Әйтеновтің командасы екі сөйлей ме?

Oinet.kz 15-07-2021 3996

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде біз Шымкенттегі саябақтар мен субұрқақтарды күтіп ұстаумен 15 жылдан астам уақыттан бері айналысқан, тәжірибесі өте жоғары «Шымкент жасыл қала» компаниясының тендерден түрлі қитұрқылықтармен тайдырылып, оның жылда алып жүрген лоттарын  бұл салада бұрын-соңды жұмыс істеп көрмеген  «Buіld stroі» компаниясының жеңіп алғанын жазған болатынбыз. Бәрі де алдын ала ойластырылған сценарий екендігі анық. Мәселенің ақ-қарасын ажыратып береді деген құзырлы, бақылаушы органдардың пікірлері екіге жарылып тұр. Өкінішке қарай, әділдік іздеушілер үлкен үміт артқан сот бұл іс бойынша «апам да аң-таң, мен де аң- таң» шешім шығарды.  Есесіне Шымкенттің мемлекеттік сатып алу саласында бұрын-соңды естіп-білмеген қызықтар жарыққа шығып жатыр.

Screenshot_1.jpg

Алдымен қысқаша еске түсіре кетейік. «Шымкент жасыл қала» серіктестігінің көгалдандыру, абаттандыру саласында көп жылдық тәжірибесі бар. Компания тіпті былтыр күннен күнге көркейіп келе жатқан Түркістан қаласының дамуына да өзіндік қолтаңбасын қалдырған.  Осындай компания биыл Шымкент қаласындағы саябақтар мен скверлерді, субұрқақтарды күтіп-ұстау бойынша мемлекеттік сатып алу басқармасы ұйымдастырған тендерден қағылады. Дәлірегі  компанияны әлдебіреулер әдейі аяқтан шалған. Тендерде бірінші орынға  жоғарыдағы қызметтерге 1 369 605 654 теңге баға ұсынысын берген «Buіld Stroі» компаниясы жеңімпаз деп танылады. Ал осы жұмыстарды 1 348 958 333 теңге, яғни жоғарыдағы қатысушыдан 20 647 321 теңге арзанға орындап беруге ұсыныс берген «Шымкент жасыл қала» ЖШС-ы  «біліктілік талаптары сәйкес келмейді» деген негізбен конкурстан шеттетілген.   Конкурстық комиссияның  ұйғарымында серіктестіктің 5 тонналық автопогрузчигі, 30 тонналық катогы, 1 техник-механик маманы жоқ екендігі көрсетілген.  Алайда кейінірек компанияның басшылары шын мәнінде аталған техникалардың құжаттары тендерлік құжаттарға тігілгенін дәлелдейді. Құзырлы органдарға шағымданады. Шымкент қалалық прокуратурасы көптеген кемшіліктерді анықтап, «Buіld Stroі» компаниясының заңсыз жеңімпаз деп танылғаны жөнінде Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арнайы ұсыныс хат береді. Алайда ұсыныс хат ескерусіз қалған.

«Шымкент жасыл қала» ЖШС-ының директоры Ұланбек Алдабергеновтің айтуынша, соңғы апталарда «Buіld stroі» компаниясына қатысты тіптен сорақы фактілер анықталған. Компанияның тендерге ұсынған техникалары талапқа сай болмай шыққан. Мәселен, автовышкалар, автокрандардың биіктігі, салмақтары құжаттарда көрсетілген өлшемдермен сәйкес келмейді,  2 автовышканың биіктігі мүлдем көрсетілмеген.

Ал мына фактіге не дейсіз, компанияда дәнекерлеуші болып істейді деген Санат Сейдулланың еңбек өтілі құжаттарда 11 жыл деп көрсетілген. Жеке куәлігіне қарағанда бұл азамат 2000 жылы дүниге келген. Жасы 21-де. Сонда қалай, ол дәнекерлеушілікпен 10 жасынан бастап айналысқан ба?! Бұл кезде ол 3-4 сыныптың оқушысы емес пе? Ерболат Смақұлов деген дәнекерлеуші 1998 жылы туылған. Оның еңбек өтілі 11 жыл деп көрсетілген. Яғни, тендерге тапсырылған ресми құжаттағы мәліметке сенсек, ол дәнекерлеуші болып 12 жасынан бастап жұмыс істеген. Компанияның басшылары бұл кезде оның әлі мектеп партасындағы оқушы екендігін білмегені ме?

Компанияның тендерге өткізген құжаттарына 1954 жылы туған, былтыр ақпанда қайтыс болып кеткен азамат та жұмысшы ретінде еніп кеткен. Компания мектеп оқушыларын былай қойып, енді марқұмдардың әруағын да жұмыспен қамтуға көшкен бе? Астапыралла. «Buіld stroі» компаниясының жұмысшысы деген бірқатар азаматтардың басқа мекемеде жұмыс істейтіні анықталып отыр. Мәселен, Е.Бекназаров деген азамат қазіргі уақытта Жетісай ауданында балабақшада еңбек етеді. Батырханов деген азамат Шымкенттегі мектепте істейді. Құжаттарға тіркелген бірнеше жігіттің  әскери борыштарын өтеп жатқаны белгілі болған. Бірнеше азамат халыққа қызмет көрсету орталықтарында, енді бірі балалар көркемсурет мектебінде еңбек етеді. 

Сонда 10  жасар баланы дәнекерлеуші дейтін, басқа мекемелерде жұмыс істейтіндерді де тізімге тіркеу былай тұрсын өлген адамды да тендер ұтуға араластыратын бұл неғылған сорақылық, бұл неғылған көзжұмбайлық?!

«Buіld stroі» компаниясының еңбек өтіліне қарағанда ол  бұған дейін Мақтаарал ауданында су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына атсалысқан, емхананың құрылысын жүргізген, «Адия» деп аталатын көп қабатты тұрғын үйдің құрылысына, Созақ ауданында насостық станцияның құрылысына қатысқан. Сол жақта вахтамен жұмыс істейтін жұмысшылардың поселкасын салып берген. Отырар ауданында су жүйесін жөндеген. Шымкенттегі «Азат» шағын ауданында балабақша тұрғызған.

– Бұл мәліметтерден компанияның бұған дейін саябақтар мен скверлерді күтіп ұстау, абаттандыру жұмыстарымен айналыспағаны аңғарылады. Ал тендердің талабы бойынша әлеуетті өнім берушінің осы салада тәжірибесі болуы шарт еді. Біліктілік талаптарында көрсетілген шарттарға сай келмейтін компанияның қалайша жеңімпаз деп танылғаны түсініксіз. Біз осы фактілерді алға тартып, Шымкент қаласының экономикалық сотына талап арыз бердік. Алайда  сот «Шымкент жасыл қаланың»  5 тонналық автопоргузчигі «вилочный» болмаған деген негізбен талап арызды қанағаттандырусыз қалдырды. Бірақ біліктілік талаптарында ол  «5 тонналық автопогрузчик» деп жазылған. Оның қандай болу керектігі көрсетілмеген,– дейді директор.   Сот шешімімен біз де танысып шықтық. «Buіld stroі» компаниясына қатысты жоғарыдағы кемшіліктердің бәрі елеусіз қалған. Сот бір жерде жоғарыдағы жұмысшылар, техникалар болмаған немесе талапқа сай келмеген күннің өзінде компания өзіне жүктелген міндеттерді атқара алады дейді. Енді бір жерінде мұндай кемшіліктердің барын тендерлік комиссия білмеген дейді.  Сот талап арызды қанағаттандырусыз қалдырады.

Бірақ сөйте тұра «Buіld stroі» компаниясына қатысты заңбұзушылықтар бойынша тиісті орындарға шара көру жөнінде жеке қаулы қабылдаған. Яғни арызданушы соттан төрелік, әділдік іздейді, ал сот мәселені шешуді басқа құзырлы органдарға сілтей салған сияқты.  

Жалпы соңғы жылдары судьялардың шығарған актілеріне қатысты сұрақтар көп. Олардың барлығы да осындай солақай, шикі-шала шешімдерден шығып отырғаны жасырын емес. Арызданушы жақтың енді Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасына шағымдануына құқығы бар. Апелляциялық саты әділ төрелігін айтады ма әлде «қарға қарғаның көзін шұқымайдының» керін келтіре ме? Мұны уақыттың төрелігіне тапсырдық.

Айтпақшы, сот шешімде қалалық әкімдіктің, дәлірегі көгалдандыру,  абаттандыру жұмыстарына тапсырыс беруші Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының анықтамасына сүйене отырып,  қазіргі уақытта «Buіld stroі» компаниясының өзіне тиесілі міндетті орындап отырғаны, бөлінген қаржының 25 пайызын игеріп қойғанын жазыпты.

Жуырда қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшылығында ауыс-түйіс болды. Бұған дейін «Buіld stroі» компаниясының тендерде жеңімпаз деп танылғанына өзінің қатысының жоқтығын,  тендерлік комиссияның төрағасы болғанымен, ешқандай құжаттарға қол қоймағанын мәлім еткен Ахмет Татыбаев қызметінен босатылып, оның орнына Еңбекші ауданының әкімі болған Ғалымжан Илясов келді. Осыдан кейін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен аббаттандыруға қатысты жиын өткен.  

Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, жиында «Buіld stroі» компаниясының өзіне тиесілі міндетті орындай алмай отырғаны кеңінен талқыланған. Тіпті қурап жатқан саябақтар мен көшеттердің суреттері де әкімнің назарына ұсынылған. Мұны қалалық әкімдіктің осы жиыннан әлеуметтік желіге тастаған фотоларынан да байқауға болады.  Сонда бұл қалай? Әйтеновтің командасындағылар екі сөйлей ме? Сотқа басқаша анықтама береді, ал әкімдіктің жиынында басқаша сөйлейді.

Біз қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының су жаңа  басшысы  Ғалымжан Илясовтан осыған қатысты түсінік сұраған болатынбыз. Басқарма басшысы «Buіld Stroі» компаниясы тарапынан өзіне жүктелген міндеттерді сапалы атқармай отырғанын жоққа шығармады.

Енді мынаны қараңыз, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, 24 маусымда 103 нөміріне 17 мөлтекауданда ағаш кесу жұмыстарын жүргізген «Buіld stroі» мердігер компаниясының қызметкерлері тұрған кранның люлкасы құлап  кетіп,  оқиға орнында 1995 жылы туған азаматтың қайтыс болғаны жөнінде ақпарат түскен. Бір азамат ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын Еңбекші аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тексеріп жатыр (бұл туралы белгілі заңгер Айгүл Орынбек те өзінің «фейсбуктегі» парақшасында жазды).

Бұл жай ғана аяқ астынан болған бақытсыз жағдай ма?  «Buіld stroі» компаниясының техникалары талаптарға қаншалықты сай екендігін осыдан кейін барып байқай беріңіз. Бар-жоғы 26 жастағы азамат. Бір үйдің арқа тұтып отырған азаматы. Көзжұмбайлықтың, бұра тартудың,  әділетсіздік пен салғырттықтың  ақыры міне, неге апарып соқты? Бұл жағын тендерді теңге табудың көзіне айналдырған шенеуніктер ойлана ма?! 

Айтпақшы, қалалық әкімдік бұл ақпаратты барынша жауып-жасырып отырған сияқты. Оның себебін де алыстан іздеудің қажеті жоқ.  Жұрттың аузындағы әңгімеге қарағанда, «Buіld stroі» компаниясының артындағы қолдаушысы да сол әкімдікте отыр. Ал «Шымкент жасыл қала» ЖШС-ының директоры Ұланбек Алдабергенов әділдікті енді елордадан,  «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұрамақ.

"Рейтинг" газеті, 

№28-29, 15 шілде 2021 ж

Олимпиадада бокстан алтын алғанға 350 мың АҚШ доллары беріледі
Жобаны Мырзахметов жасады, мақтауды Сапарбаев естіді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу