Медбике мамандығына сұраныс артады

Oinet.kz 14-05-2025 42

Жаһандық денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Әсіресе медбике жетіспеушілігі біраз елдің басты мәселесіне айналды.

Screenshot_5.jpg

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген дерекке қарағанда, пандемияға дейін әлем бойынша 6 миллионнан астам мейірбике жетіспеген. Қазір бұл көрсеткіш арта түскен. Оған халықтың қартаюы, зейнет жасына таяп қалған медбикелердің көбеюі сынды факторлар әсер етуде.  Алдағы 5 жылда әлемде медбике мамандығына сұраныс артады. Әлемде 29 млн-нан астам медбике халыққа қызмет көрсетеді. Тағы 2,2 млн акушер бар. Жер шарындағы мейірбикелердің 80%-ы халық тығыз қоныстанған аймақтарда жұмыс істейді. Олардың көбі – әйел. Жалпы медицина саласындағы қызметкерлердің 67%-ы осы қыз-келіншектердің үлесінде. Бірақ соның өзінде маман тапшы. ДДСҰ келтірген мәліметке қарағанда, 2030 жылға қарай жер шарында 4,5 млн медбике жетіспейтін болады. Әсіресе Африка, оңтүстік-шығыс Азия, Латын Америкасы мен шығыс Жерорта теңізі аймақтарында байқалады. 2025 жылы 29 млн медбике 2,2 млн акушер бар 2030 жылы 4,5 млн медбике 300 мың акушер жетіспейтіні болжануда.

Медбике тапшылығы мәселесі алпауыт АҚШ-та да жылдар бойы шешімін таппай келеді. Жағдай әсіресе, пандемия кезінде қатты ушығып, медициналық жүйеге салмақ түскен. Сарапшылар маман жетіспеушілігін аймақтағы халықтың қартаюымен байланыстырады. Өйткені өңірде алпысты алқымдаған егде жастағылар көп. Бұл медициналық қызметке сұранысты арттырып отыр. Бұған қоса, қазір жұмыс істеп жүрген медбикелердің көбінің жасы 50-ден асқан. Олардың 25%-ы алдағы 5 жылда зейнетке шығады деген болжам бар. Тағы бір мәселе – медициналық оқу орындарында медбикелерді дайындайтын оқытушы тапшы. Сондықтан 2030 жылға қарай мейірбике жетіспеушілігі ұлғая түспек. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, аймаққа 1,2 млн-нан астам мейірбике қажет болады. Мұндай дағдарысты 50 штаттың 42-сі сезінеді. Ал Ресейде медициналық оқу орындарының түлектеріне талап қатаңдатыла түспек. Мысалы, Ресей медициналық университет түлектерін бір жыл ішінде жұмысқа орналасуға міндеттейтін жаңа заң жобасын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, оқу орнын бітіріп шыққан жас маман талапты орындамаса, мемлекетке оқу құнынан үш есе артық мөлшерде айыппұл төлейді. Заң келер жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Өйткені елде дәрігер мен медбике тапшылығы қатты байқалады. Мәселе, әсіресе, ауылды жерлерде өте өзекті.  

Халқы жылдам қартайып бара жатқан Жапония мейірбике тапшылығын робот арқылы шешуге ниетті. Жергілікті ғалымдар қарт адамдарды күтіп, науқастарға медициналық көмек көрсететін құлтемір құрастырып шығарды. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, келешекте тың технология адамның орнын басуы мүмкін. Сөйтіп медициналық мекемелерге робот көмекшілер келсе, маман тапшылығы мәселесі біртіндеп шешіледі деген сенімде. Бірақ бұл әзірге тек пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып отыр. Мамандар оны алдағы 5 жылда тұрақты қолданысқа енгізуді көздейді.  «Біздің мақсатымыз – 2050 жылға қарай ауруханада дәрігерлердің медициналық отадан бастап науқастарды күтуге дейінгі жұмыстарына көмектесетін ақылды құлтемір жасап шығару. Яғни саладағы мамандардың кей міндеттерін роботқа жүктемекшіміз. Қазір осы бағытта зерттеулер жүргізіп жатырмыз», – дейді Васэда университетінің профессоры Сигеки Сугано.     

Австралияда ғалымдар бұл түйткілді медбике мамандығына ер азаматтарды көбірек тарту арқылы шешуді ұсынып отыр. Олардың айтуынша, бастама саладағы кадр тұрақсыздығын реттеуге көмектеседі. Ол үшін мақсатты кәсіби бағдар беру мен түрлі қолдауды қамтитын арнайы бағдарлама қабылдау керек. Сарапшылар 2035 жылға қарай елде 70 мыңнан астам медбике жетіспейтінін болжап отыр. Ал аталған шара болашақта тұрақты әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етпек.  

Бейсенбі – Ресей мен Украина үшін қандай күн болады?
Су – қысым жасау құралы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу