Шөкеевті аяқтан шалу кімге керек?

Oinet.kz 21-04-2022 3594

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда әкімдердің жұмысына деген талап күшейді. Алдағы уақытта облыс әкімі орынбасарларының саны бесеу емес, үшеу, ары барғанда төртеуден аспайды. Әкімдер мен оның орынбасарларына партия филиалдарының төрағасы болуына заң жүзінде тыйым салынады. Жуырда Президенттің халыққа арнған Жолдауында айтылған тапсырмалардың жүзеге асуы алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. 

Screenshot_13.jpg

Президент осы сәуірде бірқатар өңірлердің басшыларын ауыстырды. Бұдан бөлек Тоқаев облыс әкімдеріне өңірге қарасты барлық аудан, қалалардың халқымен жылына екі мәрте кездесіп, мұң-мұқтажына, талап-тілегіне құлақ түруді арнайы жарлығымен міндеттеді. Қазір әкімдер ауыл-аймақты аралап, Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындап, шапқылап жүр. 

Қаңтардағы жағдайдан кейін «Жаңа Қазақстандағы» «ескі әкімдердің» абырой-беделінде, саяси салмағында, рейтингісінде  өзгерістер көп. Таратыңқырап айтайық...

Жалпы, бізде әкімдердің рейтингісін жасаумен Ақорда немесе Үкімет айналыспайды. Қайбір жылдары өңір басшыларының ықпал-беделін сараптауды тәуелсіз ұйымдар қолға алып көрген. Алайда оның көпшілігі көкейге қонымсыздау, қисынсыз дүниеге айналғаны жасырын емес. Десек те, "Стратегия" әлеуметтік және зерттеулер орталығының жасаған рейтингісіне көпшіліктің құлақ түретіні рас.  

Аталған орталықтың былтыр жасаған рейтингісінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бірінші орынды ешкімге бермеген болатын. Сол жолы Түркістанның әкімі тізімдегі бес көрсеткіштің төртеуінде бірінші орын алып, тісқаққан кадрлар Бердібек Сапарбаевтан, экс-премьерлер Бақытжан Сағынтаев пен Даниал Ахметовтен оқ бойы озық шыққан. Сарапшылар Шөкеевтің түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның түрленуіне, өңірдің экономикасының гүлденуіне қосқан үлесіне жоғары баға берген еді.

Расында да Шөкеев үшін былтыр өте табысты жыл болды. Мамырда Елбасының өзі Түркістанға арнайы келіп, облыс басшысының жұмысын бас бармақпен бағалап, жұртшылықтың атынан алғыс айтып кеткенін білеміз. Түркістанда  көптеген мәдени, әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Киелі қалаға ағылған туристердің саны көбейді. Түркістан облысы карантиннің кезінде қызыл аймақа өтпеген жалғыз өңір атанды... Әрине, мұның бәрі былтырғы жағдай. 

Жуырда жоғарыда аталған орталық биылдың бірінші тоқсанындағы өңір әкімдерінің рейтингісін жариялады. Бұл жолғы рейтингте Шөкев тізімде ортадан төмен, дәлірегі 10-орыннан көрінді. Бірінші орынды Алматы облысының әкімі, Тоқаевтың бұрынғы көмекшісі және оған ең жақын кадр саналатын Қанат Бозымбаев иеленді. Екінші орында Қарағандының әкімі Жеңіс Қасымбек, үшінші орында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тұр. Елорданың әкімі Алтай Көлгіновке жетінші орын, ал командаға қосылғанына бір-екі ай болған Алматының әкімі Ерболат Досаевқа жетінші орын бұйырыпты. Бұл рейтингпен қаншалықты келісуге болады? Былтыр Шөкеевті жер-көкке сыйғызбаған сарапшылар биыл Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты әңгімелердің көптігін алға тартыпты. Рейтингтегі әкімнің жұмысына халықтың қанағаттану көрсеткіші бойынша былтыр бірінші орын алған Шөкеев биыл 10-орынға сырғыған. Ал өңірдегі экономикалық жағдай бойынша бірінші орыннан 15-орынға бірақ құлдыраған. Бұл қаншалықты қисынды?   

Сыбайлас жемқорлық демекші, биыл Шөкеевті біраз қырсықтың шыр айналдырғаны жасырын емес. Ақпанда Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов ірі көлемде парамен ұсталды. Махажанов Шөкеевтің әкім болып келгеннен кейін тағайындаған алғашқы кадрларының бірі саналады. 98 мың доллар немесе 42 миллион теңге пара алды деген күдікпен оны Антикордың Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері тұтқындап, Алматы қаласына алып кеткенін құзырлы органдар таратты. Бұл істің арғы жағында біраз құпиялардың бары анық. Әрине, Кентаудың әкіміне қатысты қандай төреліктің айтыларын уақыт көрсете жатар. Дегенмен оған қатысты айыптау үкімі шықса, бұл Шөкеевтің карьерасына кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Биыл сондай-ақ, артында алпауыт адамдар тұр деген «BI Groub» және «Базис А» компанияларының Түркістандағы құрылысқа қатысты мемлекеттік тапсырыстардың 25 пайызын тендерден тыс иеленгенін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлім етті. Бұл да түркістандық шенеуніктер үшін «минус» екендігі айтпаса да белгілі. Түркістанда биылғы құрылыстың қарқыны былтырғыдай емес, бәсеңсіген. Неге? Жуырда Есеп комитетінің тексеру қорытындысы жария етілді. Тексеру облыста біраз статистикалық мәліметтердің Ұлттық статистика бюросының деректерімен сәйкес келмейтінін анықтады. Оның бірі ауыз суға қатысты екендігін «Рейтинг» газетінің  өткен нөмірінде жаздық. 

Былтыр жыл соңында жоғарыда аталған бюроның миллиардттаған қаржы салынған Түркістандағы сыртқы туризмге қатысты мәліметтері, дәлірегі бұл саланың күткендегідей нәтиже бермегені ақпарат құралдарында қызу талқыланды. Алайда елордада өткен брифингте Шөкевтің өзі бұл статистикамен келіспейтінін мәлім еткені белгілі. Сырт көзге Түркістан облыстық әкімдігі мен Президентке тікелей бағынатын мекемелер арасында әлдебір текетірес жүріп жатқандай әсер байқалады. 

Рейтинг жасағыш сарапшылардың пікіріне қарағанда, алдағы уақытта өңір басшыларының ішінде перспективасы зор, яғни карьералық жағынан өсуі мүмкін деген әкімдердің көшін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев бастапты. Екінші орында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, үшінші орында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек тұрса, Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов төртінші аталған. Осы тізімде күні кеше қызметінен кеткен Қызылорданың әкімі Гүлшара Әбдіхалықова -14, ал Жамбылдың әкімі Бердібек Сапарбаев ең соңғы 17-орын алған екен. Ал дәл осы көрсеткіш бойынша былтыр бірінші орын алған Өмірзақ Шөкеев бұл жолы 11-орында тұр. Осы жерде айта кетері, соңғы уақытта әлеуметтік желіде көп сыналып жүрген Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновтың рейтингісі әжептәуір өсіп, бесінші орын алыпты.   Қаңтардағы жағдайдан кейін отставкіге кетіру жөнінде үстінен Президентке петиция жазылған үшінші мегаполистің мэрі рейтингте халықтың жұмысына қанағаттану деңгейі бойынша жасалған көрсеткіште үздік жетілікке енген. Сонда Әйтеновке деген сенім елдің ықыласына бөленіп жүрген Шөкеевтен де жоғары болғаны ма? Бұл қаншалықты қисынды? Әлде бұл Шөкеевті аяқтан шалу ма? 

Сарапшылардың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың наурызында президенттің міндетін атқаруға кіріскелі бері 11 өңірдің әкімін ауыстырған екен. Оның ішінде кейбір өңірлердің әкімін екі-үш қайтара жаңартқан. Тұңғыш Президенттің кезінде тағайындалған әкімдердің  қарасы көп қалған жоқ. Солардың қатарында Өмірзақ Шөкеев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бар. Ахметовтың қызметтік тағдыры аталған облысты екіге бөлгеннен кейін белгілі болады. Ал Шөкеевтің ше?    

"Рейтинг" газеті, сәуір, 2022 ж

«AMANAT»-тың ендігі тағдыры не болмақ?
Әкім Пармановтың пендешілігі. Арзан пәтер, айрандай төгілген абырой
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу