Әкімдердің отставкісі... Тоқаевтың тәртібі Түркістанда ойыншыққа айналып барады

Oinet.kz 28-01-2021 1841

Кентау қаласының әкімі.jpg

Оңтүстікте қарамағындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, басшыға отставкіге арыз жазуды міндеттейтін тәртіп ойыншыққа айналып бара жатқан сияқты. 2019 жылдың желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңға сәйкес өңірде осыменен екі әкім отставкіге арыз берді. Оның алғашқысы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев екендігін біз өткен нөмірлерімізде жан-жақты жазған болатынбыз. Алайда ел енді Келестің әкімін қызметінен «кетіріп», орнына жаңа әкім «тағайындап» жатқан кезде Есбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Отставкіге арызды екінші болып Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов жазды. Бірақ кеншілер қаласының әкімі де қызметінен кеткен жоқ. Енді міне, отставкіге арыз беруі мүмкін үшінші әкімнің аты-жөні белгілі болды. Ол – Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов. Алдыңғы арба қайда жүрсе, кейінгі арбаның да солай қарай жүретінін ескерсек, бұл отставкі де қабылданбауы әбден мүмкін. Қысқасы, Президент Тоқаевтың басшылардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты жауапкершілігін күшейтуді көздейтін бастамасы, арнайы заңы түкке тұрғысыз болып қалған сияқты. Мұны Мемлекет басшысының бастамасын түркістанша іске асыру дейміз бе? 

Тақырыпқа таратыңқырап тоқталсақ.

Screenshot_5.jpg

Есбаевтың «ерен еңбегі» 

Естеріңізде болса, былтыр мамырда Есбаевтың тікелей өзі тағайындаған кадры – Жамбыл ауылдық округінің әкімі Б.Құрманәлиев  жер телімін беру үшін әлдебір азаматтан 400 мың теңге алу барысында қолға түсті. Шілдеде аудандық сот оны кінәлі деп тауып, 12 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесті. Қазанда облыстық соттың апелляциялық алқасы үкімді күшінде қалдырды. Осыдан кейін Келес ауданының әкімі отставкіге арыз жазуы тиіс болатын. Алайда, бұл отставкінің тағдыры ұзақ уақыт бойы көпшілікке жария етілген жоқ. Неге? Сонда бұл Президенттің саясатын жасыру ма, түсінбедік. Тиісті құзырлы органдардан сұрап білгеніміз, Ақментай Есбаевтың отставкісі қабылданбай, қатаң сөгіс тәртіптік жазасымен қызметінде қалдырылған. Қайта отставкіге кетуі мүмкін деген Есбаевтың Тәуелсіздік күнінде Президенттің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, біраз жұртты аң-таң қалдырғаны рас. 

«Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегендей, бұдан кейін Келесте парамен ұсталу оқиғалары жиілей түсті. Артынша  құзырлы органдар аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының 30 миллион теңге парамен ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Одан кейін әлеуметтік желіде аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының 1 миллион теңге алды деген күдікке іліккені туралы ақпараттар пайда болды. Алдыңғы басшының ісі былтыр қазанда Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі сотқа түскен. Бұл іс бойынша соттың қандай шешім қабылданғаны осы уақытқа дейін беймәлім болып отыр. Ал, спорт бөлімінің басшысы Мұқағали Омаровтың ісі бойынша жуырда Келес аудандық соты шешім шығарды.

Иә, сот  үкім емес, азаматтық іс бойынша шешім шығарды. Себебі осы сотта белгілі болған мәліметтерге қарағанда, қазан айында құзырлы органдар Омаровтың үстінен қозғалған істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатқан. Басшының не бүлдіргені туралы ел аузында әрқилы әңгімелер бар. Құзырлы органдар тиісті бағасын берген соң оған тоқталып жатудың қажеті жоқ шығар. Қызықтың көкесі осыдан кейін басталған.  Келесі аудандық сотының былтыр желтоқсанда шығарған шешіміне қарағанда, Омаровтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін 8 маусымда басшылар оны шақыртып алып, тексерушілердің келуіне байланысты «жұмыстан өз еркіммен шығаруды сұраймын» деген арыз жаздыртып алады. Арызға жұмыстан шығарудың күні көрсетілмепті. Бұл жоспардың бөлім басшысының еркінен тыс, басшылардың сценарийімен жасалғанына күмәндануға болмайтын сияқты. Себебі Омаров сол күні арызын қайтарып беруді талап еткен. Алайда басшылар оның бұл талабын орындаудан бас тартқан.

Келесі күні – 9 маусымда Ақментай Есбаев спорт бөлімі басшысын қызметінен босату туралы өкімін бұрқ еткізген. Біраз уақыттан аудан әкімі спорт бөлімінің басшылығына басқа азаматты тағайындап жіберген. Қазан айында өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін Омаров өзіне қатысты Есбаевтың шығарған өкімін даулап, аудандық сотқа арыз береді. Бұл іске төрелік айтқан сот Есбаевтың өкімін заңсыз деп тауып, Омаровты қайтадан қызметіне орналастыру туралы шешім шығарады. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, жуырда Есбаев Омаровты қайтадан бұрынғы орнына отырғызуға мәжбүр болған. Келестің әкімінің осылайша өз өкімін өзі бұзып, әлек-шәлек болуының астарында біраз гәптің бары анық.

Есбаев Омаровты мәжбүрлі түрде қызметінен кетірудің арғы жағында жауапкершіліктен жалтарудың жатқанын түсіну қиын емес. Мұның алдында ауыл әкімі парамен ұсталды. Ол тергеу барысында кінәсін толығымен мойындап, прокурормен процестік келісім жасады. Ол үшін аудан әкімінің отставкіге арыз жазатыны айтпаса да түсінікті. Ал бұдан кейін бөлім басшыларының ұсталуы жығылғанға жұдырық болды. Есбаевтың сот үкімі шықпай, істің мән-жайы әлі толық анықталмай жатып Омаровқа мәжбүрлі түрде арыз жаздырудағы, оны дереу қызметінен босатып жіберудегі мақсаты – отставкіге екінші қайтара арыз жазудың алдын алу десек қателеспейтін сияқтымыз. Яғни «Есбаев мұндай әрекетке қарақан басы үшін, өзінің қызметтік креслосын сақтап қалу үшін барған ба?» деген күдіктің құлағы қылтияды. Сонда Келестің әкімі қарамағындағы қызметкерінің тағдырынан, заң мен адамгершіліктен өзінің лауазымын жоғары қойғаны ма? Құзырлы органдар, шенеуніктердің тәртібін қадағалайтын департаменттер бұл мәселені жабулы қазан жабулы күйінде қалдырмай, аудан әкімінің осы «ерен еңбегіне» баға беруі керек сияқты. Отставкіге арыз жазуды айналып өту үшін әкімдердің әлі тағы қандай қитұрқылықты ойлап табатынын кім білсін?!

Screenshot_6.jpg

Махажановтың мәселесі

Облыста екінші болып отставкіге арызды Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов жазды. Естеріңізде болса, былтыр Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылының әкімі Хасан Муслимов жергілікті тұрғынның жерге қатысты мәселесін шешіп беру үшін 4 миллион 150 мың теңге пара сұраған. Кентау қалалық сотының үкімімен ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Апелляциялық алқа үкімді күшінде қалдырды. Хасан Муслимов ауыл әкімі қызметіне осыдан 4 жыл бұрын сайланған екен. Оған дейін мемлекеттік қызметте істемеген, кәсіпкерлікпен айналысқан. Яғни оның әкімдікке кездейсоқ келген  кадр екендігін аңғару қиын емес. Алайда ауыл тұрғындарының айтуынша, соңынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты сөз еріп жүретін Муслимовтың кандидатурасын Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов 2019 жылы Ескі Иқан ауылының әкімі қызметіне екінші қайтара ұсынған. Не үшін? Мұның арғы жағында біраз сырдың бүгіліп жатқаны анық. Махажанов Кентауға әкім болғалы біраз басшылар пара алғаны үшін сот алдында тиісті жазасын алды. Олардың көпшілігі білім саласында жұмыс істеген. Махажановтың үстінен жазылып жатқан арыз-шағым да аз емес. Алайда осыған қарамастан Кентау әкімінің отставкісі қабылданбады. Ол сөгіс жазасымен қызметінде қалды.

Screenshot_7.jpg

Асановтың артықшылығы

Отставкіге арызды үшінші болып Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов жазуы мүмкін еді. Өйткені жуырда аталған аудандағы Мақтаарал ауылының әкімі парамен ұсталған болатын.  Кім біледі, бірте-бірте қалыптаса бастаған «дәстүр» бұзылмаса, Асанов та сөгіспен немесе қатаң сөгіспен қызметінде қалар ма еді? Өйткені Асановтың Есбаев пен Махажановтан артық болмаса кем түсіп жатқан жерін көрмедік. Іскер десеңіз, іскер, елдің қамын ойлағыш, істің көзін тапқыш. Айтпақшы, ол да «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

P.S. Осы мақала дайындалып болғаннан кейін, кеше кешкісін редакцияға Мақтаарал ауданында пара алды деген күдікке іліккен ауыл әкіміне қатысты істің тоқтатылғаны туралы мәлімет түсті.  Бақыт Асанов енді отставкіні ойлап, алаңдамаса да болады.

"Рейтинг" газеті, 28 қаңтар, 2021 ж

Нығматулин Ішкі істер министрінің жұмысын сынға алды. Министр жауап бере алмады
Нұрлан Бекназаров, сенатор: 4-5 адам айтты екен деп, жобадан бас тартуға болмайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу