Ералы Мыңбаев: «Біркөлік ғашық боласыз бір көріп»
Ералы Мыңбаев, «Біркөлік» оңалту-сауықтыру кешенінің бас дәрігері
-Ералы Төреұлы, таңдай қақтырарлық тамаша табиғаты бар, туризм саласын дамытуға өте қолайлы Төле би ауданның дәл тау баурайында орналасқан «Біркөлік» оңалту сауықтыру кешені Сіздің басшылығыңызбен халыққа нендей қызметтер көрсете алатынын көпшлікке баяндап берсеңіз.
- «Біркөлікке» кешенінде ыңғайлы жарық бөлмелерден құралған 200 орындық 2 заманауи жатын корпус және бір мезетте 50 демалушыны қабылдауға бейім жекелеген коттедждер бар. Нөмірлерде душ қабылдайсыз, дербес дәретхана жұмы істейді және жыл бойы ыстық сумен қамтамасыз етіліп тұрады. Теледидарлар, заманауи ыңғайлы жұмсақ жиһаздар қойылған демалыс холлдары да көңіліңізді көтереді. Ем кабинеттері арнайы корпустарда орналасқан. Заманға сай жабдықталған балшықпен емдейтін орын қабылдау процедурасынан, душтан, демалуға арналған 6 кабинадан тұрады. Ингалятория бөлімінде әр түрлі емдік шөптерден жасалған қайнатпадан (ингаляция) тамақты булау ем-шаралары жасалады. Сүлікпен емдеу, инемен емдеу кабинеттері де көмектесуге әзір. Алдыңғы уақытта кешен гинекологиялық және тіс емдеу кабинеттерін ашуды мақсат етіп отыр. Кешенді терапияға емдік массаж, терренкур, кіші туризм, серуен, аэротерапия, гелиотерапия, сауна, фитобочка қолданылады. Одан өзге емделушілерге бальнеологиялық, гидротерапиялық парафинмен, озокеритпен, сәулемен, саумалмен емдеу қызметтерін ұсынамыз.
- Әсем табиғат, жайлы климат демалушылардың денсаулығына айтарлықтай әсер ететін шығар?
- Әрине. Біркөлік шатқалы Тянь-Шань тауларының теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте орналасқан. Шатқалдың бойымен тас арнасын бойлай өзіне таудың бар бұлағын жинай отырып Біркөлік өзені ағуда. Өзеннің мөлдір таза салқын суы қаулап өскен көк шатқалына сіңіп, ауаны иондандырып, қоңыр салқын жел әкеледі. Берекелі таудың жамылғысы, долана, бөріқарақат, итмұрын, өрік, алма, қылқандардың тұқымдарының молшылығы кешен аумағын бактерия тоқтатқыш ретінде әсер етіп, фитоцидтермен қанықтырады. Жалпы кешен ауасы тыныс алу мүшелерін, жүрек қан-тамырлары жүйесін, орталық жүйке жүйесін сергітіп және ауырғанды жоюға мүмкіндік туғызады.
- Демалушыларды балшықпен де емдейміз дедіңіз. Бұл емдік түрінің қасиетіне кеңірек тоқталсаңыз...
- Балшықпен емдеу адамның тірек-ет аппаратының ауруларын емдеу үшін қолданылады. Мысалы, буын аурулары, ревматизм, радикулит және басқалары. Сондай-ақ гинекологиялық, урологиялық, жүйке тамырларының шеткі жүйесін емдеу үшін де өте пайдалы. Балшықпен қабыну ошақтарын резорбция ықпал қан мен лимфа ағыны жақсартады, тегіс бұлшық тонусын арттырады. Балшықпен емдеу созылмалы простатит, везикулит науқастарын емдеудің негізгі курорттық факторлары болып табылады. Соңғы жылдары қабыну аурулары мен ерлердің жыныстық жағынан бұзылуынан емдік балшықпен емдеу, елдің денсаулық сақтау курорттабасты назарда ұсталады. Балшықты Жаңақорған қаласынан жеткіземіз.
- Мұндай сауықтыру кешенінде демалып, емделуге екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. «Біркөлікте» демалудың орташа бағасы қандай және жеңілдіктер қарастырылған ба?
- Біздің бағалар халықтың әлеуметтік жағдайына қарай белгіленген. Мәселен қарапайым нөмірлер тәулігіне 6000 мың теңгеден бастап коттедж, vip коттедж, 2 орынды нөмір, жартылай люкс, люкс секілді сатыларға бөлінуіне байланысты бағалары өсіп отырады. Қысқы маусымда демалушыларға 10 пайыздық жеңілдік береміз.
- Демалушылар көп жағдайда қандай дертіне дауа тапқысы келеді?
- Демалушылар көбіне тыныс алу мүшелері ауруларымен (тыныс демікпесі, өкпе қабынуы) және жүйке жүйесі ауруларымен (жүйке тамырларының ісінуі, жүйкенің қабынуы) келіп емделеді. Сондай ақ қимыл-тірек аппаратының бұзылуы, несеп-жыныс жұйесі аурулары, ішек-қарын жолдары ауруларына шипа іздейді.
- Бүгінгі халық өз денсаулығына қаншалықты жауапты?
- Қазіргі жаңа заманның көзі ашық, көкірегі ояу адамдары өз денсаулығына немқұрайлы қарайды деп айта алмаймыз. Жылдан жылға демалушылар мен ем алушылардың саны көбейюде деп айтсақ қателеспейміз. Олардың арасында орта жастағылар, үлкен қария кісілер және жастар да аз емес. Жас талғамай кешенге келушілердің көңілінен шығуға біз де аянып қалмаймыз. Ақындарша айтсақ Біркөлік—ғашық боласыз бір көріп.
Мұрағаттан, 2016 ж