Сенаторлар Жер туралы заң жобасын қолдамады
29-04-2021
OINET.KZ - Тұрғындар арасында үлкен резонанс тудырған үшінші мегаполистегі ипподромның «жыры» әлі бітпей тұр. Шаһардың тарихи әрі маңызды нысаны сүріліп, орнынан тұрғын үй орамының бой көтеруіне қарсылар да, қолдаушылар да ортақ келісімге келе алмауда. Осы мәселе төңірегінде Шымкент халқының мүддесін қорғау үшін Сенатқа барған Нұрлан Бекназаровтың пікірін білген едік.
Қазір инвестор табу қиын
– Жоба атаулының бәрі халыққа бірдей ұнай беруі мүмкін емес. Теріс пікір айтатындар міндетті түрде табылады. Алайда 4-5 адам айтты екен деп, жобадан бас тартуға болмайды. Әкімдік мамандары, құрылыс компаниясының өкілдері алдымен сол қарсы топқа түсіндірме жұмыстарын жүргізгені абзал. Барлық жоба мейлі ол инвестор немесе әкімдік бюджеті есебінен салынсын бірінші кезекте арнайы сала мамандарының сараптауынан өтіп барып, мақұлданады. Сол секілді бұл жоба да сараптамадан өткен болар. Егер келіспейтіндер болса нақты дәйектемелер келтіріп, ұсынса, басшылар олардың да уәждеріне құлақ асады ғой. Қоғамдық мәселе болғасын жақында ғана сайланған қаланың су жаңа депутаттары да бұл жағдайға бейжай қарамай, оң шешілуіне атсалысуы керек.
Мемлекет басшысы бірінші кезекте халықтың сапалы өмір сүруіне жағдай жасауды, тұрмыс жағдайын көтеруді, соның ішінде жайлы баспанамен қамтамасыз етуді тапсырып отыр. Ал Шымкент – өздеріңіз білетіндей республикамыздың үшінші мегаполисі. Қалада әлі де болса тұрғын үйдің тапшы екені рас. Егер бұл құрылыс шаһар тұрғындарын сапалы, ыңғайлы баспанамен қамтамасыз етуге септігін тигізер болса, қаланың бюджетіне оңтайлы келетін болса неге қолдамасқа?! Естуімше, жаңа шағын ауданның жанынан тұрғындар демалатын саябақ та салынатын көрінеді. Қала әкімдігі халыққа дұрыс жағдай жасау мақсатында аталмыш жобаны мақұлдап отырған болар. Қазіргі таңда инвестор табу да қиын. Олардың да қызығушылығын ескеру керек. Әрине ешкім белден басып әрекет еткелі жатқан жоқ қой.
– Қазіргі ипподром жамауға келмейді, жаңасы керек дегенге келісесіз бе?
– Атшабар әу баста қаланың шетінде болған. Қазір орталықта қалып кетті. Дамыған, үлкен қалалардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да мұндай нысандар шаһардың сыртында орналасқан. Егер көлемі сай келіп жатса қайта жаңартуға болатын шығар. Ал норматив бойынша жер көлемі тарлық етіп жатса, әрине жаңасын салған дұрыс деп ойлаймын. Үлкен қала болғасын ипподромы да атына сай болғаны жөн. Оның үстіне оңтүстікте ат спортының мықты дамығанын ескеруіміз қажет. Ат құлағында ойнайтын небір мықты чемпиондар бізден шыққан. Сондықтан заманауи атшабар салынар болса өңірдің ат спорты жаңа белестерге көтеріледі деген ойдамын.