Жұмыс бар, білікті маман жоқ

Oinet.kz 09-02-2024 569

Германияның жұмыс берушілері сыртқы еңбек миграция агенттігі арқылы Өзбекстан азаматтарына 50 мың бос жұмыс орнын ұсынды. Олар неміс тілі курстарына қатысуға да көмектеспек.

Screenshot_2.jpg

Gazeta.uz хабарлағандай, немістер жүргізуші, жүк тасушы және ауыл шаруашылығы техникаларын игеру, мейманхана бизнесі, ресторан ісі, туризм, қолөнер, мехатроника, құрылыс және басқа салалар бойынша бос орындар ұсынады. Теориялық және тәжірибелік білімді алмастырып, белгілі бір кәсіп бойынша терең оқыту үшін ұйымдастырылған Ausbіldung бағдарламасы арқылы жұмыс орындарының айлығы 1000 еуродан басталады. Агенттік егер қызметкер жұмыс берушімен тікелей еңбек шартына отырса, онда еңбек ақы 2000 еуродан басталатынын хабарлады. Қызығушылық білдіретіндер агенттік анкетасын толтыруы керек.

Соңғы жылдары Орталық Азия мигранттарының көбі АҚШ, Еуропа және Азияның дамыған елдеріне жұмыс істеуге ұмтылып жатыр. Осы орайда маман тапшылығына тоқтала кетсек. Деректерге жүгінсек, әлем бойынша білікті маман тапшылығы 77 пайызға жеткен. Яғни, жұмыс бар, бірақ оны істейтін білікті кадр жоқ. Сарапшылар 2030 жылға қарай кадр жетіспеушілігі 85 миллионнан асатынын айтуда. Маман жетіспегендіктен ғаламдық нарықта жыл сайын 8,5 триллион доллар игерілмей қалады. Білікті маман тапшылығына не себеп? Сарапшылар бірінші кезекте маман жетіспеушілігін заманға әкеп тірейді. Адамдар түрленген немесе жаңадан пайда болған мамандықтарды игеріп үлгермей жатыр.

Халықаралық Іnsіder Monkey зерттеу орталығы әлемдегі білікті маман ең көп жетіспейтін 10 елді анықтады. Тізімде Жапония көш бастап тұр. Күншығыс еліндегі тапшылық – 85 пайыз. Жапонияда технология, білім беру және медицина саласында қызметкер аз. Одан кейінгі Грекия, Германия мен Израильдегі көрсеткіш бірдей. Эллада еліне әсіресе туризм, құрылыс және ауыл шаруашылығы қызметкерлері қажет. Экономикасы қуатты Германиядағы компаниялардың жартысы білікті маманға мұқтаж. Неміс елінде қазір 1 миллион 800 мың білікті маманның орны бос тұр. Германия 4 күндік жұмыс күнін енгізу арқылы да маман тапшылығын шешуді көздеп отыр. Бүгінде 4 күндік жұмыс күнін 45 компания сынақтан өткізіп жатыр. Сағаты қысқарғанымен, қызметкерлердің жалақысы бұрынғы қалпында толық сақталады. Кейінгі жылдары еңбек күші жетіспегендіктен, Германияның өндірістік қуаты төмендеген. Португалияға 58 мың қызметкер қажет. Сарапшылар осы 5 елді зерттегенде білікті маман тапшылығының ең бір үлкен себебі халықтың қартаюында екенін анықтады. Жапония халқының 30 пайызы, Грекия мен Португалияның 23 пайызы, Германияның 22 пайызы, ал, Израиль тұрғындарының 12 пайызы қариялар. Бұған еңбек етуге жасы толмаған жеткіншектерді қосыңыз

Жұмысқа жарамды жастардың көбі жаңа мамандықты игеруге құлықсыз. Әлемде алдағы 5 жылда ең жоғары сұранысқа ие болатын 10 кәсіптің біріншісі – жасанды интеллект маманы. 2025 жылға қарай осы мамандық иесін қажет ететін 12 миллион жұмыс орны пайда болады. Компанияларды, бизнесті, нарықты дамытатын мамандар, одан кейін бизнесті талдайтын және ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар жоғары сұранысқа ие. Қаржы технологиясын игерген инженер де жұмыссыз қалмайды. Үздік ондыққа енген бұл мамандықтардың жетеуі тікелей цифрлық технологиямен байланысты. Диджитал деректермен жұмыс істей алатын адамдардың шоқтығы биік, әрине, сонысына қарай қалтасы да қалың болмақ. Құрылысшылар да қажет. Мысалы, алпауыт АҚШ-та биылдың өзінде 500 мың құрылысшы қажет. Ал алдағы 5 жылда денсаулық сақтау саласында 3 миллион 200 мың маман тапшы болмақ. 2030 жылға қарай Американың өндірістік қуаты бәсеңдеуі мүмкін. Өйткені бұл салаға 2 миллион 100 мың білікті адам жетіспейді. Былтыр АҚШ-та 30 миллион тұрғын жұмысынан кеткен.

Уақыт белдеуіне бағынбайтын елдер бар
Трамп Навальныйдың қазасы туралы жазба жариялап, оның өліміне кінәлілер туралы жақ ашпады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу