Аңсаған Мұстафа, суретші, илюстратор: «Суретті пайда табу мақсатында салмаймын»

Oinet.kz 16-10-2014 1258

Screenshot_5.jpg

- Жақында  тұңғыш жеке көрмеңізді өткіздіңіз. Халық еңбегіңізге қандай баға беріп жатыр?

- Көптен бері жеке көрмемді ұйымдастыруды ойлап жүрген едім. Ойым биыл жүзеге асып Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Сөйле, сурет» атты көрмемді өткіздім. Аталмыш оқу орнын таңдаған себебім онда жастар көп шоғарыланған. Көрмемді халық аз жүретін орынға қоя алмадым, себебі мен әлі аса танымал суретшілердің бірі емеспін. Сондықтан көрерменді өзім іздеп табуым керек болды. Көрмеге суреттерімнің ішінен 50-ін таңдадым. Негізгі тақырып --  әлеуметтік проблемалар. Қыз-келіншектердің арақ ішуі, үйдегі ұрыс-керістен баланың үйден қашуы, ошақ басындағы ата-ана жанжалы және осындай әр зомбылықтан балалардың психологиялық қынжылысқа түсуі деген сияқты. Ел алдында алғаш рет есеп берген көрмеме халық көп келді. Көпшілік өнерімді жоғары бағалаған секілді.  

- Сіздің туындыларыңыздың көпшілігі интернет қолданушыларының арасында кең таралған. Бұл жұмысыңызды насихаттаудың заманауи үлгісі ме, әлде басқа да себептері бар ма?

- Ия салған суреттерімнің сәтті шыққандарын фейсбуктегі парақшама салып жүремін.  Парақшамда достарыммен талқылап ой бөлісіп тұрамын. Суреттерімді ұнатқандары өзге достарына таратып жатады. Ғаламтор – насихаттың бір түрі десек те болады.  Әлеуметтік желі тек суретшілік өнерді емес, барлық саланы дамытып жатыр ғой. Қазір қай саланың маманын алып қарасаңыз да бірінші кезекте  өз дүниелерін әлеуметтік желіге салып отырады. Мәселен ақын өлеңін, журналист мақаласын, әнші бейнебаянын деген секілді. Ия ғаламтор бізді халыққа бір табан жақын ете түседі.  Мәселен мені елге танытқан да осы ғаламтор деуге болады. Егер суреттерімді әлеуметтік желілерге салып отырмағанда мені қазір көпшілік бұлай танымас еді. 

- Әр өнерпаздың төлқұжатына айналған бір туындысы болады. Сізді елге танытқан қай туынды?

- «Анам мені өлтіретін шығар » деген суретім еңбектерімнің ішіндегі ең ауыры, бірақ соған қарамастан елге кең таралып кетті. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы ол шекара асып, орыс, ағылшын, қытай, француз, поляк, қырғыз секілді он шақты тілге  аударылып үлгерді. Мені жұртқа танытқан осы сурет шығар. Ал  суреттерімнің ішінде өзіме ең қатты ұнайтыны «Көктемге дайындық» деген суретім. Әдеттегідей оны да фейсбук парақшама салған едім. Көп ұзамай суретті  ғаламторда сонау бразилиялықтардың талқылап жатқанын көріп қатты таңдандым, қуанғанмын. Ол суретте жүрегі мен миын кір жуатын машинаға салып тазартып отырған қыз бейнеленген болатын. 

- Суреттеріңізді пайда табу мақсатында сатасыз ба?

- Жоқ.  Менің картиналарым тек БАҚ-тың сұранысына ие. Яғни түрлі  сайт, газеттерге шығып, теледидардан көрсетіліп тұрады. Әзірге ешкім сатып алған емес. Себебі  мен майлы бояуларды емес тек тущты, қылқаламды  ғана қолданамын. Оның үстіне картиналарымның тақырыптары қабырғаға іліп қоюға келмейді. Пайда табу мақсатында табиғаттың көрінісін,  әдемі ыдыс-аяқ немесе сүйкімді жануарларды салуыма болады. Алайда таңдаған жолым ол емес. Әзірше. 

- Картиналарыңыздың көбісі отбасы қүндылықтарын, әрі қиындықтарын дак бейнелейді. Соған қарағанда сізді әлеуметтік тақырып қатты толғандыратын секілді. 

- Иә, осы елдің азаматы ретіне болып жатқан уақиғалар, қоғамдағы өзгерістер мені де ойландырады.  Қоғамда толғандыратын нәрселер көп қой. Әсіресе өз менталитетімізден алшақтап, батысқа  еліктеп бара жатқанымыз жаныма батады.  Қазір қыздардың тұрмыс құру жасы кейінге ысырылып бара жатқан секілді. Шет елдіктер әбден қартайғанда үйленіп, бір бала туып, соған қанағат деп өмір сүреді, ал біз қазақ халқы  өте азбыз, бізде кем дегенде бір үйде төрт бала болу керек. «Ана жылытады» деген суретімде осы тақырыпқа арқау еттім.   Жүрген жерімде жастарға осыны  үгіттеп жүруге тырысамын. Әрине тыңдайтын құлақ болса нұр үстіне нұр ғой.  

- Соған қарағанда өзіңіз көп балалы аналардың бірісіз ғой деймін...

- Әзірге үш перзентім бар. Үлкеніміз Күнекей 6 жаста, арманы аниматор болу. Ал 2 сыныпта оқитын Сұлташ автомобильге жақын, үлкен кісілер секілді дисковериді қызыға қарайды. Кенжеміз Байжігіт 1,5 жаста. Алла бұйыртса отбасымызда тағы сәбилер дүниеге келе жатар.

Қанат Мырзаханұлы: Айтыстың соңынан өсек-аяңның шұбатылып жүретіні ұнамайды
Рахат Мамырбек, журналист, саясаттанушы: ҮСТЕМДІК ПИҒЫЛЫ ҚАРСЫЛЫҚ ТУДЫРАДЫ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу