Түркістандағы Назарбаев ескерткішінің ендігі тағдыры. Елдің пікірін әкімдіктегілер ескере ме?
Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Тұңғыш президент-Елбасы туралы» Заңның күші жойылды деп танылды. Осылайша 2010 жылы Назарбаевтың қарсылығына қарамастан оған «Тұңғыш президент-Елбасы» мәртебесін сыйға тартқан Парламент өзі берген атақты ақыр аяғында өзі қайтарып алды. Айтпақшы, бұл өткен аптада Президенттің жарлығымен мерзімінен бұрын тарап кеткен Мәжілістің қабылдаған ең соңғы шешімі болып қалды.
2019 жылдан бастап Назарбаевтың есімі үлкен көшелерге, даңғылдарға беру науқанына старт берілді. Тұңғыш президент саябақтары салынды. Елбасының еңселі ескерткіштерінің бой көтеруі одан бұрынырақ басталған.
Ендігі мәселе-осы нысандардың, ескерткіштердің тағдыры не болады?
Жалпы Назарбаевтың тас, қола мүсіндері елімізде 2015 жылдан кейін пайда бола бастады. 2016 жылы Алматы облысының орталығы Талдықорғанда тұңғыш президенттің еңселі ескерткіші ашылды (бұл ескерткіштің ғұмыры 6 жылға да жетпеді. Қаңтар оқиғасы кезінде оның талқандалғаны, кейін қайта қалпына келтірілмегені белгілі). 2021 жылы елбасының ескерткіші түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістанда бой көтерген.
Бұған дейін де жазғанымыздай, сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Назарбаевқа ескерткіш қою операциясына әкімдікті, «Нұр Отанды", шенеуніктерді араластырған жоқ. «Тұңғыш президентке Түркістанда ескерткіш қою керек» деген сөз алдымен Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен онлайн конференцияда «ТҮРІКСОЙ-дың бас хатшысы Билал Чакыджи деген азаматтың аузымен айтылды. Кейінен ескерткіш қою идеясының авторы бұрынғы облыс әкімінің орынбасары, бүгінде тасы өрге домалаған кәсіпкер Болатбек Әлиев екендігі белгілі болды. Осы кездері Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай ескерткіш қою идеясын Назарбаевтың қолдамағанын жария еткен еді. Алайда тұңғыш президенттің мүлдем ұнатпағанына қарамастан, ескерткіш 2021 жылдың 6 шілдесі қарсаңында Түркістандағы әкімдік ғимаратының алдына қойылды.
Былтыр қаңтар оқиғасынан кейін «Рейтинг» газетінде осы ескерткіш туралы мәселе көтердік. Идея авторы және оны сәтті жүзеге асырушы Болатбек Әлиевпен де сұхбаттасуды жоспарлаған едік. Алайда Әлиев үнсіз қалғанды жөн санады.
Енді бұл мәселеге қоғам белсенділерінің не дейтініне құлақ түріп көрейік.
Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы:
Ескерткішті алып тастау керек
- «Тұңғыш президент туралы» заңның күші жойылды. Назарбаевтан ең ақыры «құрметті сенатор» атағын да алып қойды. Экс-президенттен басқасының бәрінен айырылды. Бірақ Түркістан үшін ол кісінің істеген еңбегі бар. Түркістан әлі аудан болып тұрған кезде өзінің жарлығымен Түркістан мемлекеттік университетін құрды. Бір жылдан кейін ол қазіргі Халықаралық қазақ-түрік университеті болды. Түркістанда дүниежүзі қазақтарының құрылтайын ұйымдастырды. 2000 жылы қасиетті қаланың 1500 жылдық тойын өткізді. Билікте отырған кезінде Түркістан облысын ашты, оның орталығы етіп Түркістан қаласын бекітті. Осы сияқты Назарбаевтың Түркістанға сіңірген азды-көпті еңбектері бар. Оны айту керек.
Бірақ тірі адамға ескерткіш орнатпау керек еді. Заң бойынша адамның аты нысанға ол өлгеннен кейін бес жылдан соң беріледі. Сондықтан заңға қайшы қойылған Назарбаевтың ескерткіштерін алып тастау керек. Талдықорғандағы ескерткіштің жағдайын өздеріңізге белгілі. Қалған ескерткіштердің бәрін бір жерге жинау қажет. Оларды кейін қоя ма, қоймайды ма, оны келер ұрпақ өздері шешеді. «Елге еңбегі сіңген жақсы адам еді» десе, қайта қояр. Былтыр Қонаевтың атын Қапшағай қаласына бердік. Бір адам оған қарсы шыққан жоқ. Сол сияқты Назарбаевтың ескерткіштерінің тағдырын да уақыттың еншісіне қалдырайық.
