Қанат Мырзаханұлы: Айтыстың соңынан өсек-аяңның шұбатылып жүретіні ұнамайды

Oinet.kz 15-04-2019 1181

Screenshot_30.jpg 

- Қанат,  алғашқы сұрағымды айтыстағы алғашқы қарсыласың туралы сұрағым келіп отыр.

 - Айтыс өнеріне мектеп қабырғасында оқып жүргенде араласа бастадым. Сегізінші сыныпта ауданда оқушылар арасында айтыс өтетін болды. Ұстаздарым қабілетімді байқаған болу керек, жыр додасына қатысуға маған ұсыныс жасады. Мектебімнің абыройын алып шығу үшін және өзімді бір сынап көрейін деп келістім. Қарсыласым  оныншы сыныптың оқушысы екен. Аты-жөні есімде қалмапты. Сол жарыста бас жүлдені жеңіп алдым. Сондағы қуанышымда шек болмады. Сол күннен бастап айтысқа деген құмарым артты. Кейіннен Жамбыл облысында өткен жас ақындар айтысында да бас жүлдені қанжымаға байладым.   

 - Биыл магистрант атаныпсың. Алайда таңдаған мамандығың өнерден алшақтау екен. Неге?

 - Айтыс барысында әріптестерім осы сұрақты төтесінен қойып, жиі тиісіп тұрады. Ақындардың барлығы филолог болсын деген қатып қалған қағида жоқ шығар. Ақпараттық жүйелер мамандығы қазіргі заманнның талабына сай, сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Сондықтан осы саланы таңдадым, оның үстіне жаныма жақын. Қазір Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқып жүрмін.

 - Туған жерің Жамбыл өңірі болса да неліктен соңғы кездері айтысқа Алматы облысының атынан шығып жүрсің?

 - Сұрағыңыз орынды. Негізінен айтысқа енді қадам басып келе жатқанда туған жерімнің атынан шығып жүрдім. Қайбір жылдары «Хабар» арнасында «Жастар жырлайды» атты жоба жүріп жатты. Сол кезде мен Жамбыл облысының  мүддесін қорғау үшін, жерлестерімнің абыройын асқақтату үшін жобаға қатысқан болатынмын. Жобаның ережесі бойынша әр ақынға көрермендері смс арқылы дауыс берулері керек. Сонда байқағаным барлық өңірдің ақындары жерлестерінің тарапынан мықты қолдауға ие болып жатты. Ал мен Жамбыл облысынан мұндай қолдаудың жұрнағын да сезінген жоқпын. Керісінше «Қанат Алматыға көшіп кетіпті» деген қаңқу сөздер таратып, менен ат тондарын алып қашты. Неліктен бұлай жасағандарын білмедім. Жобадан кейін  мен «алматылық» болған соң туған жерімдегі бірде-бір айтысқа шақырылған жоқпын. Бірде Шымкент қаласында Төле бидің 350 жылдығы мен Абылай ханның 300 жылдығына арналған жыр бәйгесі өтті. Сонда Жамбыл облысының атынан тіркелген болатынмын. Алайда ұйымдастырушылар Жамбылдан тағы бір  ақын қатысқалы жатқанын айтып,  «сен басқа қаланың атынан шық»  деді. Амалдың жоқтығынан айтыста Алматының намысын қорғап шықтым.  

 - Сонда жерлестеріңе өкпелісің бе?

 - Жоқ, ешқандай өкпем жоқ. Себебі жақында ғана Жамбылда ұйымдастырылған бір айтысқа қатысып қайттым. Бұл менің ол өңірдегі төрт жылдан бері алғаш қатысқан айтысым болды. Жергілікті айтыскер ақын Алтынкүл Қасымбекова сол кездесуде «Қанат неге өзге қаланың атынан шығып жүрсің, сен өз туған жеріңнің атынан шығуың керек» деп маған кеңесін айтып, айтыс барысында осы мәселені қозғады. Жерлестерімнің де  бүйрегі маған қарай бұрылған секілді,  жарыстан кейін қайта жамбылдық болуға ұсыныс білдірді. Алдағы уақытта сол өңірдің намысын қорғайтын шығармын.

 - Қай ақынмен сөз таластырғанды ұнатасың?

 - Көбінше Шымкент қаласының тумасы Қажымұқан Абзаловпен айтысым сәтті шығып жатады. Екеуміз бірнеше айтыста қарсылас болдық. Әйтеуір халықтың бізге берген  бағасы жоғары болды.

 - Айтыс барысында ақындар бір-бірімен әзілдесіп, біраз жерге дейін барып қалады. Кейіннен сахнаның сыртында бір-біріне бұртиып қалатын кездері болады ма? 

 - Мұндай келеңсіздіктер өз басымнан өтпепті, өтпесін деп тілейін. Басқа ақындардың арасындағы араздықты да байқамаппын. Жалпы әріптестерім  сыйластығын өнерде де, өмірде де жоғалтқан емес.   

 - Бүгінгі айтыста саған не ұнамайды?

 - Қазір жас ақындардың айтысына көңіл бөлінбей кетті. Әр түкпірде талантты ақындар жүргенімен оларға бағыт-бағдар беретін, сахнаға тартатын адам немесе ұйым жоқ. Дегенмен соңғы кездері «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жыр додалары өтіп жүр. Ұйымдастырушылар әр айтыста жас есімдерді, жас дарындарды қосуға тырысып жүр. Бұл игі бастама деп ойлаймын. Сондай-ақ, бүгінгі айтыста маған ұнамайтыны айтыстың соңынан өсек-аяңның шұбатылып жүретіні. 

 - Бүгінде әріптестеріңнің арасында түрлі партияға мүше болып жатқандар көп, сен де партияда мүшелікте барсың ба?

 - Жоқ, ешқандай партияның мүшесі емеспін.

 - Ұсыныстар түсіп жатса қабыл алар ма едің?

 - Бұл сұрақтың жауабын алдағы уақыттың еншісіне қалдырайын.

 - Ақындар саясатты жиі сынайды. Болашақта саясатқа араласуға қалай қарайсың?

 - Қарсы емеспін. Себебі саясатты сыртынан жырлап жүргенше ішінен еніп, көзбен көріп айтқан артық емес пе?

Мұрағаттан: 09.10.2014


Жалғас Толғанбай: «Тарихи тұлғаларды сомдағым келеді»
Аңсаған Мұстафа, суретші, илюстратор: «Суретті пайда табу мақсатында салмаймын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу