Жас кадрлар сенімді ақтамады
Жалпы президент Тоқаев осы жолы кадрлық ауыс түйістерді қандай қағида бойынша жасады? Тағайындаулардан, қызметтен босатулардан қандай да бір заңдылық табуға бола ма?
Бәлкім Тоқаев «Ескі Қазақстанның» кадрларынан немесе солармен байланысы барлардан біржолата құтылғысы келді ме? Жоқ. Бұл тұжырымды Аида Балаева жоққа шығарады. Көпшілік оны Назарбаевтың тәрбиелеген кадры ретінде есептейтіні жасырын емес Балаева Президент әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымынан босатылған бойда жаңадан құрылған Мәдениет және ақпарат министрінің креслосына отырды. Ол бұған дейін де Ақпарат және қоғамдық келісім министрі болған.
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың бұл қызметте ұзақ отырмайтыны биыл жазда Абай облысында болған алапат өрт пен қорықшылардың өлімінен кейін белгілі болған. Президент сонымен бірге мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловты да орнынан босатты. Сүлейменова мен Оралов түйдей құрдас (33 жаста). Ол екеуі де министр қызметіне биыл қаңтарда тағайындалған болатын. Екеуі де креслоларында тоғыз айға жетпейтін уақыт отырды. Бәлкім олар алдағы уақытта басқа қызметке тағайындалатын шығар, бірақ жас министрлер президенттің артқан сенімін ақтай алмады деуге толық негіз бар сияқты.
Ішкі істер минстрі лауазымына былтыр ақпанда тағайындалаған Марат Ахметжанов да қызымет ауыстырды. Сарапшылардың пікірінше, бұған дейін прокуратура, жемқорлыққа қарсы қызмет салаларында тер төккен Марат Ахметжан ішкі істер органдары саласын игеріп кете алмады. Ел ішінде түрлі келеңсіз оқиғалардың көбейіп кеткенін Жолдауда президенттің өзі де айтты. Ал әлемде геосаяси жағдай ушығып тұрған кезде Қазақстан үшін тыныштық, ішкі тұрақтылық ауадай қажет. Ахметжановтың орнын басқан Ержан Сәденов отыз жылдың еңбек жолында тек ішкі істер органдарында еңбек еткен. Жуырда генерал-лейтенант атағын алған. Бұған дейін ішкі істер вице-министрі болып істеген. Ахметжановтың өзі кешегі күні Ақмола облысына әкім болып барды.
Сыннан көз ашпаған ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Оның орнына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров келді. Кезінде ол ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі қызметін атқарған.
Яғни, министрдің портфельдері өз саласында тәжірибесі бар мамандарға бұйырды. Бұл ауыс-түйістің ең ұтымды жері осы болып тұр.