-Осыған дейін «тірі адамға неге ескерткіш қоясыңдар?» дегенді айтқан адам болмады ма?
-Ондай пікірлерді кезінде оппозиция өкілдері айтты ғой. Бірақ дәл осы Түркістанда айтқанын естігенім жоқ.
-Білуімізше, сіз Назарбаевпен таныс-біліс болған азаматсыз...
-Иә, ол мені «досым» дейтін. Екеуіміз құрдаспыз. Ол кісі Қазақстанның басшысы болған соң, 1989 жылы партияның бастауыш ұйымдарының комитетін құрды. Өзі төрағасы болды. 19 облыстың әрқайсынан екі делегат сайланып, республикалық кеңес құрылды. Амангелді колхозының басшысы ретінде мен деп сол делегаттың бірі болдым. Әр тоқсанда Алматыға барып, Назарбаевпен 1991 жылға дейін, яғни үш жыл бірге істедік. Назарбаевтың ондағы ойы, осы бастауыш партия ұйымдары арқылы елді біріктіру болса керек. Кейін партия тараған соң бұл ұйымның мақсаттары іске аспай қалды. Сол жылдары Елбасыға:
-Арманы биік асыл ер, ұрпақтың қамын ойлайды» деген Нұреке, тәуелсіздік алған соң ел сізге сеніп, артыңыздан еріп, президент қылып сайлады. Сондықтан жұртшылық сізге елдің қамын ойлайды деп сенеді,- дегенмін. Менің бұл сөздерім кейін «Егеменге» де шыққан.
- Бүгінде көп азаматтар Назарбаевты даттап жатыр. Бұған не дейсіз?
-Мен оған қосыламын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Назарбаев өте қарапайым болатын, барлық нәрсені бізбен ақылдасты, тіпті анекдот та айтатын Барлық билік қолында болды, ешкім қарсы келген жоқ. Кейін мақтауды бастадық. «Абылай хан жолда қалады» дедік. «Нұрсұлтан, қайда барасың?», деп айтқан бір Бұқар жыру шықпады. Назарбаевтың қателіктері Қазақстан сияқты үлкен елді осындай дәрежеге жеткізді.
Балтық жағалауы елдерінде Назарбаев сияқты ұлы президенттер болған жоқ. Бірақ солар қазір Еуропадағы алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылды. Сол елдер Тәуелсіздікті бізбен қатар алған еді.
Жанысбек Өтеген, қоғам белсендісі, Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі:
Оның атын көшеден де, нысандардан да алып тастау қажет
- Назарбаевқа қойылған ескеркішті де, оның атын көшелерден, нысандардан алып тастау қажет. Неге десеңіз, мұның бәрі уақтысында заңға қайша берілген, заңғы қайшы қойылған. Өткенде біз бұл мәселені Қоғамдық кеңесте қозғағанбыз. «Назарбаевтың есімін Шымкенттегі көшеден алып тастау керек» дедік. Жиынға қатысқан билік өкілдері «әзірге асықпайық, бәрі уақтында шешіледі» деді. «Жаңа Қазақстанда» енді күтетін не бар. Қазақтың қаншама ханы жатқан Түркістанда Абылайдан басқа бірде-бір қазақтың ханына ескерткіш қойылмаған.
- Ескерткіштің кәсіпкерлердің бастамасымен қойылғаны алға тартылса ше?
- Отыз жылдан бері Шымкентте Желтоқсанның құрбаны Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш қоя алмай жүрміз. Қайраттың да «Халық қаһарманы» деген атағы бар емес пе? Ескерткіштің жобасын дайындап қойғанбыз, «өзіміз тұрғызамыз,10 соттық жер беріңдер» дедік. Алайда берілмеді. Ал көзі тірі Назарбаевқа келгенде қоя салады.
Қазір ескерткіш қою үшін Мәдениет министрлігінен рұқсат керек екен. Ержан деген азамат Қонаев пен Асқаровтың ескерткішін баяғыда дайындап қойған. Бірақ Мәдениет министрлігі қоюға рұқсат бермейді. «Стандартқа сай келмейді» деп айтатын көрінеді. Ал Орталық саябақтағы алаш арыстарына қойылған ескерткіш стандартқа сай келеді деп ойлайсыз ба?
"Рейтинг" газеті, 25 қаңтар, 2023 ж