Дубайда төбелескен Өзбекстанның 8 азаматы өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Oinet.kz 26-01-2026 53

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ахрор Бурханов  Біріккен Араб Әмірліктерінің соты Дубайда болған жаппай төбелеске байланысты Өзбекстанның сегіз азаматын өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарғанын мәлімдеді. Тағы бір азамат 25 жылға сотталған. Бұл туралы gazeta.uz жазады. 

image.png

Резонанс тудырған оқиға 2025 жылдың сәуір айында Дубайдағы жанармай құю бекетінде болған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Өзбекстан азаматтары қатысқан жаппай төбелес адам өлімімен аяқталған. Екі өзбекстандық қаза тапты: біреуі пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмса, екіншісі комаға түсіп, кейін ауруханада қайтыс болған.

Ұзаққа созылған тергеу мен сот процесінің нәтижесінде 2026 жылдың 21 қаңтарында БАӘ соты сегіз айыпталушыны кінәлі деп танып, ең ауыр жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімін кесті. Тағы бір фигурантқа 25 жыл түрме жазасы тағайындалды.

Өзбекстан СІМ мәлімдеуінше, қазіргі таңда елдің тиісті ведомстволары мен дипломатиялық өкілдіктері жағдайды жан-жақты зерделеп, сотталған азаматтардың құқықтарын қорғау үшін жұмыс жүргізіп жатыр.

image.png

Алайда бұл іс тек қылмыстық оқиға ретінде ғана емес, халықаралық деңгейдегі салдары бар мәселе ретінде қарастырыла бастады. Бұған дейін БАӘ билігі шетелде, соның ішінде Әмірліктер аумағында өзбекстандықтардың қатысуымен құқық бұзушылықтардың жиілеуі екі ел арасындағы визасыз режимге кері әсер етуі мүмкін екенін ашық ескерткен.

Белгілі болғандай, аталған іс бойынша бастапқыда 15 Өзбекстан азаматы ұсталған. Тергеу барысында бейнебақылау камералары мен куәгерлердің көрсетулері арқылы барлық қатысушылар анықталып, кейін өзге эмираттағы қонақүйлердің бірінен ұсталған.

Дубай прокуратурасы кейінірек қақтығыс бір-бірін бұрыннан танитын екі топ арасында болғанын, жанжалдың жеке сипаттағы ескі дауға байланысты өршігенін хабарлады. Соған қарамастан, сот жазаны жеңілдетуге негіз таппаған.

Еске салсақ, бұған дейін  Израиль раввинін өлтіру ісіне байланысты өзбекстандықтар БАӘ-де сотталып, үшеуі өлім жазасына кесілген болатын. Сол кезеңде Әмірліктер билігі көптеген Өзбекстан азаматтарын елге кіргізбей, әуежайлардан кері қайтарған еді.

Сарапшылардың пікірінше, Дубайдағы бұл үкім — жекелеген адамдарға ғана емес, шетелде жүрген барлық мигранттарға бағытталған қатаң ескерту. БАӘ билігі зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік танытып, заң бұзғандарға азаматтығына қарамастан ең ауыр жаза қолданатынын тағы бір мәрте көрсетті.

"242 млн теңге желге ұшты". Ғылым министрлігі сапасыз ойынға қатысты мәселеге жауап берді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу