Ресейді «алаяқтар мен ұрылар» билейді деген Навальный түрмеде өлді

Oinet.kz 22-02-2024 360

Ресейдің саяси қайраткері Алексей Навальный колонияда қайтыс болды. Бұл туралы Ямало-Ненецк автономиялық округі Федералдық қылмыстық атқару қызметінің басқармасы хабарлаған. Серуеннен кейін Навальныйдың халі нашарлап, есінен танған. 

Screenshot_2.jpg

«Меніңше, Навальныйдың өліміне қамаудағы жағдай себеп болды. Оған берілген үкім өлтірумен толықтырылды», – дейді ресейлік газет редакторы, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Дмитрий Мұратов Reuters агенттігіне берген сұхбатында. 47 жастағы Навальный Ресейдегі бытыраңқы оппозицияның жетекші тұлғасына айналды. Қолдаушылары оны тіпті оңтүстікафрикалық Нельсон Манделаның орысша нұсқасы ретінде сипаттап, Навальныйдың бір күні елге басшылық ету үшін түрмеден босатылатынынан үміттенді. Оның 2021 жылы Германиядан Ресейге өз еркімен оралуы оппозицияда талай адамдарды таңқалдырған болатын. Ал Батыстың зертханалық зерттеулері оны біреулер Сібірде жүйке агентімен уландырмақ болғанын әшкерелеп берді. Бұрынғы заңгер Навальный Ресейді «алаяқтар мен ұрылар» билейді деп сипаттап, ел элитасындағы орасан жемқорлықты әшкерелеген блогтарымен көпке танылды. Ғасыр басында, яғни 2000 жылдары орыс ұлтшылдарының шерулеріне қатысты. Иммиграцияны шектеуге шақыруы мен тым ұлтшыл көзқарастары үшін ол 2007 жылы либералдық-оппозициялық «Яблоко» партиясы қатарынан шығарылды. Президент Владимир Путин бастаған элитаның шамына тиді және жоғары лауазымды шенеуніктердің өмір салты мен байлықтарын әшкереледі, осының бәрін суреттеу үшін ол интернетті, тіпті дрондарды қолданды. 2011 жылы желтоқсанда өткен сайлаудан кейін Путинге қарсы демонстрациялар басталғанда, ол тұтқындалған алғашқы наразылық акциясы жетекшілерінің біріне айналды. Навальный Ресейді саяси дүрбелеңдерге, соның ішінде революцияға душар болуы мүмкін екенін болжады. 

Ал Кремль Навальныйдың орасан зор жемқорлық пен Путиннің жеке байлығы туралы айыптауларын жоққа шығарды. Оның саяси қозғалысы заңсыз деп танылып, одақтастарының көпшілігі Ресейден қашып, қазір Еуропада тұрып жатыр. Ресей шенеуніктері Навальныйды экстремист әрі АҚШ-тың барлау агенттігінің қуыршағы деп атады. Қоғамдық митингілер ұйымдастырғаны үшін талай рет қамауға алынып, сыбайлас жемқорлық, қаржы жымқыру және алаяқтық сияқты айыптар бойынша бірнеше рет сотқа тартылды. Ол өзіне тағылған кінәлардың бәрін жоққа шығарып, олардың саяси астары барын талай мәрте мәлімдеді. Өткен жылы Ресей халқын саяси бағындыруға әрекеттенді деген айыппен тағы 19 жылға қатаң режимдегі колонияға аттандырылды.

Ресей тарапы басты оппозиционердің қазасы туралы ресми хабарлаған соң, әлемдік дәрежедегі саясаткерлер де өз пікір-ұстанымдарын жариялады. Мысалы, АҚШ Президенті Джо Байден мәлімдеме жасады. Кремль өкілі Дмитрий Песков батыстық саясаткерлердің Навальныйдың өлтірілгені туралы мәлімдемелерін «жол беруге болмайтын жалаң байбалам» деп бағалады. Жаңалық жаһанға тарасымен, Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Ростов-на-Дону, Саратов, Тольятти, Вологда, Ногинск, Белгород, Краснодар, Уфа, Томск және басқа ресейлік қалаларда саясаткердің фотосуреті жапсырылған стихиялы, бұқаралық мемориалдар пайда болып, жұрт оған гүл шоқтарын қоя бастады. Ресейлік Sota порталының хабарлауынша, күш құрылымдары гүл қоюшыларды тоқтатып, дербес деректерін жазып алуда.

Трамп Навальныйдың қазасы туралы жазба жариялап, оның өліміне кінәлілер туралы жақ ашпады
Авдеевканы алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу