Жетінші шақырылым жетпіс пайызға жаңарады

Oinet.kz 19-11-2020 1069

Түркістан облысында «Нұр Отан» партиясының өткізген праймеризінде шенеуніктердің көш бастағанын өткен нөмірлеріміздің бірінде жазған едік. Алайда праймериздің келесі кезеңінде олардың көпшілігінің кандидатуралары алынып тасталды. Праймеризде аудан бойынша бірінші орын алған қала әкімі де, аппарат жетекшісі мен басқарма басшысы жаңа тізімге ілікпей қалды. Саяси дода кезіндегі жоба-жоспарлардың жиі өзгеретіні айтпаса да түсінікті ғой.  

Screenshot_2.jpg

Сейсенбі күні өткен «Нұр Отан» партитясы Түркістан облыстық филиалының конференциясында алдымен Мәжілістің мандатынан үмітті кандидаттар пікірсайысқа түсті. Дауыс беру нәтижесінде белгілі кәсіпкер Қайнар Абасов (127 дауыс), Мәжіліс депутаты Құдайберген  Ержан ((120 дауыс), кәсіпкер Сырым Ертаев (118 дауыс), опера әншісі Мөлдір  Бақытжанова(115 дауыс), Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Гүлжан Құрманбекова  (110 дауыс) Кентау трансформатор зауытының басқарма төрағасы Хайрулла  Қожабаев  107 дауыс) және «Атакент» ауруханасының бас дәрігері  Ұлжанат  Жұрымбетова (100 дауыс) жеңімпаз атанып, олардың кандидатуралары Мәжіліске берілетін партиялық тізіміне ұсынылды. 

Байқағандарыңыздай, қазіргі мәжілісмендердің ішінде тек Құдайберген Ержан ғана праймеризде бақ сынады. Ал оңтүстіктен кеткен қалған депутаттардың келесі шақырылымға енді тек  Назарбаевтың, дәлірегі партия төрағасының квотасымен ғана өту мүмкіндігі бар. Алайда жастар мен нәзік жандыларға басымдық беріліп жатқан кезде мұндай ықтималдылықтың мүмкіндігі тым төмен сияқты. 

Бұл жолғы Түркістан облыстық мәслихатындағы депутаттардың корпусы 70 пайызға жаңаратын болып отыр. 

Жетінші  шақырылымда облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттарға 320 мандат беріледі деп күтілуде. Оның 275-і аудандық және қалалық мәслихатқа жіберілсе, 45 депутат облыстық мәслихатқа сайланбақ. Жиында облыстық мәслихат депутаттығына партиясы атынан ұсынылған үміткерлер тізімін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев таныстырды. «Nur Otan» партиясы 45 орынға 84 кандидаттың тізімін  ұсынып, ол бірауыздан бекітілді. 

Бұған дейін облыстық мәслихаттағы 45 мандаттың небәрі 1-еуі ғана әйел депутатқа тиесілі болса, енді әйелдердің саны 30 пайызға дейін артпақ. Ал қазіргі шақырылымда 35 жасқа дейін бірде-бір депутат жоқ болса, енді ол 20 пайызға көбейеді. Оған қоса алдыңғы шақырылымдағы 45 депутаттың 24-і бұл саяси додадан қалыс қалып отыр. Мәслихаттың 50 пайызы әйелдер мен жастар арқылы жаңарып, қалған тобы праймеримз қорытындысы бойынша үздік атанғандармен толығады. 

Тізімнен қазіргі мәслихат депутаттарының ішінен Өмірзақ Мелдеханов, Шералы Қаныбеков, Нұралы Әбішев, Мұрат Төлтебаев, Рабиға Қуатбекова, Нұржан Аширов, Жаңабай Ағабеков, Дулат Әбіш, Бадриддин Нышанқұлов, Бекасыл Төлендиев, Әсет Қайыпбеков, Өркен Есей, Абдурашид Омаров, Бақытжан Серманизов сияқты халық қалаулыларын байқадық.  Ал облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиевтің кандидатурасы  облыс әкімінің квотасымен ұсынылған 13 кандидаттың тізімімен өтті. Мәслихатқа ақырғы 45 депутатты іріктеп алғанша бұлардың тағы біразы саптан шығып қалуы әбден мүмкін. 

Айтпақшы, праймеризде Бәйдібек ауданынан қатысып, көштің алдыңғы жағынан көрінген Түркістан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерғали Білісбек конференция өтіп жатқан күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.  Білісбекті Шымкентке қайта оралды десек те болады. Ол қала әкімінің орынбасары лаузымын бұған дейін де атқарған.     

"Рейтинг" газеті, №46, 19 қараша, 2020 ж

Ролан Ибрагимов Қожанасыр ма?
Әли Бектаев, депутат: XXI ғасырда есек арбамен су тасып жүрміз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу