Ақсәуле Әлжан, тележурналист: «Бір үзім нанның бейнетпен келетінін ұқтым»
Бала күнімнен тарих пәнін сүюші едім. Әсіресе тарихи кітаптарды оқығанды жаным қалайды. Осы қызығушылығым мектеп бітіргеннен кейін менің археология және этнология мамандығын таңдауыма сеп болды. Бұл мамандық бойынша 2001-2006 жылдар аралығында Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде білім алдым. Тестке әбден дайындалып, сынақтан сүрінбей өткенде қатты қуандым. Себебі жоғарғы білімді туған жерім Орал қаласында емес, арман қала-Алматыда немесе Астанада жетілдіруді көздейтінмін.
Өзге өңірден келгесін әрине, екінші үйім жатақхана болды. «Студенттер үйінде» өткен бес жылымда мен өзіме жақын достар, жанашыр жандар мен өмірлік серігімді таптым. Сондай-ақ студентік кезең мен үшін телевизия саласына жол ашты. Нақтырақ айтқанда екінші курстан бастап Елордада ашылған «Жетінші арнада» (алғашқы атауы «Эра») жұмыс істей бастадым. Алғашқы кезде жұмыс пен сабақты қатар алып жүру оңай болған жоқ. Екі жыл бойы таңғы бағдарламаны жүргіздім. Таңғы сағат төртте ұйқымнан оянатынмын. Жетіден тоғызға дейін эфирге шығып, одан әрі беттегі макияж кетуін күтпестен автобусқа отырып сабаққа барамын. Автобусқа мінгенде «мына адамдар мені танып отыр ма екен?» деген сұрақ мен үшін қызық болатын. Кейбірі танып, сәлемдескенде аздап ыңғайсызданғаныммен іштей керемет күйге бөленіп қаламын. Сабақтан кейін жұмысқа қайта оралып, түнімен мәтін жазып, монтаждау жұмыстарымен айналысамын. Оқуды аяқтағанша менің өмірім осылайша қарбалас тіршілікпен өтті.
2300 теңге шәкіртақы алып тұрдым. Аздау болса да студенттің ары-бері жүріп-тұруына жететін. Алғашқы шәкіртақымды неге жұмсағаным есімде жоқ, мүмкін азық-түлік алған шығармын. Ал алғашқы жалақымды алған күн жадымнан шыққан емес. 17000 мың теңге қалтама сыймай, өзімді бай адам секілді сезіндім. Қанша дегенмен 17000 мың теңге студенттер үшін қомақты ақша ғой. Алайда сол айлыққа жету де оңай болған жоқ. Жұмысқа тұрған алғашқы айымда жалақы алған жоқпын. Себебі тек тәжірибе жинақтап жүрдім. Сонда түскі уақытта жұмыстың жанындағы дүкенге барып 15 теңгеге булочка алып, көшеде жеп аламын да, асханаға барып тойып келген адамдай қайта жұмысыма ораламын. Бірақ сол күндерім үшін өкінген емеспін. Керісінше бір үзім нанның өзі қаншама еңбекпен, бейнетпен келетінін ұқтым. Астана маған еңбектің нанының тәттісін ғана сезідіріп қойған жоқ, сонымен қатар оқу орнымызға қонаққа келген тұлғалармен, шетел президенттерімен, басшылармен, өнер адамдарымен жүздесуге мүмкіндік берді.
Студент жастарға төрт, бес жылды босқа өткізбей пайдалы іске жұмсауларына кеңес берер едім. Әсіресе, оқып жүріп жұмыс істеген жастар тәжірибе жинақтайды, маман болуға дайындалады. Еңбекқор жастың ертеңгі күні жұмысқа орналасуы қиындық тудырмасы анық.