Қаңтар қырғынынан Президент сайлауына дейін. 2022 жыл несімен есте қалды?
Пандемияның беті бері қарап, карантиннен құтылып, әдеттегіше жайшуақ болып кіріп келе жатқан барыс жылын жұлдызшылар «күрт өзгерістерге бастайтын жыл болады» деп болжап еді. Сол болжам 100 пайызға расқа шықты. Өтіп бара жатқан барыс жылы ел күтпеген, шым-шытырық оқиғалармен есте қалды. Өткенге көз жүгіртіп көрелік.
Дүниені дүр сілкінткен қаңтар
Қаңтардың басында Алматы мен Қазақстанның көптеген өңірлерінде болған оқиғалар бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Бейбіт митингілердің соңы жаппай тәртіпсіздіктерге, қылмыстарға алып келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тіпті заңға қайшы әрекетке барғандарды «содырлар», «бандиттер», «шетелде дайындықтан өткен халықаралық терроршылар» деп атады.
Бәрі де қаңтардың басында Жаңаөзенде автогаз бағасының 60 теңгеден бірден 120 теңгеге көтерілуінен басталды. Қысқа уақыттың ішінде газ құнының екі есеге қымбаттауы көпшіліктің наразылығын тудырды. Жаңаөзенде және Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында халық алаңға жиналып, ереуіл жасады. Жасыратыны жоқ, Үкімет халықтың наразылығын алдын алуға қажетті шаралардың бәрін жасады деп айту қиын. Қайта Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев сұйытылған газ бағасының көтерілуін заңды деп атап өтті. Ал оның штаттан тыс кеңесшісі Олжас Байділдиновтың:
-Газ бағасы көңілден шықпаса, қоғамдық көлікке отырыңдар,-деген сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Жаңаөзенне тұтанған жалын, өзге өңірлерде алапат өртке айналды.
Облыс орталықтарындағы наразылықтардың ақыры жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Әсіресе, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларында наразылық білдірушілер әкімдікке, «Нұр Отан» партиясының, құзырлы органдардың ғимараттарына басып кіріп, жаппай бүлдіру, өртеу әрекеттеріне барды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүлік басталған алғашқы тәуліктерде «өте батыл қимылдар жасайтынын» мәлім етті. Ол алдымен сыннан көз ашпаған Мамин үкіметінің отставкасын қабыл алды. Бұдан кейін Назарбаевтан Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын алды.
Кейінірек, Бас прокуратура осы оқиға кезінде 238 адамның қаза тапқанын мәлім етті. Олардың толық тізімі тамыз айында жарияланды. Шымкентте наразылықтар екі күнге созылды. Бұзақылар қалалық әкімдікті, оған жақын жатқан «Түркістан» сарайын, драма театрды талқандады. Әсіресе, Көрме орталығы қатты бүлінді. «Метро» сауда үйі тоналды. Көптеген көліктер өртелді. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде шымкенттік полицейлердің 20 адамды атып өлтіргені сәуір айында айтылды.
Осы оқиғадан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов орынбасарларымен бірге қамауға алынды. Оларға мемлекетке опасыздық жасады деген айыптар тағылды. Жауапкершілікке оның бірінші орынбасары, Елбасының немере інісі Сама Әбіш тартылған жоқ. Мәсімов пен оның сыбайластарының ісі жуырда сотқа түсті. Қаңтар оқиғасын кім ұйымдастырды? Бұл сұраққа осы уақытқа дейін нақты жауап жоқ.
Осы оқиғадан кейін Елбюасы Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі, ықпалы күрт төмендеді. Оның туыстары, жегжаттарының бәрі қызметтен кетті. Бірқатары қамауға алынды. Тұңғыш президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды 6 жылға сотталды. Нұр-Сұлтан қаласының атауы қайтадан Астанаға ауыстырылды.
Қаңтар оқиғасынан кейін премьерлікке Әлихан Смайылов тағайындалды. Алайда Смайылов үкіметі көпшіліктің де, Президенттің де үмітін ақтамады. Үкіметтің тағдыры келесі жылы өтетін Парламент сайлауынан кейін шешілетін сияқты.
Әйтеновке арналған петиция
Қаңтар оқиғасынан кейін Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновты орнынан босатуды сұранып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап петиция жазылды және ол осы арнайы ашылған ғаламтордағы онлайн-платформада жарияланды. Петицияны жазушылар мегаполистің басшысының «адресіне» біраз айыптаулар білдірді.
Әкімге наразылық білдірушілер бірінші кезекте Әйтеновтың Қаңтар оқиғасы кезінде көрінбей кеткені алға тартты.
-Шымкент үшін ең қиын күндері қаланың әкімі көпшілікке арналған алаңнан жоғалып, өзінің орынбасары Шыңғыс Мұқанды халыққа шығарып салды. Ал, ол әлі күнге дейін қала тұрғындары алдында Наурыз-2021 мерекесін өткізуге жарты миллиард жұмсағаны үшін есеп бермеген және шымкенттіктер арасында өте күмәнді беделге ие» деп жазылды петицияда.
Хатта Әйтеновтың бір кездері асар әдісімен салынған ипподромды жуырда президенттің өзі айтқан олигополияға жақын құрылыс компаниясының мүддесі үшін талқандап тастағаны, Шымкент жолдарындағы жағдайды одан әрі ушықтырғаны, балалар алаңшаларының бұзылып, оның орнына жеке клиника салынғаны да келтірілді. Осы кездері петиция Алмат қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың да атына жазылды. Президент Сағынтаевты қызметінен алды. Ал Әйтеновтың атына жазылған петиция елеусіз қалдырылды. Тіпті бұл петицияның артында кімдердің тұрғаны да белгісіз күйде қалды.
Жуырда өткен президент сайлауынан кейін Мемлекет басшысы өңір әкімдертін қайта тағайындап шықты. Қызметінен кетуі мүмкін дегендердің бірі Мұрат Әйткенов еді. Алайда Шымкенттің әкімі қаңтардағы петициядан да, қарашада Президент сайлауынан кейінгі кадрлық ауыс-түйістерден де аман шықты. Әйтеновтың Шымкенттің әкімі қызметіне кіріскеніне жақында 3 жыл толады.
Шөкеевтің отставкасы
Жалпы биыл Өмірзақ Шөкеев үшін сәтсіз жыл болды десек қателеспейтін шығармыз. Былтыр Түркістандағы тындырымды тірліктері үшін жалпы көпшіліктің, Елбасының алғысын алған Шөкеев үшін барыс жылы мазасыздау басталды.
Әуелі әкімдердің рейтингісінде төрден түспеген Шөкеев бұл жолы ортадан төмен орын алды. Ақыр аяғында отставкаға кетіп тынды. Бәрі ойламаған жерден болды.
Ақпанда «аса ірі көлемде пара алды» деген айыппен Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов тұтқындалды. Дәурен Махажанов Кентау қаласының әкімі қызметіне 2019 жылдың сәуірінде тағайындалған. Ол Шөкеевтің тағайындаған алғашқы және ең жақын кадрларының бірі болатын. Көргені көп, түйгені мол шенеунік десек қателеспейміз. Еңбек жолында Павлодар облысы әкімінің орынбасары, оның алдын Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамындағы мекемелерде басшылық қызметтерді атқарған. Сырт көзге орыстілді, томаға-тұйық шенеунік ретінде танылған Махажанов қып-қызыл коррупционер болып шықты.
Осыдан екі жыл бұрын қарамағындағы ауыл әкімінің сыбайлас жемқорлық қылмысынан кейін отставкіге кетуге арыз беріп, бірақ Шөкеевтің кешіріммен қызметінде қалдырылған Махажанов ірі көлемиде пара алуға оқталды деген айыппен 10 жылға сотталып кетті. Сот үкіміне қарағанда, Махажанов Кентауда жол жөндеу жұмыстарымен айналысқан компанияның басшысынан 98 мың 500 доллар (42 миллион теңге) доллар пара сұраған. Параны делдал арқылы алмақ болған. Тіпті мердігер «лақтырып кетпесін» деген ниетпен оған осыншама қаражатты қарызға бергені жөнінде нотариус арқылы келісім-шарт та жасаған. Ақыр аяғында әкімнің өзі қызмет орнында ұсталып, оны бірден Алматыға алып кетті. Тергеу амалдары да, сот та Алматыда жедел түрде жүргізілді. Іс апелляциялық алқада да тез қаралды. Сот үкімі күшіне енген соң Шөкеев тәртіпке сәйкес Тоқаевтың атына отставкіге жіберу жөнінде арыз берді. Президент көп күттірген жоқ, тамыздың аяғында облысқа жаңа әкім тағайындалды.
Осылайша былтыр ғана сарапшылар Үкіметті басқаруы мүмкін деген Өмірзақ Шөкеев карьерасын отставкамен аяқтады.
Сатыбалдының реформасы
Түркістан облысының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдыны таныстырып жату арттық. Ол бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары, оның алдын Шымкент қаласының әкімі қызметтерін атқарған. Дархан Сатыбалды облыстың 12 -інші, Түркістан облысынан бері есептегенде үшінші әкім.
Облыс әкімі қызметіне кіріскен төрт айға жуық уақыт ішінде Дархан Амангелдіұлы біраз өзгерістер жасады. Шөкевтің ең сенімді кадрларының бірі, облыс әкімінің ауыл шаруашылығы саласына бақылау жасайтын орынбасары Ұлан Тәжібаев қызметінен босатылып, оның орнына Ермек Кенжеханұлы тағайындалды. Ермек Кенжеханұлы бұған дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Бұдан кейін облыс әкімінің идеология саласына бақылау жасаған орынбасары Сәкен Қалқамановтың орнына «Аманат» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсенбай Тәжібаев тағайындалды.
Д.Сатыбалды облыстық басқармалар арасында құрылымдық өзгерістер жасады. Біраз басқармалар қысқартуға ілікті. Қысқартуға ұшыраған құрылымдардың бірі -Түркістан облысының туризм басқармасы. Жалпы, туризм басқармасы бұған дейін талай мәрте рет құрылып, талай мәрте басқа басқармаларға қосылған. Ол бірде спорт басқармасының құрамында болды. Бірде кәсіпкерлік басқармасының құрамына кірді. Бұл жолы мәдениет басқармасымен бірікті.
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен облыстық инвестиция және экспорт басқармасы қосылды. Еңбек инспекциясы басқармасы мен мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы бірікті. Осы жолғы өзгерістерде Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы мен Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының атаулары өзгермек. Қос басқарма бұрынғысынша «Түркістан облыстық білім басқармасы» және «Түркістан облыстық денсаулық басқармасы» деп аталатын болды. Екі басқарма ерекшелеу атауларды Шөкеевтің тұсында иеленген болатын.
Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Дархан Сатыбалды жылдың соңында тағы да кадрлық ауыс-түйістер жасайды. Қазірдің өзінде үш басқарманың басшысының жаңаратыны белгілі болып қалды. Бұл туралы әңгіме әлі алда болады.
Елді шулатқан Есбаев
Биыл Шымкент қаласында, Түркістан облысында шенеуніктердің жемқорлық қылмыстары үшін сотталуы жиіледі. Мәселен Келес ауданы Қошқара ауылдық округінің әкімі Қонай Бекмұратовқа қатысты үкім шықты. Сот оны сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмысы үшін кінәлі деп тапты. Үкімді апелляциялық алқа өзгеріссіз қалдырды. Осыдан кейін Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев облыс әкімінің атына отставкіге кету туралы арыз берді. Бұл Есбаевтың соңғы екі жылға жетпейтін уақыт ішінде отставкіге арызды үшінші мәрте жазуы.
Еске түсіріп көрейік, 2020 жылы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бархия Құрманалиев жер беру үшін бір азаматтан 400 мың теңге пара алып, 12 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесілді. Былтыр Келес аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ә.Кенегесов мердігерден 30 миллион теңге пара алуға оқталды деген айыппен 11,3 жылға бас бостандығынан айырылды. Аудандық әкімдіктегі қарапайым бөлім басшысының осыншама пара дәметкені көпшіліктің жағасын ұстатты. Осы екі үкім бойынша Ақментай Есбаевтың отставкіге берген арызын облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев қабылдамап еді. Биыл енді міне, тағы бір ауыл әкімі жемқорлық қылмыс бойынша кінәлі деп танылды.
Бекмұратов пен оның сыбайласына шығарған үкімге қарағанда,
2020 жылы Қошқарата ауылдық округінің бюджеттік тапсырысына сәйкес елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру, өлексе тастау (биотермиялық шұңқырлар) орнына ағымдағы жөндеу жұмыстарына деп 4 480 000 теңге, малдарды шомылдыру орнындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарына деп 3 472 000 теңге қарастырылған. Ақша ауылдық округтік әкімдігіне, дәлірегі Бекмұратовтың «қазанына» түскен. Қазынаның қаражаттарын мердігермен бірге жымқыруды Бекмұртов осы кезден бастап жоспарлаған.
Бір қызығы, Қ.Бекмұратов сот барысында мердігермен келісім шарттар жасасқанын, ешқандай құрылыс жұмыстарының басталмағанын біле тұра құжаттарға қол қойып, ақшаларын толықтай аударып жібергендігін растаған. Бірақ оның бұлай істеуіне аудан әкімінің орынбасарлары А.Жаңбырбаев пен С.Қарақұловтың ықпал еткендігін алға тартқан. Дәлірегі оған қос орынбасар «келісім шартты жаса да, ақшаларын аударып бер» деп қысым жасаған көрінеді. Осы мәлімдемеден кейін тергеу барысында Қ.Бекмұратов екі әкім орынбасарымен беттестірілген. Екі шенеунік ешқандай да ақшаның аударылғанын білмейтіндігін, ауыл әкіміне ешқандай да ықпал етпегенін, қысым жасамағанын айтып ант-су ішкенге ұқсайды. Сот үкімімен Қонай Бекмұратов үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал мердігер Ергешбаевқа 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім күшіне енген соң Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев отставкіге арыз берді.
Қазан айында облыс басшысы Дархан Сатыбалдының Келес ауданы тұрғындарымен кездесуінде осы мәселені жергілікті қоғам белсендісі Нұржүрек Махаев көтереген болатын.
«Аудан әкімі Ақментай Есбаев пен оның инфрақұрылымға жауапты орынбасары Серік Қарақұловтың отставкасын талап етеміз. Есбаевтың қол астындағы бірнеше қызметкер сыбайлас жемқорлықпен ұсталды. Қошқарата ауылдық округінің әкіміне шешім шықса, жетінші шенеунік сотталады. Біздің облыс бойынша ең мықты кадр Есбаев па? Есбаев бұған дейін облыс әкімі Шөкеевке отставкіге кету жөнінде арыз берген екен. Шөкеев қабылдамай қойыпты. Егер Есбаев отставкіге арыз берсе, сіз оны қабылдайсыз ба?»-деді Н.Махаев.
Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев дәл қазір қызметінде жоқ. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқару оның орынбасары Алмас Сексенбаевқа жүктелген. Әзірге Есбаевтың отставкасы туралы ресми мәлімет жоқ.
Референдум, сайлау және тағы сайлау
Биылғы жылдың ең басты саяси жаңалығы деп маусымда өткен референдумды және қарашада өткен Президент сайлауын айтуға болады.
5 маусымда өткен референдумда Ата заңның 33-бабына енгізілетін өзгерістерді талқыға салынды. Олар негізінен суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздеді. Өзгерістерді сайлаушылардың 77 пайызы қолдады.
1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы шешімін жария етті. Сайлау 20 қараша белгіленді. Сайлауда Қ.Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе 81,31 пайыз дауыс берілді.
Екінші орынды «Ауыл» партиясының атына түскен Жигули Дайрабаев -3,42 пайызбен алды. Қарақат Әбден 2,6 пайызбен үшінші орынды, Мейрам Қажыкен (2,53 пайыз) төртінші, Нұрлан Әуесбаев (2,22 пайыз) бесінші, ал құқыққорғаушы Салтанат Тұрсынбекова (2,12 пайыз) ең соңғы орын алды.
Енді келесі жылы Мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтуі тиіс.