Шұғайып Сезімхан, айтыскер ақын: «Нұр Отан» тіліме тиек, өнеріме шектеу қоймаса...»

Oinet.kz 11-07-2019 1786

 Screenshot_6.jpg

-         Шұғайып, бір сөзіңде «ақындар саяси  сауаттылықтан жұрдай, ізденіс жоқ» депсің, өзің қаншалықты ізденімпазсың?

-         Бұл сөзім қазақстандық ақындарға айтылмаған. Моңғолияның Баян-Өлгейінде Ер Жәнібектің 300 жылдығына орай «Алтайға ел қондырған Ер Жәнібек» атты халықаралық ақындар айтысы өткен болатын. Сол өңірдің айтыскерлері айтыс барысында ақылға қонбайтын деректерді келтірді. Ер Жәнібектің кім екендігінен, жалпы тарихтан хабарлары жоқ екені аңғарылып тұрды. Сонда айтыстың төмен дәрежеде өткеніне біраз назаланып айтқан сөзім еді. Өз басым саяси сауаттылығым керемет деп айта алмаймын. Әр айтысқа барынша дайындалып, ізденуге тырысамын.  

-         Айтыстағы мықты қарсыласың кім?

-         Қазіргі ақындардың осалы жоқ. Бекарыс Шойбеков, Ринат Зайытов, Болатек Оразбаев, Аспанбек Шұғатаев. Осылардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да кілең мықтылар. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей алдағы уақытта ұстазым Бекарыс ағамен айтысқым келеді. Әзірге  менің оған деңгейім жетіңкіремей тұр.

-         Ақындардың қиып түсер сындарынан қоғам түзеліп жатыр ма?

-         Бұрынғы  «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары  Бауыржан Байбек айтыс өнері үшін қолынан келген дүниенің бәрін жасады деп ойламын. Бес-алты сағатқа созылатын айтысқа бастан-аяқ өзі қатысып, айтыс барысында айтылған сын, ескертпе, ұсыныстарды қағазға түртіп, орындалуына уәде беретін. Уәдесін 100 пайызға орындамаса да біраз кемшіліктерді түзетті. Мәселен Тәуелсіздік мейрамы Жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып қоймауына барынша атсалысты. Ақындардың зарына бәрі бірдей құлақ аса бермейтіні рас. Дегенмен «көш жүре түзеледі» емес пе?  Қоғамдағы жайсыз жайттар бүгін айтылғанымен ертең түзеліп кете салмайды. Дегенмен біздің сөзіміз әр қазаққа ой салатыны белгілі.   

-         Қазіргі айтыс жастарды жатсынып жатқан жоқ па?

-         Жатсынып жатқан жоқ. Бірақ халық кешегі Мэлс Қосымбаев, Балғынбек Имашев, Дәулеткерей Кәпұлы, Әбдікәрім Манаповты іздейді, аңсайды. Қазір  Жүрсін ағамыз бүгінгі елдің мұңын айтып, жоғын жоқтайтын сендерсіңдер деп бізді, яғни жастарды  айтысқа жұмылдырып, республикалық додаларға қосып жатыр. Айтыс, жырсүйер қауым да жастарды өзектен теуіп жатқан жоқ, керісінше біздің тұрақты тыңдармандарымыз, іздеушілеріміз қалыптасып келе жатқанына қуаныштымын.

-         Жақында «Нұр Отан» партиясы бір топ өнер иелерін, соның ішінде айтыскер ақындарды да мүшелікке қабылдады. Тізімнің ішінде сен де бар секілдісің...

-         Ия, тізімге мені де қосқан көрінеді. Бірақ нақты қабылданған жоқпын. Егер ұсыныс түссе партия менің тіліме тиек, өнеріме шектеу қоймаса, қабыл алуға әзірмін.

-         Қазылар алқасынан кімдерді көргің келеді?

-         Айтыс табиғаты бөлек, ерекше өнер. Сондай-ақ оның айналасында шу, дау-дамайдың да орын алып тұратынын жасыра алмаймыз. Қазылардың берген бағасына кейде халық, ақындар тарапынан қарсылық танытушылар табылып жатады. Сол себепті қазылардың қатарынан нағыз айтысты түсінетін ақындарды көргім келеді. «Тура биде туған жоқ» демей ме қазақ?! Ақындарға төрелік ететін адам кім болса да турашыл, жерге, руға бөлінбейтін қасиетке ие болса  екен.

-         Кейбір діни ағымдар ақындықты, музыканы күнәға балап жатады. Бұған не дейсің?

-         Соңғы кездері ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаратын діни ағымдар белең алып кетті. Олар домбыра тарту харам, нәпсіні қоздырады, сондай-ақ көкпар ойыны малды қорлаумен тең деп санайды. Сонда кешегі ақын болып жыр жырлаған, домбыра тартып, көкпар шапқан ата-бабаларымыз,  Абай, Шәкәрімдердің күнәһар болғаны ма? Бұл елді адастырушылық деп санаймын. Мен сан ғасырдан бері қазағым ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінімізді қолдаймын. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін дінге қарсы қойып, харам деп санау дұрыс емес. Діннің тасасында дәстүр, дәстүрдің тасасында дін қалып қоймау қажет. Екеуі сабақтасып жүргенде ғана ұлт ұлттығын сақтап қала алады.  

-         Қазір жалғыз айтыспен жанбағу қиын. Айтыстан басқа нақты қызметің бар ма?

-         Алматы қаласында Жүрсін Ерман ағамыз басқарып отырған кітап музейі бар. Сонда ғылыми қызметкермін. Және де aitysker.com порталын жүргізіп отырамын. Аталмыш порталда 1984 жылдан бері қазақ ақындары  айтыстарының аудио, видео жазбалары сақталған.

Мұрағаттан, 2016 ж

Ілесбек Байжанов: «Шындықты айтқанның бәрі қас емес...»
Ержан Белғозиев, композитор: «Ондатра аулауға әуес едім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу