Тәжіктерді алаңдатқан теракт

Oinet.kz 27-03-2024 1085

Әлем назары ауған бұл оқиғаның себеп-салдары бойынша сарапшылар түрлі болжам айтуда. Бүгінде Мәскеу түбіндегі «Крокус Сити Холл» концерт залына шабуыл жасады деген 4 күдікті 2 айға қамауға алынды. Мәскеудегі Басман соты оларға терроризм жасады деген айып тақты. Олар өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Күдіктілердің екеуі қылмысын толықтай мойындап отыр. Сот жабық режимде өтіп жатыр. 

Screenshot_3.jpg

Бұған дейін аталған лаңкестік шабуыл бойынша 11 адамның ұсталғаны хабарланған еді. Бәрінің ісі сотқа түсті. Алдағы уақытта оларға да айып тағылады. Ресейдің қауіпсіздік күштеріне жақын сайттар жариялаған бірнеше видеолорда «Крокус Ситидегі» шабуылға күдіктілердің арасында Тәжікстан азаматтары және орыс азаматтығын алған тәжіктер де бары айтылады. Бұл орайда Тәжікстанның Ішкі істер министрлігі «Крокус Ситидегі» қанды оқиғаға тәжік азаматтарының қатысы барын терістеді. 24 наурызда тәжік Президенті Эмомали Рахмон Ресей Президенті Владимир Путинге телефон шалып, көңіл айтқан. Ол «террористерде ұлт, отан және дін болмайтынын» жеткізген. «Тәжік жағы Ресейдің ресми басшылығынан [терактіге] Тәжікстан азаматтарының қатысы туралы тарап жатқан фейк ақпараттың дәлелін әлі алған жоқ. Осы тұрғыда Ресейдің мемлекеттік органдары тарататын ресми ақпаратқа сүйенуді сұраймыз» деді Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі. 25 наурызда Ресейдің Душанбедегі елшілігінде көңіл айту кітабына алғашқылардың бірі болып жазба қалдырған Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзода «халықаралық терроризммен Ресеймен бірлесе отырып күресуге» уәде берді. 

Мәскеу түбіндегі «Крокус сити холдағы» терактіге қатысты пікірін білдірген Украина Президенті Владимир Зеленский сенбі күні кешке Ресей Президенті Владимир Путинді «терактіге кінәні Украинаға артуға тырысып жатыр» деп айыптады. Зеленский өз сөзінде терактіге Ресей билігінің ықтимал қатысын да меңзеді. «Мәскеуде кеше болған оқиғаны Путин мен өзге де оңбағандар біреудің мойнына артуға тырысып жатыр. Олардың әдістері бір. Мұндай нәрсе бұрын да болған. Жарылған үйлер мен атыстар, жарылыстар. Олар әрдайым өзгелерді кінәлайды»,– деді Украина Президенті. Ол Ресейдің өзі қазір Украинаға террор жасап отыр деп айыптады. «Олар Украина жеріне жүз мыңдаған террорисін кіргізіп, бізге қарсы соғысып жатыр. Олар елдің ішінде не болып жатқанына бас қатырмайды»,– деді Зеленский. Оның сөзінше, Украинада соғысып жатқан ресейліктер Украинада қан төкпей, өз елдерінде болғанда Ресейдегі кез келген қылмыскерді тоқтатуға шамасы жетер еді.

Бұған дейін Ресей билігі Украина жағын «террористердің Ресейден шығуына жағдай жасады» деп айыптаған болатын. «Крокус сити холлға" шабуылдағандар Украинаға өтпек болғанын және шекараға жақын маңда ұсталғанын бұған дейін Ресей ФСБ да хабарлаған. Ресейдің билікшіл және әскери телеграм-арналары Украина арнайы қызметінің "Крокус сити холдағы" шабуылға қатысы бары жөнінде болжамды таратуға тырысқан. Путин пен ФСБ-ның "жағдай жасағаны" жөнінде сөзінен бөлек, Ресей билігі ресми түрде мұндай айыптау айтпады. Киев терактіге қатысы барын терістеді. 24 наурызда Ресейде теракт құрбандарын аза тұту күні жарияланды. Ал жексенбіге қараған түні Ресей әскері Украинаның Львов облысын атқылады. Жалпы Ресей Украинаны күн сайын атқылап жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі әскери нысандарды ғана соққылап жатқанын айтқан. Алайда азаматтық инфрақұрылымның қирағаны туралы ақпаратқа ведомство түсініктеме бермейді.

Ал Ресейдегі тәжік мигранттары «Крокус сити холл» концерт залындағы оқиғадан соң өздеріне қарсы ксенофобиялық агрессия күшейіп кете ме деп алаңдайды. Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, елдің бірнеше аймағында мигранттарға қарсы әрекеттер болған. Амур облысының Благовещенск қаласында белгісіз біреулер мигранттарға тиесілі сауда павильонына өрт қойған. Қала мэрі Олег Имаеевтің айтуынша, оқиға «ұлттық негізде» болған. Калугада әлдекімдер көшеге Тәжікстанның үш азаматын ұрып кеткен. Соққы алғандардың бірі ауруханаға жеткізілген. Ресейдің түрлі аудандарында клиенттер тәжік таксистердің қызметін пайдаланудан бас тартып жатыр деген ақпарат түскен. Тәжікстанның Ресейдегі елшілігі өз азаматтарын үйлерінен шықпауға шақырған.

РФ Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәскеу облысы бойынша штаб-пәтерінің жаңартылған мәліметтері бойынша «Крокус сити холлдағы» теракт салдарынан зардап шеккендер саны 152-ге жетті. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, адамдар оққа ұшқан, біраз бөлігі өрт кезінде уланып өлген. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі 147 адам зардап шеккенін хабарлаған. Ақпарат құралдары 180-тан астам адам зардап шеккенін жазды, бірақ ақпарат ресми түрде расталмады.

«Крокус сити холл» шабуылын ұйымдастырғандар Орталық Азияда тағы бір теракт жасамақ болған – БАҚ
«Қаңғыбастың» қастандығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу