Жап жас қызды 17 еркек зорлағаны туралы ақпарат тарауда
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны қызын 17 еркек зорлағанын мәлімдеді. Бұл туралы Oinet.kz сайты Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдің әлеуметтік желіде тараған журналистерге үндеуінде қылмыскерлердің әлі жазаланбағаны, себебі оларды полиция жасырып отырғаны айтылған. Ол осы іс бойынша журналистік зерттеу жүргізуді сұрайды.
Ақпаратқа Түркістан облысының полиция департаменті түсініктеме берді.
- Әлеуметтік желіде Сарыағаш ауданында 17 ер адам қызды зорлағаны туралы ақпарат тарап жатыр. 2021 жылдың 25 мамырында Сарыағаш ауданының тұрғыны полицияға арызданды. Ол 17 жастағы қызын ұрлап кеткенін хабарлады. Дерек Қылмыстық кодекстің 125-бабы «Адам ұрлау» бойынша тіркелді — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Кейін полицейлер 17 жастағы қыздың жұмысқа кетіп, жоғалғанын анықтаған. Жедел қызметкерлер іздеу жұмыстарын жүргізіп, тәулік ішінде қызды тауып, ата-анасына қайтарған.
Бір аптадан кейін, 31 мамырда әйел адам ұрлау фактісі бойынша қылмыстық қудалауды тоқтату туралы нотариус куәландырған арызбен қайтадан полицияға жүгінген.
- 10 маусымда ауыл тұрғыны қайтадан полицияға арызданған. Бұл жолы ол қызын бір топ адам, атап айтқанда, 17 ер адам зорлағанын хабарлады — деп толықтырды полиция.
Арыз Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабы бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды.
- Сот-медициналық сараптама зорлық фактісін жоққа шығарды. Сондай-ақ жәбірленушінің анасы қызының киімін өз қолымен өртеп жібергені анықталды. Осыған байланысты мамандар сараптама жүргізе алмады — деп түсіндірді облыстық полиция департаменті.
Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Түркістан облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Сараптама кешені тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.