Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Ілесбек БАЙЖАНОВ, «Ақиқат-1» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
- Бүгінгі таңда сайлау атты дода басталып та кетті. Еліміздегі саяси партиялар үміткерлер тізімін жария етіп, сайлауалды бағдарламаларын бекітті. Осы орайда, саяси партиялардың халық арасындағы беделі туралы пікіріңіз қандай?
- Халықтың арасында партиялардың беделі мықты деп айта алмаймын. Партия халықтың арасынан, немесе халық өкілдерінің бастамасымен құрылған жоқ. Партияны халықтың арасынан шыққан белсенді азаматтар құруға талпынды, тырысты. Құрды да, бірақ оларды билік тіркеуге алмады. Биліктің ықпалымен құрылған, қазір уралап айқайлап жүрген партиялардың беделінің қандай екенін жұрт біледі. Керісінше, заңсыз істерімен саяси ұйымға деген сенімсіздікті ұлғайтқандар көп. Мысалы, «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің арасында Премьер –министрден бастап, министр, облыс, қала-аудандық деңгейдегі әкімдер, түрлі ведомство басшылары сотталып жатыр. Осындай жемқорлыққа, қылмысқа барғандары көп, әлеуметтік мәселелерді шеше алмайтын, шындықты шыңғыртып айта алмайтын партиялардың беделі ел алдында қандай болмақ? Әрине, көпке топырақ шашуға болмас. Бұл партиялар мүшелерінің арасында да жақсы, білімді, білікті, патриот азаматтар бар. Өкінішке қарай, олар тіптен аз. Кешегі ХХ ғасырдың 70 жылдарындағы коммунистік партиядай беделі бар деп айта алмаймын. Совет өкіметі құлағаннан кейін елімізде Азаматтық «Азат» қозғалысындай беделі бар қозғалыс немесе партия пайда болған жоқ. Себебі, билік ізгі ниетті бастамаларды өз қолымен тұншықтырды, кедергі жасады. Сондықтан да, қазір мықты бір саяси күштер жоқ. Ал енді қолдан жасалып, өкіметтің қаржысымен құрылған партиялар сайлауға қатысып, елге жаңалық, жақсы өзгерістер әкеледі деп, мен ойламаймын. Олардан мұндай игі нәрсені сіз де күте алмайсыз.
-Әрине сын көзбен қарап, шындықты ашық айтқан да дұрыс, бүгінге дейін атқарылған барлық істі жаман деуге немесе жоққа шығаруға да болмас. Дегенмен, өзіңіз айтып отырған кемшіліктерді болдырмас үшін сіздің ойыңызша не істемек керек?
- Саяси реформа мен өзгерістер керек. Бірінші, биліктің барлық тармағының өкілеттілігін күшейту қажет. Өкілеттілікті және жауапкершілікті күшейтпей болмайды. Шындық әрдайым және барлық жерде айтылуы тиіс. Сот ең бастысы, кімнен де болса тәуелсіз болуы керек! Өкінішке қарай, шындықты айтқандардың барлығы сотқа тартылуда немесе кездейсоқ жағдайда қайтыс болып жатыр. Қашанғы халықтың ой - пікірін тұншықтыра береді. Біздің қазақтың киелі Ұлы даласында шындық, әділеттілік пен имандылық болмай мемлекет көгермейді. Мен өткен ғасырларды, оның ішінде бес жарым мың жылдан астам бұрынғы тарихты терең зерттеп шықтым. Қандай қиямет замандар болса да қазіргідей жетімін сату, оның ішінде жат жұрттықтарға асырауға деп беру, жер сату деген болмапты. Күні кешегі жан түршігерлік оқиғаларды алыңыз. Өзінің жаңадан туған баласын «жалған намыстың» жетегіне еріп дәретханаға тастап кетушілік, әжесінің көлік ішінде дүниеге шырылдап келген немересін кіндік, жолдасымен қоса жұлып алып, асқан жауыздықпен жолға лақтырып өлтіре салуы, сегіз жасар ер баланы зорлап, әбден қинап өлтіріп, ағашқа асып қою сияқты адамның жағасын ұстатар жағдайлар болған емес. Ақпарат құралдары Шымкентте 3 жасар қыздың зорланғанын хабарлап жатыр, мұндай хайуандыққа ешқашанда бармаған халық едік. Не болды?! Мұны нағыз рухани азғынданудың, ұлттық құндылықтардың құлдырауының көрінісі емес деп кім айта алады?!. Біз осындай тәуелсіздікті аңсап па едік? Халқымыздың басынан өткен геноцидтер мен этноцидтерге әлі де әділ баға берілген жоқ! Қарапайым халық үрейден әлі арылып болған жоқ. Қоғамда құлдық пиғыл, «жалған намыс» пен асқан қатыгездік белең алып барады. Әлеуметтік жағдайлардың ушығуының басты себептерінің бірі «өсімқорлықпен» айналысқан банктерге қарыз боп, пәтерлерінен айырылып далада қалып ашынғандар мен қарыздарын төлей алмай өздерін өлімге қиғандар көбеюде.
- Қалай болғанда да кешегі төменгі палата депутаттары 4 жыл еңбек етті. Қаншама заң қабылдады. Соның ішінде заңға құлықты азамат ретінде өзіңіздің көңіліңізден шыққан, көпшіліктің оң бағасына ие болған заңдарды атай аласыз ба?
- Бұл шақырылымдағы заңдардың іліп алары жоқ. Депутаттар арасында екі-үш шақырылым қатарынан отырғандары бар. Елдегі өзекті мәселелерге оң ықпалы тиетін заң қабылдай алмады. Мысалы, 2013 жылы Байқоңырда жерімізге тіршіліктің қас жауы, ауаға шекті таралу мөлшері - 1мг/кубокилометрге тең, салмағы 200 тонналық аса улы гептил, 400 тоннаға жуық өте улы амил төгілді. Оның зардабы мен зияны туралы БАҚ - да білікті мамандар айтып та, жазып та жанайқайын білдірді. Алайда, біздің шетінен жан – жақты «білікті» де, «білімді» - деп саналатын, ылғи «универсальный солдаттардан» тұратын үкімет зардаптың өтемін талап етуге келгенде осалдық танытты, тіптен сол құлаған «протонның» зиянды зардаптарын дәлелдей де алмады. Ресей жақында Қазақстанға ешқандайда өтемақы төлемейтінін айтып, Қазақстан үкіметін айдай әлемге масқаралап, тірідей жерледі. Үкіметтің қандай дәрежедегі біліктілігін осыдан-ақ білуге болар. Бұлар болса, ешнәрсе болмағандай жайбарқат күй кешуде. Ел мүддесін қорғай алмағандар түгелімен отставкаға кетуі керек. Сол кезде тиісті орындарда отырған лауазым иелерін біліксіздіктері мен жоғарыға жалған ақпар бергені үшін жауапқа тарту қажет еді. Бізде бір емес талай «протондар» құлады. 1949 жылдан бері жерімізде 500 жүзден астам атом бомбалары сыналып, жарылған. «Байқоңыр» космодром, сынақ – ракетадром ретінде іске қосылған 1957 жылдан бері қаншама зиянды зымырандар апатқа ұшырады. Ел аумағындағы жаппай қырып жоюға арналған қаруларды сынау үшін Совет үкіметі кезінде құрылған 7 әскери - сынақ полигондары, яғни 11 миллион гектардан астам жайылымға қажетті жер Ресейге қайта берілді?! Депутаттар осы жәйттерді саралап, еліміздің мүддесі көзделген дені сау заңдар шығара алмады. Оның есесіне әйелдердің зейнетке шығу жастарын ұзартты. Қиын – қыстау замандарда Елден ығысып кеткен қандастарымызға қайта оралуға тосқауыл қойды. Еңбекшілер үшін маңызды боп саналатын «Еңбек кодексі» заңын «жаппай жекелендірудің» арқасында жаңадан пайда болған «латифундистер» мен «капиталистердің» мүддесі тұрғысында қайта өзгертіп қабылдады. Қысқасы халық арасында «қалта парламенті» аталған депутаттардан айдың жарығы пайдалы болды халыққа.
- Өңірдің, қаланың тұрғыны, сайлаушы ретінде жергілікті мәслихаттардың жұмысын қалай бағалар едіңіз?
- Облыстық, қалалық мәслихаттарда мықты азаматтар бар. Мысалы, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Жамбыл Қалауов Белорусь Президенті А.Лукашенкоға қатысты пікірін ашық айтты. Өз ойын ашық та, батыл білдіретін депутат екен деп риза болдық. Бірақ кейіннен қысым болды ма, әйтеуір ол өз сөзінен айнып қалды. Дегенмен, бұл да болса халықтың ішіндегі биліктің жүргізіп отырған саясатына аз да болса сыни көзқарасын білдіру еді.
Облыстық мәслихатта да өз ойын айта алатын азаматтар бар. Алайда, мені қынжылтатыны - облыс аумағында табиғатты бүлдіріп жатқандарға қатысты депутаттар тарапынан мәселе қозғалмайтындығы. Еліміздің жерін, өзен-көлдерінің табанын қопарып, тас-құмын алып, аң мен құсты, оның ішінде «Қызыл кітапқа» кіргізілген, жойылып бара жатқан аңдарды атып, балықтарды токпен аулап, қырып-жойып, орман – тоғайлар мен жайылымдарды өртеп табиғатқа орны толмас шығын келтіріп жатқандар бар. Соларға тыйым сала алмаудамыз. Міне осындайда халық қалаулыларының табиғатқа деген жанашырлығы, табандылығы қажет-ақ.
- Көп мәселені қозғап, көзқарасыңызды білдірдіңіз. Айтып отырған және көкейіңізде жүрген мәселелердің шешімін табар жолды көрсетіп, ұсыныстарыңызды түзсеңіз депутаттыққа үміткердің бағдарламасы болып шыға келер еді. Халық қалаулысы атану ойыңызда жоқ па?
- Біріншіден, өзіндік пікірі бар, Елдің сөзін сөйлейтін, мемлекет мүддесі тұрғысынан ойлайтын нағыз патриот азаматтарды бұл жүйе ұнатпайды. Түрлі кедергілер қойып, жақындатпауға тырысады. Тіптен «бәлеқор» деп те атайды. Оларға тек ләппайлар керек. Тіптен бұл билік мектептерді, мұғалімдерді түрлі сайлауларға араластырып, мектеп бағдарламаларын ысырып қойып, мұғалімдерден үгітшілер мен сайлау комиссияларының мүшелерін тағайындап, халқымыздың келешегіне, яғни білім жүйесіне орасан зор зияндарын тигізуде. Оның қандай зиян екенін Сіздер де, Халық та жақсы білесіздер. Сондықтанда дәл қазір «халық қалаулысы» атануға сөз қозғаудың өзі де артық қой деймін. Заман да, заңда өзгерер. Әлі талай мықты азаматтар шығар Ел ішінен. Келер күндерден үміттіміз. Алла, халқымызға Жар болсын деп тілеймін!
- Ашық пікір білдіргеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Еркін Досымбай,
Мұрағаттан, 2016 ж