үйді сатып алушылармен жасасқан сату-сатып алу келісім шартын бұздыру үшін сотқа талап арыз бердім. Аудандық сот талап арызымды қанағаттандырмады. Облыстық соттың апелляциялық алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Осыдан кейін облыстық соттың кассациялық алқасына шағым бердім. Істі сол кездегі облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов қарап, алғашқы соттың шешімін бұзды. Сатып алушыларға үйді босатуды міндеттеді. Алайда әділдікке қол жеткіздім ба деген қуанышым ұзаққа созылған жоқ, іс Жоғарғы сотта қайта бұзылды. 

Мен Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидің де қабылдауында болдым. Төраға «апа, жыламаңыз, сізді қартайған шағыңызда көшеде қалдырмаймыз. Бәрін заңмен шешіп береміз» деді. Қ.Мәми  2015 жылдың мамырында Шымкентке келген сапарында менің мәселем жөнінде жергілікті сот басшыларына да тапсырмалар берген көрінеді. Арада 3-4 ай өткенде қайтадан сот шешімі шықты. Бұл жолы сот М.Қылышбайдан менің пайдама 4 миллион теңге өндірілсін деген төрелік айтты. 4 миллион теңге сатылған үйден түскен қаржыдағы менің үлесім екен. Үйді сатар кезде М.Қылышбай бәрін алдын ала ойластырған сияқты. Ол баспананы 75 мың долларға сатып, ақшаның бір бөлігін банктегі несиесіне құйған. Бір бөлігіне қаладан екі бөлмелі пәтер алады. Араға бір ай салып үйді танысының баласының атына аударып жіберген. Сот орындаушылары қазіргі уақытта М.Қылышбайдан 4 миллион теңге өндіретін ешқандай мүліктің жоқтығын айтып, «қарызды енді оның зейнетақысынан ұстап отырамыз» деді. Қазіргі уақытта маған ай сайын оның зейнетақысынан 40 мың теңге түсіп тұрады. Бірақ бұл қаржыны жинап, пәтер аламыз дегенше әлі қанша уақыт қажет? Бұған менің өмірім жете ме?Шешімін мың құбылтқан сот осылайша қартайған шағымда қаңғыртып жіберді,-деді Айткүл Қылышбай. 

Арызданушының айтуынша, ол ішкі істер органдарына да шағым берген. Полиция 2016 жылы қылмыстық іс қозғаған. Алайда іс бірнеше рет қылмыс құрамы жоқ деген негізбен қысқартылған. 

P.S. Барды жоқ, жоқты бар қылып көрсеткен соттың бұл әрекетіне не деуге болады? Біз осы жөнінде Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметімен хабарласқан болатынбыз. Ондағылар Н.Алтынбаевтың қазіргі уақытта сот саласында жұмыс істемейтіндігін хабарлады. Яғни «іс бітті қу кеттінің» кері болғаны ма?

Рейтинг газеті

​Кіндік ашып, қылады кімді ғашық?
Аң аулауға тыйым салынған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу