«Шымкенттің әкімін ауыстыруды сұраймыз!». Петицияны жазушылар заңды білмей ме?

Oinet.kz 26-01-2023 1079

Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновты қызметінен кетіру үшін тағы да петиция жазылды. Дүйсенбіге дейін петицияны қолдап, қол қойғандардың қатары 1700-ден асты. 

Screenshot_4.jpg

Тағы да деуіміздің себебі бар. Себебі бұл үшінші мегаполис әкімінің үстінен жазылып отырған алғашқы петиция емес. Оның біріншісі былтыр қаңтар оқиғасынан кейін пайда болған. Онда қаңтардағы бүлік кезінде Шымкентте қалалық әкімдік, басқа да мәдени, кәсіпкерлік нысандар бүлінгені, осындай аласапыран кезде Әйтеновтың көрінбей кеткені баяндалды. Бұдан кейін Әйтеновтың ипподромды президенттің өзі айтқан олигополияға жақын құрылыс компаниясының мүддесі үшін талқандап тастағаны,  Шымкент жолдарындағы жағдайды одан әрі ушықтырғаны, тіпті оның кезінде  балалар алаңшалары бұзылып, оның орнына жеке клиника салынғаны да келтірілген болатын. 

-Бұл Шымкент қаласының қазіргі әкімінің толық дәрменсіздігін айғақтайтын "ерліктерінің" шағын ғана тізбесі,-деген петицияда президенттен Әйтеновті қызметінен  босатып, оның орнына шымкенттіктердің сенімі мен қолдауына ие дана саясаткерді тағайындау сұралған еді. Алайда Ақода бұл хатты елеусіз қалдырды. Былтыр қарашада өткен Президент сайлауынан кейін Тоқаев «толық дәрменсіз» Мұрат Әйтеновты қызметінде қалдырды. 

Бұл жолғы петиция «AVAAZ.org общественные петиции» деп аталатын арнайы порталда жарияланды. Тек орыс тілінде дайындалған  хатты Темирлан.К. деген азамат орналастырған.  «Шымкенттің әкімін ауыстыруды сұраймыз» деп басталған петиция авторы дәл қазіргі уақытта Шымкент қаласының коммуналдық саласында орын алып жатқан жүгенсіздіктер тізіп шыққан. Одан әрі  әкім Әйтеновтің өзінің міндетін өте нашар орындайтыны, Шымкенттің көшелеріндегі жағдай күн санап ушығып бара жатқаны сөз болады.  Коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер ойына келгенін істейді. Әсіресе, «ҚазТрансГаз» пайдаланылмаған газ үшін ақша сұрайды. Коммуналшылар көше қазуды әдетке айналдырған. Бір жерді қайта-қайта қаза береді. Қазған жерді тротуарға арналған плиталармен жауып кетеді. Хатта:

-Көшедегі жағдайды және коммуналшылардың тәртібін қадағалау қала әкімінің тікелей міндеті емес пе? Әлде оның міндеті тек ақша сауу ма? –деген сөздер де келтірілген. 

Жалпы бізде петиция жазу мәселесі Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодек арқылы реттеледі. 2021 жылы Кодекске тиісті  түзетулер енгізілген.  Осы түзетулерде Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенті Палаталары мен Үкіметінің қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату мәселесі петицияның нысанасы бола алмайтындығы келтірілген. Яғни, әкімнің үстінен жазылған петициялардан ешқандай қайран жоқ деген сөз. Сонда мұны петицияны жазушылар білмеген бе? 

Дегенмен бұл 1700 шымкенттіктің талап-тілегі, ұсыныс-пікірі далада қалады дегенді білдірмесе керек. Халықтың үніне құлақ асатын мемлекетте қоғамдық пікірмен санасу, халықтың жанайқайына назар аудару ең басты мәселе емес пе? Ақорда енді шымкенттіктердің петициясынан қандай қорытынды шығарар екен?     

"Рейтинг" газеті, 25 қаңтар, 2023 ж

Түркістандағы Назарбаев ескерткішінің ендігі тағдыры. Елдің пікірін әкімдіктегілер ескере ме?
«Қазақстанда ер адамдарды зорлау жиілей бастады»: психологтар бұл мәселенің себебін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу