Бауыржан Исаев: «Мені Мәскеуге көшіп кетті деу бос сөз»
- Өткен жылы Алматы қаласында есеп беру кешіңізді бердіңіз. Алғашқы концертіңіздің араға 17 жыл салып өтуіне не себеп болды?
- Соңғы кездері «Бауыржан Исаев көрінбей кетті, Мәскеуге көшіп кетіпті» деген сыңайдағы сыбыстарды жиі естіп жүр едім. Бірақ мұның бәрі бос сөз, мен ешқайда кеткен жоқпын. Өнер жолына аяқ басқалы бері халыққа есеп бермегенім рас. Оның бірден-бір себебі он жылға жуық уақытым білім алумен өтті. Бірінші Шымкент қаласындағы саз колледжінде дәріс алдым, кейіннен Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда аспирантураны бітірдім. Содан соң біраз шетелдерде білімімді жалғастырдым. Елге оралған соң шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болдық. Осылайша тіршіліктің қамымен біраз жыл тағы жүріп қалдым. Оның үстіне өздеріңіз білесіздер Алматы қаласында концерт беру үлкен қаржыны талап етеді. Халықтың мені іздеуін, сұранысын байқап осыдан екі үш жыл бұрын шығармашылық кешімді өткіземін деп жоспарлаған-ақ едім. Алайда қалтам жұқалау болып қаржы жетпей қалды. Сөйтіп жүріп жоспарымды жүзеген асыру өткен жылдың еншісіне бұйырды. «Ата-анама арнау» деген атпен өткен концертіме Бибігүл Төлегенова, Нағима Есқалиева, Роза Рымбаева секілді атақты өнер иелері қатысты. Кештен кейін жұрт ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырып жатқан кезде мойнымнан ауыр жүк түскендей болды. Концерттің алдында елге бар екенімді білдіріп қояйын деп екінші альбомымды жарыққа шығарған болатынмын. Алғашқы ән жинағым 1998 жылы жарық көрген еді. Алла қаласа келесі жылы Астана қаласында тағы концерт беріп, біраз өңірлерді араласам деген ниетім бар және тағы бір альбомымды жарыққа шығармақпын.
- Қазір шығармашылықпен қатар ұстаздық қызметті де қатар алып жүр екенсіз...
- Ия, ол рас. Осыдан бір жыл бұрын Алматыдан Елордамыз Астанаға қоныс аудардым. Азды-көпті білгенімді жастарға беру үшін Қазақ Ұлттық өнер университетіне жұмысқа орналастым. Қазір эстрадалық вокал саласы бойынша дәріс беремін.
- Қандай ұстазсыз?
- Әрине талапшылмын. Бірақ қаталмын деп айта алмаймын. Себебі мен адамдарға тез бауыр басып қаламын. Сондықтан болар студенттерім мені жақсы көреді.
- Өмірде, өнерде әділетсіздікке жиі ұшырап тұрасыз ба?
- Өмірде әділетсіздікті көп көрдім деп айта алмаймын. Дегенмен өнер жолында ондай жәйттар кездесіп тұрды. Әсіресе, конкурс кезінде. Мәскеу қаласында өткен орыс романсиадасы орындаушыларының халықаралық конкурсында бас жүлдені алатын-ақ адам едім, бірақ маған екінші орын бұйырды. Сонда менің түсінгенім әр елдің, әр конкурстың өзіндік ішкі саясаты болады. Соның кесірінен кейде ұйымдастырушылар әділдіктен аттап өтіп кетеді. Бірақ мен оған өкінген жоқпын. Өйткені дәрежесі жоғары сайыста еншілеген жүлдемнің өзі мен үшін алтыннан да қымбат болды.
- Қанша тіл білесіз?
- Шетелде алған дәрістердің арқасында ағылшын тілін меңгеріп алдым. Одан бөлек түрік тілін аздап білемін.
- Өнер иелері үшін мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтың салмағы қандай?
- Алматы, Астана қалаларында билік өкілдерінің өнер адамдарына деген құрметі ерекше деп айта аламын. Мәселен мен Астанаға көшіп барған кезде әкімдіктің қолдауымен пәтерге ие болдым. Одан бөлек Астана опера театрының біраз әртістеріне де пәтер кілті табыс етілді. Оның үстіне олардың жалақылары 400-500 мың теңгенің арасында. Мұндай қамқорлық еліміздің барлық аймақтарынан сезіледі деп айта алмаймын. Жергілікті филармониялардағы әріптестеріміздің мардымсыз жалақылары туралы естіп-көріп жүрміз. Өнер адамдарының мәртебесі әр облыстың басшысына байланысты дүние шығар.
- «Қос қарлығашыңыз» болашақта өнер жолын таңдап жатса, қарсылық білдірмейсіз бе?
- Қарсымын. Өнер жолында қыз бала үшін кедергілер өте көп. Қыздарым өскенде мамандықты өздер таңдай жатар. Дегенмен олардың мұғалім немесе дәрігер болғанын қалар едім.
- Әнші емес қарапайым адам ретінде өзіңіздің жалықпай әңгімелейтін, сөйлескенде жандырып жіберетін тақырыбыңыз бар ма?
- Негізінен мінезім салмақты, ашылып сөйлей бермеймін. Бірақ дін тақырыбына келгенде сыр-сұхбат құрғанды жақсы көремін.
Сұхбатыңызға рахмет!
Мұрағаттан: 11.09.2014