Ғалымжан Жолдасбай: «Дәстүрлі әндерді жаңартқаннан ұтылған жоқпын»
- Ғалымжан, кейде әншілеріміз халық әндерін эстрадаға саламын деп бүлдіріп алады. Сіздің жақында шыққан «Бойдақтар» әніңізде рэп стилін байқап қалдық. Халық қалай қабылдап жатыр?
- Рэп жанрын бұрын соңды тыңдап, түсіне білмеппін. Бірде ұзақ сапарда рэп әндерін тыңдап қалдым. Диалог ретінде өрбіген әнді қазақтың насихат жырларына ұқсаттым. Сөйтіп әндеріме осы стильді қоссам қалай болады екен деген ойға қалдым. Бір жағынан менің тыңдармандарымның басым көпшілігі егде жастағы мен орта жастағы халық екен. Өзім де жас болғандықтан жастардың да көңілінен шығуды ойлап «Жақау» деген атпен танылып жүрген жас әнші Амангелді Өтегеновпен бірігіп «Бойдақтар» әнін жазып шығардық. Ән тек жастардың емес көпшіліктің көңілінен шыққан секілді. Осы уақытқа дейін теріс пікір естіген жоқпын. Ескі әндерді заманға сай жаңартқанда тұрған ешқандай сөкеттік жоқ деп ойлаймын. Әуенді өңдегініміз болмаса туындының әнін, сөзін өзгеріткенім жоқ. Мұның алдындағы «Көкжөтел» әнін де эстардаға салып айтқанымда халық өте жақсы қабылдады. Дәстүрлі әндерді жаңартқаннан мен ұтылып жатқаным жоқ.
- Шығармашылығыңызда басқа қандай жаңалықтар бар?
- Алғашқы ән жинағымды осыдан біраз уақыт бұрын шығарып едім. Енді екінші альбомымды жинақтап жатырмын.
- Телевизиялық шоу-бағдарламаларға көп қатыса бермейсіз. Шақырту болмай ма, әлде өзіңіз қаламайсыз ба?
- Шақыртулар болып тұрады. Бірақ тойдың «кесірінен» «Саз әлемі» секілді ірі жобаларға қатыса алмай қалдым. Екі-үш ай бұрын тойға шақырту алып қойған соң, олардан бас тарта алмайсың. Алайда шоуға қатыспағаныммен қазақтың тойларында көп боламын. Әншіліктен басқа асабалық қызмет те атқарамын.
- Сөзіңізге қарағанда «тойшыл» болдыңыз ғой. Сонда аптасына неше рет тойға шығасыз?
- Ол құпия болып қалсын.
- Тойдың соңынан жүріп, шығармашылығыңыз бір шетте қалып қоймайды ма?
- Жоқ. Адам қаласа бәріне де үлгеруге болады. Ән айтуды жүрек қалаған соң қанша қым-қауырт жұмыс болса да шығармашылық ешқашан шетте қалмайды. Оның үстіне тойға да жаңа әндеріңмен барасың ғой.
- Девальвациядан кейін «жұлдыздардың» да ставкалары өскені анық. Сіздікі қанша?
- Өнеріңді бағалаған адам онымен есептесіп тұрмайды. Көп жағдайда әншілерге бағаны халық қойып береді. Мысалы «пәлен әнші 2 мың долларға келісіпті» десеңіз, жұрт «ой не деген арзан» деп айтады. Демек ол әнші одан да жоғары бағаға лайықты деген сөз. Керісінше «пәлен әнші 7 мың доллар сұрап жатыр» десе, «кеше ғана шыққан әнші емес пе еді, сонша қымбат сұрағаны несі?» дейді. Яғни ол сұрап тұрған бағасына лайықты емес. Дегенмен, әр әнші өзіне баға қоюы тиіс деп ойламын. Мен де барған жерімде өзіме лайықты, қолжетімді бағамды айтамын. Көбінесе жолдың алыс-жақындығына қарай бағаны белгілеймін.
- Қай өңірде көбірек сұранысқа ие әншісіз?
- Маңғыстаудың тұрғындары көп шақырып жатады. Сондай-ақ Қызылорда, Шымкент, Алматы, Астанаға жиі барып тұрамын.
- Ырым-тыйымдарға сенесіз бе?
- Мен барлық нәрсенің нақты, дәлелді болғанын қалаймын. Қазақта ырымнан көп нәрсе жоқ. Бірақ өзіміз сол ырымның мағынасын түсіне бермейміз. Мысалы бала күнімде төрде ілулі тұрған сүйекті көп көруші едім. Мұны неге іліп қойған деп сұрасам бәрінің жауап беретіні біреу-ақ - «ырым болсын деп». Кейіннен осы ырымды кітаптан оқып, біліп алдым. Қазақ көшпенді халық болған соң, ысырап болмасын деп малды жол-жөнекей соя бермеген. Көшіп-қонып жүргенде әлгі кәрі жілікті бір қайнатқан соң керегеге іліп қойған. Келесі күні қазанға сүйекті салып, сорпаның майын шығарып, дәмін кіргізіп алған. Келесі күні де солай болған. Яғни сүйекті тек асқа қолдану үшін ғана іліп қояды екен. Оны кейбіреулер киелі санап жүр. Сол секілді қазақтың ырымдарының ішінде сенетіні де, сенбейтіні де бар. Сондықтан дәлелді, көзім жеткен ырымды ғана ұстанамын.
- Әншілердің көбісі кітап оқуға уақыт таппаймыз деп жатады. Сіз де солардың қатарынансыз ба?
- Жоқ, кітап оқығанды жақсы көрем. Соңғы кездері діни кітаптарды жиі ақтарып жүрмін. Жалпы шаршаған уақытта кітап бетін ашсам және жылқыға мініп, бір шауып келсем демалып қаламын.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Мұрағаттан: 04.09.2014