Миллиардттар желге ұшты ма? Туризм басқармасы тағы тарады

Oinet.kz 18-12-2022 1312

Сайлаудан кейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әкімдікте құрылымдық өзгерістер жасағау кірісті. Бірқатар басқармалар біріккелі жатыр. Жалпы, облыста әкім жаңарған сайын басқармалардың бірін қосып, бірін бөліп дегендей, өзіне ыңғайлы жүйе жасаудың әдетке айналғалы қашан. Жоқ, мұны әдет емес, заңдылық деп қарау керек шығар. Тек әйтеуір, осы өзгерістердің салдарын қарапайым қызметкерлер тартып жүрмесе болғаны ғой. 

Screenshot_3.jpg

Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, осы аптада өтетін облыстық мәслихаттың сессиясында басқармаларға қатысты құрылымдық өзгерістер бекітіледі. Мәселе бұған дейін мәслихаттағы тұрақты комиссияларда талқыланып қойылған. Әкімдіктің алдын ала жасаған жобасы бойынша басқармалардың саны үшеуге азайып, жалпы саны 20 болады.  Қысқартуға ұшырайтын басқармалар қайсысы дейсіз ғой... 

Қысқартуға ұшырайтын басқармалардың бірі-Түркістан облысының туризм басқармасы. Жалпы, туризм басқармасы бұған дейін талай мәрте рет құрылып, талай мәрте басқа басқармаларға қосылған. Ол бірде спорт басқармасының құрамында болды. Бірде кәсіпкерлік басқармасының құрамына кірді. Бұл жолы мәдениет басқармасына қосақталғалы жатыр. 

Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алған Түркістанды туризмнің Меккесіне айналдырамыз деп  жатқан тұста туризм басқармасының дербестігіне айырылуы нені білдіреді? Осы уақытқа дейін туризм саласындағы күтілген нәтижелердің өзін-өзі ақтамағанын ба? Шөкеевтің тұсында өте көп әспеттелген туризм  басты басымдықтан айрылғалы тұр ма?

Естеріңізде болса, былтыр қарашада Ұлттық статистика бюросының мәлметіне сүйенген ақпарат құралдары 2021 жылдың алты ай ішінде Түркістанға бар-жоғы  870 ғана шетелдік турист  келгенін, Түркістандағы туризмнің әзірге нәтиже бермей тұрғанын жариялаған болатын. «Рухани астанаға салынып жатқан миллиардттардың жемісі қайда?» деген сауал елордада   өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкевке де қойылды. Алайда Шөкеев статистикада туристердің санының дұрыс есептелмегенін, Түркістанға келетін туристердің дені зияратшылар екендігін, оның үстіне пандемияға байланысты шекараның жабылғанын тартқан болатын. 

 Алайда былтыр тоғыз айдың қорытындысы бойынша да Түркістандағы  сыртқы туризмнің жағдайы оңалып кетпеді. Жоғарыда аталған бюроның таратқан ресми мәліметіне тоқталсақ, сыртқы туризм бойынша Түркістан облысы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 17 өңірдің ішінде 14-ші орын алды.  Ал ішкі туризм бойынша 9 орыннан көтеріле алмады. 

Ал биыл облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиеваның тәртіптік ісінің облыстық Әдеп кеңесінде қаралғанын біз «Рейтинг» газетінде бұған дейін де жазғанбыз. «Дөрекі сөздер айтты» деген негізбен оның үстінен Әдеп кеңесіне әлдебір азаматша арызданған. Алайда басқарма басшысы мұнымен келіспей, сотқа шағымданады.  Бірақ ол сотта да, апелляциялық алқа да ұтылған. Нәтижесінде  Әдеп кеңесінде Ахбердиеваға ескерту түріндегі  тәртіптік жаза беру ұсынылған болатын. 

Биыл мамырда облыстың сол кездегі әкімі  Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде туризм мәселесі кең  көлемде талқыланды. Осы жиында Г.Ахбердиева Үкімет тарапынан 2022 жылы Түркістан облысына келетін ішкі туристер санын 261 000 мың адамнан, шетелдік туристер санын 7200-ден асыру, ал келушілер санын 1 млн. 300 мың адамға дейін жеткізу міндеті жүктелгенін атап өткен еді. Үкімет жүктеген тапсмырмалардың қаншалықты орындалғаны білетін кез енді келді. Алайда бұл жөніндегі есепті кім береді?  Қосылған басқарманың басшысы болып кім тағайындалады? Ақбердиеваға қандай қызмет бұйырады? Әліптің артын бағып көрейік. 

Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен облыстық инвестиция және экспорт басқармасы қосылмақ. Шамасы бұл басқарма сол баяғыша кәсіпкерлік және индустриалдық инновациялық даму басқармасы деп аталатын сияқты. Бірақ атауы өзгергенімен функциялық міндеттері сол күйі қала беретіні айдан анық. Айтпақшы, кәсіпкерлік және сауда басқармасын қайбір жылдары Шымкентте аудан әкімі қызметін атқарып, осыдан кейін билікке біраз жыл үзіліс салып орылған Нұрбақыт Иманқұлов басшылық жасап келген болатын. Жасыратын не бар, Иманқұловтың басқарма басшысы ретінде есте қалатындай бір нәрсе тындырғанын байқай қоймадық.      

Ең қызығы, облыстық еңбек инспекциясы басқармасы мен облыстық  мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы біріккелі жатыр.  Еңбек инспекциясы облыстағы еңбек заңнамаларының сақталуына бақылау жасайтын мекеме.  Ал мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыс саласын инспекциялайды, осы салада лицензиялар берумен шұғылданады.  Сонда  екі басқарманы ортақтастыратын не нәрсе? Бұдан қайсысы ұтып, қайсысы ұтылады?  

Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, облыста әр әкімнің тұсында құрылымдық өзгерістер жасаудың әдетке айналғаны рас. 2014 жылдың күзінде үкіметтегі  өзгерістерден кейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов басқармалардың санын қысқартуды қолға алған болатын. Қысқартуға алдымен жастар саясаты мен тілдерді дамыту басқармалары түсті. Бұлар білім басқармасына қосылды. Өз алдына жеке басқарма болып енді шыққан туризмді апарып қайтадан кәсіпкерлік және индустриялдық даму басқармасына, ал дін істері басқармасы ішкі саясат басқармасына қосылды. Көлік коммуникация басқармасы мен энергетика басқармасы біріктірілді. 

2015 жылы, яғни арада бір жыл өтпей жатып Асқар Мырзахметов қызмет ауыстырды,  оның орнына Бейбіт Атамқұлов келді. Б.Атамқұлов келген бойда біріккен басқармаларды қайта бөлді.  Нәтижесінде дін істер басқармасы бұрынғысынша өз алдына шаңырақ көтерді. Жастар өз алдына отау алды. Энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық өз алдына,  Көлік және автомобиль жолдары басқармасы өз алдына дербес басқарма болды. 

2019 жылы облысқа Өмірзақ Шөкеев басқармалар арасындағы құрылымдық өзгерістерді батылдау жасады. Сол жылдың сәуірінде   мәслихат сессиясының шешімімен бұған дейін Түркістан облысының ішкі саясат басқармасы, Түркістан облысының дін істері басқармасы және Түркістан облысының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы болып құрылды. Кейінірек дін істері басқармасы өз алдына қайта енші алды. Ал Түркістан облысының кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық даму басқармасы керісінше екіге: Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы, Түркістан облысының инвестиция және экспорт басқармасы болып қайта құрылымдалған еді. Қысқасы, бір әкім басқармаларды біріктіреді, келесі әкімі қайта бөледі. Осылай жалғасып келе жатқанына он жылға жуықтады.  

Айтпақшы, осы жолғы өзгерістерде Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы мен Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының атаулары өзгермек. Қос басқарма бұрынғысынша «Түркістан облыстық білім басқармасы» және «Түркістан облыстық денсаулық басқармасы» деп аталатын болды. Екі басқарма ерекшелеу атауларды Шөкеевтің тұсында иеленген болатын. 

Қос басқарманың тек атауы ғана ауысады. Бірақ атқаратын қызметтері сол баяғыша қала береді. Бір қарағанда атауы ауысқанда пәлендей ештеңе жоқ сияқты. Алайда адам әлеуетті дамыту басқармасының атауымен бірге енді оған тікелей бағынатын аудандық, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімдерінің де атаулары ауысады деген сөз. Яғни, оның арғы жағында баралық мектептердің маңдайларындағы жазуларды, мөрлерді жаңарту керек деген сөз. Облыста мыңғы жуық мектеп бар. Балабақшалардың саны одан да көп. Бұған құжаттағы атауы ауысатын жүздеген медициналдық мекемелерді қосыңыз. Осының бәрі қосымша шығынды, әуре-сарсаңды қажет етеді деген сөз. Мұның бір деңіз. Екіншіден, қосылған басқармаларда  біраз штаттардың қысқаратыны айтпаса да түсінікті. Егер тақияларына тар келмесе, басқарманың басшылары мен орынбасарлары қызметсіз қалмайтын шығар. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері келіп, құрылымдық өзгерістерден  қарапайым қызметкерлер жұмыссыз қалып кетпей ме?  

Осыдан кейін басқармалар арасындағы өзгерістердің кімге тиімді, кімге пайдалы болатынын өзіңіз ойланып көріңіз. 

"Рейтинг" газеті, желтоқсан, 2022 ж

Сенат спектаклі. Жүрген жерінен өрт шығатын әкімге Парламент мандаты ойыншық па?
Қаңтар қырғынынан Президент сайлауына дейін. 2022 жыл несімен есте қалды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу