Гүлмира Ақүрпекова, әнші: «Күйеуім қолдағанымен енем ән салғанымды қаламады»
- Қайсыбір жылдары Гауһар Әлімбекова, Баян Нұрмышова үшеуіңіз қосылып концерт беріп едіңіздер. Көпшіліктің көңілінен шыққан бастама неге жалғасын таппай қалды?
- Негізінен бұл идеяны әнші, продюссер Нұрлан Албан бастап, үшеуміздің басымызды қосқан еді. Шындығын айтайын әуелгіде гитараны серік еткен біздердің концертіміз соншалықты сәтті өтеді, халықтың көңілінен шығады деп ойламадық. Сахнада керемет үйлесімділік тауып, көрерменнің көзайымына айналғанымызды жұрт айтып жатты. Кейіннен тыңдармандар тарапынан «үшеуіңіз қайта концерт берсеңіздер екен» деген ұсыныстар да айтылды. Алғашқы концертті ұйымдастырушы өзіміз болмағасын бұл бастама қайта жалғасын таппай қалған шығар. Продюссерлерден де ұсыныс түскен жоқ. Жақында Мадина Ералиеваны еске алу кеші өтті. Концертті ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Майра Ілиясова апайымыз сонда маған хабарласып «үшеуің бірге шырқайтын «Наз» әнін орындап шықсаңдар» деп еді. Мен қуана келісімімді бергеніммен әріптестерімнің басын қоса алмадым. Олардың әрқайсысы жеке тұлға, жеке әнші, барлығының шаруалары бар. Сондықтан бірін тапсам бірінің қолы босамады. Сөйтіп концертке шыға алмадық. Сіздің сұрағыңызға жауапты мен былайша түйіндейін: Қазір өзімнің жеке шығармашылық кешіме дайындық үстіндемін. Ойлап қарасам өнердегі орта буынды әншілердің қатарына қосылып қалыппын. Сондықтан концерттен кейін гитарамен ән айтатын жас қыздардың арасында кастинг жүргізіп, дарыны бар жастарды сахнаға шығарғым келеді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей Алла сәтін салса шәкірт тәрбиелеу ойымда бар.
- Бүгінгі қазақ әншілеріне сын айтуышылар көп. Сіздіңше эстрадамыз мақтаудан гөрі сынауға лайықты ма?
- Сын түзелмей мін түзелмес. Қазақ эстарасына қатысты мақтау да, даттау да айтылып жатыр. Өнердің ішінде жүргесін халық бұл салаға қатысты қандай пікір айтты екен деп құлағымды түріп жүремін. Көбісінің айтатыны қазіргі әншілердің әндері де, дауыстары да бір-біріне ұқсас дейді. Мұнымен келіспеске лаж жоқ. Аға буын, орта буын әншілердің әрқайсысының өзіне тән ерекше дауыстары бар. Жүзін көрмей дауысын тыңдап-ақ кім екенін біле қоямыз. Ал жастардың дауыстарын ажырату шынында да қиын. Бір-бірінен айнымай қалған. Себебі олардың дауыстары компьютермен өңделеді де табиғилықтан ажырап қалып жатады. Екінші жиі еститін сыным таяқ лақтырсаң бір ұшы әншіге келіп тиеді дейді. Ол да рас. Бірақ мұны сын деп қабылдамау керек. Қайта сол қаптаған әншілердің арасынан нағыз өнерге берілгендері, шын таланттары іріктерілп, суырылып шығады. Қалғандары орта жолда өнер додасына ілесе алмай қалып қоя береді. Тек сол таланттар кейін танымалдығын ұстап тұрып, әрі қарай еңбек етсе деймн. Себебі бақты көтере алмайтын жандар көп.
- Жарыңызбен ажырасуыңызға өнер жолын таңдауыңыз себеп болыпты. Осы шешіміңізге өкінген сәттеріңіз болды ма?
- Өнер жолы қыз бала үшін өте ауыр, ал тұрмысқа шыққасын оның жүгі екі есеге ауырлайды екен. Мұны өз басымнан өткердім. Күйеуім Фархатпен танысқанда мен елге танылған әншінің бірі болдым. Ол бұрыннан сыртымнан бақылап жүрген екен. Кейіннен екеуміз танысып, араласа бастадық. Фархат алғашқы махаббатым болды. Бір-бірімізді ұнатып, төрт жарым жылдай жүріп, отау құрдық. Отау құрғанға дейін-ақ ол менің сахнасыз өмір сүре алмайтынымды білді. Сондықтан өнеріме тыйым салған жоқ. Бәрібір отбасылы болғасын емін-еркін жүре алмайды екенсің. Әйелдік, келіндік міндетің бар, ата-енеңнің қас-қабағына қарап жүресің, балалы боласың дегендей. Келін болып түскесін күйеуім қолдағанымен енем ән салғанымды қаламады. «Қыз кезіңде ән айтқаның жетеді. Енді үйде отырып, бала бағып, ата-енеңе қара» деді. Бұл сөздер маған ауыр тисе де отбасымның тыныштығы үшін амалдың жоқтығынан келістім. Шақырған жердің біріне де бармадым. Тек Елбасының алдында өткізген концертке ғана қатыса алдым. Біраз уақыт өнерден алшақ жүріп, қол үзіп қалдым. Бірақ енемнің дегенінен шыға алмай жүрсем де ішкі жан дүнием бұған келісе алмады. Сахнаны сағынып, шыдамым шегіне жеткенде біреуге өтірік маған шын қатты ауырып қалдым. Көңіл-күйім болмай, жаным құлазып, дел-салы күйде жүрдім. Кейін Фархат бәрін сезді білем, өнеріме балта шапқысы келмей екі жаққа айырылысуды ұсынды. Содан ешқандай ұрыс-керіссіз әрқайсысымыз өз жолымызбен кеттік. Ажырасқаннан кейін біраз қиналдым. Қанша дегенмен сүйіп қосылған жарыңнан айырылу кімге болса да оңай емес. Бірақ мені бұл қиындықтан өнерім, халқымның қошеметі алып шықты. Сол себепті өткен іске өкініш білдірген емеспін. Фархаттың мамандығы математик еді. Кейде оңашада мынадай ойға қалам: «егер ол математик емес өнер адамы болғанда мені өмірінің соңына дейін қолдап өтер ме еді, сонда жалғыздықты сезінбес пе едім» деймін. Ал кейде «онымен бірге өмір сүруді жалғастыра бергенімде келіндік міндетімді атқарып жүріп өнерді біржолата тастап кетер едім ғой» деп те ойлаймын. Не болса да, өзімді бақытты әйелдердің қатарына жатқызар едім.
- Сізді шақырған жерге таңдап баратын әнші деп естідік...
- Бұл жаман қасиет пе, әлде жақсы қасиет пе, ол жағын білмедім. Бірақ мен шақырылмаған жерге сүйресе де бармайтын әдетім бар. Енді ғана танылып жүрген кезде құрдастарым әркімге хабарласып «ән айтайыншы, мына бағдарламаға мені де шақырыңыздаршы» деп шапқылап жүретін. Өзіңді-өзің осылай сүйреген дұрыс шығар. Алайда сол кездің өзінде «мені шақырыңыздаршы» деп бірінші ұсыныс бермеппін. Кім шақырар екен деп қарап отырған жерім жоқ. Сені іздеген ортаға ғана сыйлысың, қажетсің. Бей-берекетсіз әр ортаға өзімді тықпалағанды ұнатпаймын. Мәжбүрлі түрде сахнаға шығып алып өзіңді қажетсіз, артық сезінгеннен ауыр не бар?! Кейде тыңдармандар «көрінбей кеттіңіз, теледидардан, шоу – бағдарламаларға неге қатыспайсыз?» деп сұрап жатады. Мен оларға мұның бәрі осы мінезімнің «жемісі» екенін айтамын. Ал қазір тіпті, шақырған жердің өзін таңдап баратын болғанмын.
- Фотосуреттерді жинауға әуес екенсіз...
- Ия, жалпы фотоны ұнатамын. Студент кезімде «Зенит» секілді фотоаппарат болушы еді ғой. Өзімде болмаса да соны таныстарымнан сұрап концерт, жиындарда өзімді, жақындарымды суретке түсіріп жүретінмін. Қызықты оқиға, күлкілі сәтттерді қалт жібермеуге тырысамын. Біреулер фотоны кез-келген жерге тастай салып, немқұрайлы қарап жатады. Ал мен фотоға ондай «қиянат» жасай алмаймын. Түсірген фотомды шығарып, альбомға салғанша жаным жай таппайды. Фотосуреттерді жинаудың ғана емес оларға тақырып қоюдың, комментарий жазудың «шеберімін». Студент кезімізде құрбыларыммен қыдырып жүріп, карусельде түскен суретіміз бар еді. Сол суреттің астына «алтыбақан тепкенде» деп жазып қойғам. Мен химия-биология факультетінде оқығанмын. Сонда лабораторияда түрлі приборларды ұстап түскен суретіміз болды. Ал оған мен «Менделеевтің немерелері» деген тақырып қойдым. Осы секілді барлық суреттерге дерлік тақырып қойғанмын. Альбомдарды көріп отырған адам суреттердің қай жылы, қай жерде түсірілгенін және басқа да тарихарына куә болып отырады. Фотосуреттерді өткеннен сыр шертетін «қасиеті» үшін ұнатамын. Оларға қарап қызықты күндерің есіңе түсіп, ностальгияға қанық боласың. Қазір бірталай альбом жинап қойдым.
- 8 наурыз қыз-келіншектермен қатар аналардың мерекесі. Сіздің анаңыз қандай жан еді?
- Анам он баланы өмірге әкелген батыр ана. Ол өмір бойы үй шаруасымен айналысып, жұмыс істемеген адам болса да адамгершілік қасиеттерді бойымызға сіңіріп өсірді. Ол кісі әкемді қатты құрметтейтін. Не болса да «әкең біледі, әкеңнен сұра, әкеңмен ақылдас» деп отыратын. Содан болар әкемізді асқар таудай көрдік. Бірақ әкеміз дүниеден ерте кетті. Әкем өлгенде бір әпкем мен ағам ғана үйлі-жайлы болған еді. Қалған сегізімізді анам жалғыз бағып-қақты. Мен бойжетіп қалған едім. Сонда анамның қиналғанын көріп «тезірек оқып, жұмыс істеп анама қолғабыс етуге, бауырларымның ешкімнен кем болмауына» өз-өзіме уәде берген едім. Алла тілеуімді қабыл етті, білім де алдым, ән салып жүріп, бауырларымды да аяқтан тұрғыздым. Анам қиналмасын, жыламасын деп карьерадан басқасын ойлауға мұршам болмады. Махаббат, жеке өмірді екінші орынға қойғасын тұрмысқа да кеш шықтым. Сонда анам маңдайымнан сүйіп «айналайын, сендей перзент берген Аллаға мың алғыс» деп отыратын. Қазір анам арамызда жоқ. Сағынған сәтте оның тілеуін, батасын жиі еске аламын. Мен көзі тірісінде анасының батасын алған перзент екеніме қуанамын.
- Қызыңыздан қандай үміт күтесіз?
- Жар дегенде жалғыз қызым – менің өмірім, менің байлығым. Оны тура анам сияқты тәрбиелеуге тырысып келемін. Қазір Чайковский атындағы музыкалық колледждің үшінші курс студенті. Шынымды айтсам өзімнің өнердегі қиындықтарыма қарап оны музыкадан аулақ ұстағым келіп еді. Алайда бойындағы дарыны бәрібір тесіп шығады екен, алты-жетінші сыныптан бастап музыкалық колледжге түсемін деп қоймады. Ана қашанда перзентіне ақ жол тілейді ғой. Қызыма кейін келісімімді бердім. Болашақта таңдаған жолынан адаспай, елінің сүйікті, сүйкімді әншісі болса басқа арманым жоқ. Қызыма Алладан парасатты азаматты жолықтырып, қосағымен қоса ағарғанын тілеп жүрмін.
Сұхбаттасқан: Айнұр Оңғарбай
Мұрағаттан: 05.03.2015