Мұрат Тоқашбаев: «Жамбылдың домбырасын сатып алғанмын»
Мұрат Тоқашбаев, әнші, актер
Алматы облысы Шелек ауданына қарасты ашылмаған сырлары көп Жаңатұрмыс ауылының шаңын жұтып, шүйгін шөбіне аунап, мөлдір бұлағының суын ішіп өстім. Табиғаты керемет туған жерімді әрдайым мақтан тұтып жүремін. Себебі маған тәрбие мен білім берген сол өлке.
Бір жасыма жетер-жетпес әке-шешемнің дәм-тұзы жараспай, екіге айырылысып кеткен. Анамның қолында қалған менің тәрбиеме нағашы жұртым көбірек көңіл бөлді. Сабақтан шыға салысымен ата-әжемнің жанына кетіп қалушы едім. Кемпір-шалдың ерке баласы болдым. Анамның айтуы бойынша бала-бақшада жүргенімде бір қызды ұнатып қалыппын. Үйге кейде ренжіп, бұртиып келеді екенмін. Себебін сұраса «апайлар мені сол қыздың жанына отырғызбай қойды, қолынан ұстатқызбады» деп жылап қалады екенмін.
1988 жылы, алты жасымда ауылдағы Абай атындағы орта мектепке марқұм анам ертіп келді. Үстімде мектеп формасы, бір қолымда портфель, екіншісінде гүл. Ерекше сезімде болдым. Әлі есімде, бірінші сыныптың көктемі болатын. 8 наурыз мерекесіне орай анам жұмысынан сыйақы алды. Ақшаны қолымызға ұстап, аудан орталығындағы «Бақай» әмбебап дүкеніне бардық. Аралап жүріп музыкалық аспаптар сататын бөліміне кіріп кетіппіз. Сонда менің көзім бірден кішкентай домбыраға түсті. Төрт бұрышты болып келетін аспапты «Жамбылдың домбырасы» дейтін. Сол домбыраны көріп, жабыстым да қалдым. «Алып бер» деп қоймағасын анам сатып алып, мені қуантқан. Шертуді білмесем де әлгі домбыраны күнде дыңғырлатып отырамын. Содан бір күні анама «маған домбыра шертуді үйрет» деп қиғылық салдым. Шешем жұмыстан қолы босамаса да әйтеуір кешғұрым уақытта үйретіп жүрді. Домбырада ең алғаш шерткенім қазақтың халық әні «Елім-ай» еді. Анамның бұл әнді үйреткені тегін емес екен. Тәттімбеттің шертпе күйлерін шертіп елге мәлім болған әкесінің өнері анама да жұққан. Оның да «өнер баспалдағы» осы «Елім-айдан» басталыпты. Домбырамен ән-жырларды керемет айтатын. Анама еліктеп өстім десем де болады. Нағашыларымның өнері маған да дарыса керек, «слух» арқылы кез-келген әнді домбыраға қосып айта беретін болдым. Талантымды байқаған мектептегі ұстаздарым мені түрлі іс-шараларға қатыстыра бастады. Осылайша оқып жүріп өнерге қатар сусындадым.
Ауылдың қара домалақ балалары асық, ләңгі ойнаудың шебері ғой. Одан қала берді көшені басымызға көтеріп тығылмашақ, қуаласпақ ойнадық. Ол кезде қазіргідей ойыншықтың түр-түрі бола бермейтін. Атты ағаштың шыбығынан, ескі коляска, велосипедттердің дөңгелегінен машина жасап алғанымызға мәз болатынбыз. Кейде қыздарға жағаласып резинка ойнап кеткен кездеріміз де болды. Ойын баласынан бозбала шаққа ауысып, жоғары сынып оқып жүргенде бір қызға ғашық болдым. Сыныптасым қайда барса соңынан еріп, ойнап жүрсе маңайынан шықпай назарына ілігу үшін барымды салдым. Арадағы «почтальондар» арқылы хат беріп, сезімімді білдірдім. Қазір ойлап қарасам сол жылдар керемет, ұмытылмас сәттер екен ғой.
Пенде шіркінде, арман таусылған ба?! Бала күнімде асқақ екі арманым болды. Әлібек Дінішев, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов ағаларымыздың өнеріне тәнті болып өстім. Үлкен сахнада өнер көрсетсем деп қиялдадым. Екіншісі есейе келе әскери адам болғым келді. Мектеп бітірер кезде анам «Балам, Алланың саған берген өнер деген сыйы бар. Одан алыстап кете алмайсың. Ал әскери қызметкер болсаң іс-сапармен түрлі қалаларға кетіп қаласың. Біз мұнда сенсіз қайтеміз? Сағыныштан өзегім өртенеді ғой. Мені тыңдасаң, өнер жолын таңда» деп ақыл-кеңесін берді. Анамның өтінішін жерге тастамай Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы театр және кино институтының актер мамандығына (қазіргі өнер академиясы) түстім. Түске дейін теориялық сабақтар, түстен кейін актерлік шеберлік секілді мамандыққа қатысты пәндер өтетін. Екі аралықта, яғни түсте жиырма шақты студент нанға майонезді жағып жабылып жеп аламыз да біріміз кітапханаға, біріміз өзге жұмыстарымызбен кетеміз. Аудиториямыздың артында дайындыққа арналған сахна болатын. Кейде жігіттер қауымы сәл мызғып алайық деп шымылдықтың артына барып ұйықтайтынбыз. Бір күні мен де ұйқыға кеттім. Оянсам шымылдықтың арғы жағынан куратор Әубәкір Рахимовтың ғана дауысы шығып жатыр. Сөйтсем дәріс басталып кетіпті. «Қап, ұят болды-ау. Енді қалай шығамын?» деп абыржып қалдым. Тығылып отыра беруге болмайды. Қолыма нота дәптерімді алдым да сыртқы есіктен дәлізге шықтым. Дәлізден дауыстап өлең айтып аудиторияға кірдім. Мені көрген ағай «қайда жүрсің?» деді. Мен түк болмаған кейіп танытып «вокалдан келемін» дегенім сол еді, барлығы күліп жіберді. Сабақтан соң достарым «неге өтірік айтасың?» деп маған жабылып кетті. Айтуларынша бетіме матрацтың тігісінің іздері қалып қойыпты. Шашым ұйпа-тұйпа, көзім ісіп кеткен. Ұйқыдан тұрғаным білініп-ақ тұр екен. Сонда ағайдың өтірігімді әшкерелемегеніне таңқалдым, бір жағынан қатты ұялдым. Ағайымыздың күнделігіне қызықты оқиғаларды жазып жүретін әдеті бар екен. Бес жылдық кездесуде осы қылығымды күнделігінен оқып, мені бір қызартқаны бар.
Дайындаған: Айнұр Оңғарбай
Мұрағаттан, 2017 ж