Домбыра маусымы басталды
12-04-2024
Есей Жеңісұлы: Жұмағали аға, ер жасынан астыңыз. Өнердің ащы-тұщысын татып, ыстық-суығын көріп келесіз. Бұрынғының ұстазы қандай еді? Қазір сіз сол міндетті қалай атқарып жүрсіз?
Жұмағали Маханов: Біз табалдырығын аттаған жылдар Әуезов театрының дәуірлеп тұрған кезеңі еді. Әзірбайжан Мәмбетовтің күш-қайраты толықсып, сыйлықтардың бірінен кейін бірін алып жатқан кезі. Әзірбайжан аға театр мүмкіндігінің бәрін қолданатын. Театр сахнасындағы шеңбердің ішінде жеті алаңша бар. Жоғары көтеріледі, төмен түсіп, ойық болып кетеді, жантаяды, шалқаяды дегендей, Әзекең осының бәрін дерлік іске жарататын. Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, т.б. сияқты бір-бірін қас-қабағынан түсінетін, бір бағытта ойлап, бірдей қорытынды жасай алатын замандастары болды. Бұл бір керемет шақтар еді. Қарап отырсаңыз, барлық театрдың осындай дәуірлеу кезеңі де, сосын құлдырау кезеңі де болады. Ал қазіргі кезді ол дәуірмен салыстыруға келмейді. Өйткені, қалай айтсақ та, театр деңгейі Әзекең кезіндегіден төмен. Дегенмен әр нәрсенің өз уақыты болады. Бұрынғы талаппен спектакль қойсаң, бүгінгі көрермен қабылдамауы да мүмкін. Бүгінгі психология, бүгінгі талғам, бүгінгі психология мүлде басқа нәрсені талап етуі мүмкін. Бірақ бұл бәрі құрып кетті деген сөз емес. Алыптардың ізі, стилі әлі де бар, бола да береді. Ал 90 жылдардың басындағы дағдарыс өнерге ғана емес, барлық салаға қатты әсерін тигізді. Театрға адам келмей, біз тіпті 3 мың теңгеге жұмыс істеген кездер болды. Белді-белді актерлер бинеске, жеке шаруаларға кетіп жатты. Менде де ой болған, бірақ дәл сол кезде қолымнан келетіндей басқа бизнес, іс-шаруа болған жоқ. «Өркен» газетіне қатарлас төрт-бес жігіт барып, театрдың қиындығын айтып, «біз кетпейміз» дегеніміз де есімде.
Есей Жеңісұлы: Бос, әр жерінде қадау-қадау көрермен отырған зал алдында қойылым қойып жатып не ойлайтын едіңіздер?
Жұмағали Маханов: Жүрегіміз ауыратын. Ертеңге күнге алаңдайтынбыз. Бірақ театр көпшілік орны болған соң ба, бір-бірімізді жұбататынбыз, дем беретінбіз. Нарыққа да бой үйрете бастадық. Ел шыдады, біз де шыдадық. Көшіміз қайта түзеле бастады. Көрермендер де көбейді. Театр да тірі организм. Бір спектаклі төмен деңгейде қойылып қалса, екіншісі керісінше, көрерменді көп жинауы мүмкін. Әзірбайжан ағаның соңғы қойған «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасы мен үшін спектакль эталоны іспеттес. Сондай масштабтағы қойылымдар болса деймін, күтемін.
Есей Жеңісұлы: Заман талабы басқа дейміз. Қазір нені өзгертуге болады?
Жұмағали Маханов: Әуезов театрына артылатын жүк пен сенім өте үлкен. Мысалы, Мәскеуде Кіші театр тек классикалық дүниелерді ұсына беруі мүмкін. Өйткені, сұраныс көп. Қазіргі драматургияны сахналауға да, эксперимент жасауға да Ресей астанасында театр жетеді. Біздің театрға ондай бағыт ұстануға болмайды. «Бұл Әуезов театры ғой!» деп тек қана «Еңлік-Кебек», «Қарагөздерді» ұсынып отыра беру тіпті мүмкін емес. Біз жан-жақты, бесаспап болуымыз керек. Классика да, мюзикл де, эсперимент те, тіпті керек десеңіз, балаларға арналған қойылым да болуға тиіс. «Мен басшы болсам, мына нәрсені қолға алатын едім» деп айту қиын. Бірақ заман бізден жан-жақты болуды талап етіп отыр.
Есей Жеңісұлы: Астана театрларына Алматыдан ауысқан актерлер аз емес. Бірте-бірте Алматыдағы театр аурасы, тіпті киесі дейміз бе, Астанаға ауысып кетіп жүрмей ме, қалай ойлайсыз?
Жұмағали Маханов: Жақында ғана Астанадағы Қ.Қуанышбаев театры бізге келіп кетті. Қойылымдары маған ұнады. Дұрыс айтып тұрмаған да болармын, «Ана – Жер-Ана» спектаклін көріп отырып, біздің театрдың шеберлік мектебін көргендей болдым. Өйткені, Г.Әспетова – біздің театрдан өсіп, Халық әртісі атанып кеткен өнер иесі. Бикен, Фарида апайлармен бірге сахнаға шығып, іргетасын осында мықтаған жан. Сол сияқты, Ақыш Омаров, Ләйлә Әбзелбаева, Майра Омарова, Кеңес Нұрланов, Ғани Құлжанов, Тілектес Мейрамов... бәрінен Әуезов театрының қолтаңбасы көрініп тұрады. Рас, кемеліне келген актерлердің Астанаға кетуі бізді ортайтпай жатқан жоқ. Олардың орнына келген өнер иелері кем деген сөз емес бұл. Бір кездері Мүсірепов театрынан Бақытжан Әлпейісов, Бақтияр Қожа, Ғазиза Әбдінәбиева, Болат Әбділманов, Кеңес Нұрланов – бәрі дәл сол нарық кезеңінде «әкемтеатрға» келіп, жаңа леп, жаңа тыныс қосқан-ды. Сол кезде театрдан бөлек кеткен Ерік Жолжақсынов, Әлжан Әлтаев, Нұрлан Өнербаевтардың орнын сол топ жоқтатқан жоқ. Театрға үлкен күш берді. Бұл да қан алмасу процесі сияқты, бірін-бірі толықтырып, байытып отырады.
Есей Жеңісұлы: Кино өнерінде әріптестеріңізге қарағанда көп көрінбейсіз. Неге?
Жұмағали Маханов: Институттан кейін бір-екі фильмге түскенмін. Алғаш Сәрсен Баймахановтың «У кромки лунного коратора» деп аталатын авторлық фильмінде ойнадым. Эфирден бір-ақ рет көрсетілді, қазір ОРТ мұрағатында жатыр. Сатып алу үшін көлемді қаржы керек дейді. Жанры комедия еді, мен жас мұғалімнің образын сомдадым. Ал қазір тиіп-қашты рөлдерде жүргенім рас. Бірақ үмітсіз шайтан ғана. Жақында режиссер Мұрат Бидосов қолға алған фильмде теміржолшы рөліне түсемін. Баяғыдан қалған бір сөз бар: актер өмірінің бір мәні – күту. Күте алмаған адам жанып та кетеді. Әрине, күтіп жүре берген де жақсы емес шығар. Бәрібір бір күні болмаса бір күні оң жамбасқа келетін дүние туындайды.
Есей Жеңісұлы: Ал ұлыңыз Мерейдің кинодан, әсіресе сериалдардан жиі көрініп, таныла бастағанына қалай қарайсыз?
Жұмағали Маханов: Баламның талабы жаман емес. «Көк тарландары», «Өмір өткелдері», «Айналайын» сериалдарына, бір-екі фильмге түсіп үлгерді. Әке балаға қашанда сыншы ғой. Жұрт көрмеген кемшіліктерді байқап қоямын. Өзіне айтып, ескертіп отырамын. Мерей қазір Өнер академиясының колледжінде дәріс оқып жүр. Өзінің курсы бар. Жақында Астанадан жүлде алып, Түркияға жолдама иеленіп оралды. Мерейдің өнердегі әр қадамы көз алдымда. Ал жалпы, сериал деген конвейер сияқты. Ол жерде актерліктің сапасынан гөрі, серия санына көбірек көңіл бөлініп кетеді. Өйткені, тапсырыс берген телеарна бекіткен уақытқа үлгеру керек. Ауа райының, техниканың ыңғайына қарай бір күнде үш-төрт серия түсіруге мәжбүр болатын кездер де бар. Сондайда, әрине, сапа олқы соғып жатады. Бұған біз ғана емес, Ресейдің сериалдардан түспей жүрген актерлері де қан жылайды. «Өзіміздің актерлік шеберлік мектебінің тамырына балта шауып жатырмыз» дейді олар. Дегенмен сериалдар уақыттың талабы екенін де мойындаймын. Оны да меңгеру керек. Қашып ешқайда кете алмайсың бәрібір.
Есей Жеңісұлы: Жиі қойылатын сұрақты алдыңызға мен де көлденең тартайын. Өзіңіз қызығатын, ойнағыңыз келетін, уысыңызға түспей жүрген образдар бар ма?
Жұмағали Маханов: Бұл тұрғыдан қарасақ, мен бақытты актермін. Институт қабырғасында жүрген кезде «Жапалды ойнасам ғой» деп армандайтынмын. Режиссер Жанат Қажиев маған осы рөлді ұсынды. Жаман шығарған жоқпын деп ойлаймын. Ал театрға келгендегі алғашқы рөлім – «Ақ кемедегі» бала. Әзекең маған осы образды сеніп тапсырды. Сондықтан да оның орны өнердегі өмірім үшін өте бөлек және ерекше. 22 жаста едім, 7 жасар баланың рөлін ойнау өте қиынға түсті. Әзірбайжан ағаның шеберлігінің арқасында, әріптесім Әнуар Боранбаевтың шалды керемет ойнағанының арқасында менің «балам» да есте қаларлықтай болды. Әттең, сол қойылым таспаға жазылмапты, тым құрығанда үзіндісі де жоқ. Қазір «Король Лирдегі» сайқымазақтың образына қызығып жүрмін. Бұл – сан қырлы образ. Жылап отырып күле салады, күліп отырып жылай салады, жұртты қыран-топан күлдіріп отырып, үлкен, адами сөз айтады. Өте астарлы бейне. Хемингуэйдің «Шал мен теңізіндегі» шал да – мені қызықтыратын рөл. Сахнада сөзден гөрі іс-әрекетпен көп нәрсені ұқтыратын қойылымдар көбірек қойылғанын қалаймын. Хемингуэйдің шалы осы талапқа әбден сай. Оның қимыл-әрекетімен-ақ бүгінгі қоғамның талай жарасының аузын тырнауға болады.
Есей Жеңісұлы: «Ақ кемедегі» жеті жасар балаңыз бар, «Бес бойдаққа бір тойдағы» ерке баласыз. Сахнада бала рөлімен біте қайнасып кеттіңіз. Жалпы, «бала болудан» шаршаған жоқсыз ба?
Жұмағали Маханов: «Ақ кемеден» «Абитуриентке» дейін кемі 10-15 баланың рөлін ойнаған шығармын. Бірақ ешқашан жалыққан емеспін. Баланың рөлін ойнау бәрінен де қиын. «Дос-Бедел дос» қойылымында Махмұт деген баланы ойнадым. Ол бұрынғы «балаларыма» мүлде ұқсамайтын еді. Одан шалға ауысқаным да қызық. Әзірбайжан аға «Айман-Шолпанды» қоятын болды. Актерлік құрам бекітілген тізімге қарасам, Мұрат Нұрасылов аға екеумізді шалдың рөліне жазып қойыпты. Әзекеңе келіп айтсам: «Әй, идиот (ол кісінің жақсы көрген адамына айтатын сөзі еді), қартайғанша баланың рөлін ойнап жүрмексің бе?» – дейді. Актер әр рөлді алған сайын ашыла түседі. Актер өз табиғатына жат образдарды сомдаса, ашылады. Өйткені, ол өзінің бойында жоқ нәрсені іздейді. Байқағаным осы.