Әкім Пармановтың пендешілігі. Арзан пәтер, айрандай төгілген абырой
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деуші едік. Ал сол құмалақ біреу емес, отыз шақты болып көбейіп кетсе ше, кез келген орасан тірліктің ойран-ботқасы шықпай ма? Жұмбақтамай соңғы күндері Шымкентте жұртты ұлардай шулатқан дауға анығырақ тоқталсақ, мегаполистегі кілең менмін дейтін отыз шақты шенеуніктің қарапайым халыққа, яғни баспанасы жоқтарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша арзан бағамен берілетін пәтер алуға құжат тапсырғандары Құдайдан қорықпағандық қой. Солардың бірі, бірегейі Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов.
«Талай кедейді көрдім, бірақ тақия жамаған кедейді көргенім осы» депті ілгеріде біреу. Сол айтқандай елдің түсінігінде «ең майлы жілік» есептелетін салаларда—салық органдарында, Қаржы полициясында әжептеуір мерзім қызмет атқарып әбден қызығын көрген, одан бергі он бес жыл ішінде аудан, қала әкімінің орынбасары, бірнеше ауданның әкімі болып ойнап-күліп ғажаа-а-ап ғұмыр кешіп келе жатыр деп жұрт қызғана қарайтын Бұқарбай Парманов әлі күнге дейін бір баспанаға қолы жетпей басы ауған жақта қаңғып жүргені ме деген қолайсыз әңгіме соңғы күндері қоғамның қызу талқысына түскенде әлгі «тақия жамаған кедей» туралы нақыл еріксіз есімізге түсті. Құдай-ау, елге де сенетін ертегі айту керек қой. Әсіресе, Қаңтар қырғынынан кейін Жаңа Қазақстан құруға жанталасып жатқан шақта...
Адамдар адамгершіліктен, имандылықтан, адалдықтан аттамауға, арын кірлетіп алмауға, күнә-кемшіліктен арылуға ұмтылуы тиіс аса қасиетті Рамазан айында Пармановтың пендешілігі шектен шыққаны ма екен кім білсін, сол баспанаға зәру қарапайым адамдарға нарықтағыдан екі еседей арзандатылған бағамен берілетін пәтер алудың кезегіне Қаратау ауданында әкімнің орынбасары болып жүрген ұлы Азамат Бұқарбайұлының да қоса тіркелгені бұқарананың қатты ашу-ызасына тиді. Мейлі ғой, енді екі-үш жылдан кейін пенсияға кететін, «базардан қайтқан» әке Пармановтың, әкім Пармановтың жөнсіз әрекетін көпшілік бірте-бірте ұмытып та кететін болар, алайда небәрі отыз жасында орда бұзып әзірге әкімнің орынбасары болып үлгерген, көп кешікпей өзі де әкім болудан үміті үлкен бала Пармановтың қарапайым халықтың несібесіне ортақтасқан осы қателігін келешекте әркім әрдайым бетіне басып жүрмесіне кім кепіл? «Замаким» Азамат Бұқарбайұлы қанша азамат жасқа толған десек те мұндай маңызды шешім қабылдарда әкім әкесі Пармановтан пікір сұрамауы, ақылдаспауы мүмкін бе? Сіз қалай ойлайсыз, мәртебелі оқырман?!
Қарапайым халыққа арзан бағамен берілетін пәтерге ортақтасқысы келген отыз шақты шенеуніктің ішінде Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев та бар. Кезінде карьерасы облыс әкімінің кеңесшісі, көмекшісі болудан басталған ол да қара жаяу емес, облыс әкімі аппаратында бөлім меңгерушісі болған. Бұдан кейінгі жылдары Кентау қаласы әкімінің орынбасары, Шымкент қаласы мәдениет басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған. Әл-Фараби ауданы әкімінің креслосына отырғанына екі жылға жуықтап қалды. Тізімді тарқата түссек, Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдірахманов, тағы басқалар болып жалғасып кете береді. Әрине, «бал ұстаған бармағын жалайды» демекші қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Утенбаевтың да «тәспісінен жаңылғанын» айтпай кетуге болмас. Оның әйеліне дейін оңай олжаға қол созғандардың тізімінде тұрғаны әлеуметтік желіде кеңінен талқылануда. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Утенбаев қызметінен шеттілген. Тіпті оның үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқаны айтылуда.
Мемлекет жасаған жеңілдікке сәйкес әр шаршы метрінің құны 180 мың теңгеден аспайтын, дәлірегі нарықтағыдан екі есе арзан осындай 900 пәтерге құжат қабылданса, оған қол жеткізуге үміттенген 12 000-дай адамнан өтінім келіп түскен. «Тұран» шағын ауданынан және Арғынбеков көшесінің бойындағы тұрғын үйлерден үлестірілетін пәтерлердің саны қайталап айтайық бар-жоғы 900 ғана. Демек осынша мыңдаған адамның ішінен алғашқы құжат тапсырып үлгергендер қуанышқа кенеледі, қалғандары келесі кезекті күтеді. Келесі кезек қашан, қай кезде келеді, бір Аллаға аян. Осы жолы кезегі келіп тізімде көш басынан көрінгендер кімдер деймісіз? Мәссаған безгелдек! Кілең шенеуніктер. Шенеуніктердің әбжілдігі соншалықты олардың құжаттары өтінім беру уақыты басталған сағат 9-00-ден бар-жоғы 15-20 секунд өткенде қабылданған. Жалпы Шымкент қаласы әкімдігінің сайтында жариялаған мәліметтерге қарағанда, пәтерлерге өтінімдер арнайы сайт арқылы 11 сәуір cағат 09:00 ден бастап 15 сәуір сағат 19:00-ге дейін қабылданған. Өтінім берушілерге қойылатын негізгі талаптың біріншісі, Қазақстан азаматы әрі табысы болуы керек. Екіншіден, ипотекалық несиесі және баспанасы болмауы қажет. Кім білсін, арзан пәтер алып қалуға ұмтылған шенеуніктер бұған дейін қол жеткізген баспаналарын өз аттарына жаздырмай әдеттегідей әлдебір туысқандарына рәсімдеп келген де шығар. Олардың да арзан пәтер алуға құқығы бар, заңсыз емес. Бірақ бас сұғатын баспана таппай қаңғып жүрмегенін халық жақсы біледі. Әрекеттері заңға сиюы мүмкін, алайда арға сия ма?
Бүгінде арзан пәтерге аңсары ауған атқамінерлердің абыройы айрандай төгіліп жатыр. Атқамінерлердің абыройынан бұрын осы әшкереленген шикілікке байланысты өткізілген конкурстың заңды немесе заңсыз екені қазіргі кезде қызу талқыға, таласқа түсіп әлгі 12000-дай адамның дау-дамай арасында тым қатты ушығып тұр. Бұл жолы пәтер алу тізіміне ілікпей қалған бір жағы әділетсіздік әшкереленгендіктен конкурс қайта өткізілуін талап етсе, осы жолғы конкурста бағы жанған екінші жағы ендігіде не болары белгісіздіктен қорытындыны қайта қарауға түбегейлі қарсы. «Отыз шақты шенеуніктің оңбағандығы үшін біз опық жеуіміз керек пе, конкурс қайта өткізілген келесіде біздің шартқа сәйкес біріншілер қатарынан табылмауымыз, ұтылып қалуымыз әбден мүмкін» дейді олар. Осылайша атқамінерлердің ашкөздігі арқасында 12000-дай адамның, ел мен елдің арасында өзара дүрдараздық туындады, олар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіне дейін үндеу жолдап, құзырлы мекемелерден тағдырларына араша түсуді сұрауда.
- Өтінімдер толығымен автоматтандырылған Shymkent-baspana.kz порталы арқылы жүргізілген. Азаматтардың өтінімдеріне сәйкес пәтерлерді бөлуді аталған портал автоматты түрде өзі жүзеге асырады. Бұл орайда ешқандай адами фактор әсер ете алмайды. Бағдарлама арқылы өтінім берушілерге өтінім берген уақыты және ID нөмірін көруге қолжетімділік қарастырылған. Сондай ақ аталған порталдың толығымен автоматтандырылу жұмыстары Цифрландыру басқармасымен жүзеге асырылған,-деді дау үдеген тұста арнайы брифинг беруден басқа амалы қалмаған қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Утенбаев «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керін келтіріп.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков өтінім берген азаматтардың құжатын тексеру үшін арнайы комиссия құрылатынын, комссияға өзі төрағалық ететінін, оның құрамына қоғамдық кеңес мүшелері енгізілетінін хабарлады.
Мәселеге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де түсінік берді.
- Аталған бағдарламаның талаптарына сәйкес салынған несиелік тұрғын үйлер кезекте тұрған азаматтар мен салымшыларға кезең-кезеңімен "Отбасы банкі" арқылы беріледі. Осыған байланысты әкімдік тұрғын үйді сату үшін аталған банкпен қажетті келісім жасауы тиіс.
ҚР ИИДМ заңнама шеңберінде әкімдіктің шешімін қайта қарау, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның іс-қимылын қолданыстағы тұрғын үй бағдарламасының талаптарына сәйкес келтіру қажеттігін атап өтті.
Айта кетерлігі, аталған фактіні Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қатаң бақылауға алды. Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасына сәйкес құзырлы органдар кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырады. Нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады", – делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.
Ал сейсенбіде "Қазақстанның орнықтылық қоры":
- Теріс ұғымдар мен түсініктер қалыптаспас үшін, Шымкент қаласында анықталған қателіктер "7-20-25" ипотекалық бағдарламасының шарттарына еш қатысы жоқтығын мәлімдейміз. Қателіктер жергілікті атқарушы орган жүзеге асырған тұрғын үйді бөлу механизмінде кеткен,-деген мәлімдеме таратты.
Ал арзан пәтер алудан дәмелі шенеуніктердің алды өтінімдерін қайтарып ала бастаған көрінеді. Өкінішітісі сол өтінімді қайтарып алғанмен «қасықтап жиналып бір-аққ сәтте шелектеп шашылып қалған беделдерін» қайтара ала ма? Әй, қайдам?!
"Рейтинг" газеті, 28 сәуір, 2022 ж