Ролан Ибрагимов Қожанасыр ма?

Oinet.kz 19-11-2020 1419

Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың басы дау-дамайдан арылмай тұр. Естеріңізде болса, наурыздың аяғында Ибрагимов пен оның басқармасында бөлім басшысы Шерзат Сүттібаевтың тәртіптік мәселесі облыстық Әдеп кеңесінде қаралып, екеуі де қызметіне толық сәйкес еместігі түріндегі ескерту жазасына ұсынылған болатын. Сол кезде «Рейтинг» газетінде біз  «Сүттібаевқа қызметіне толық сәйкес емес түріндегі ескерту жазаны қызметіне толық сәйкес емес Ибрагимов береді» деп жазған едік.

Ролан Ибрагимов.jpg

"Рейтингтің" коллажы

Ал Ибрагимов тиісті «сыбағасын» облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтен алғаны айтпаса да түсінікті. Алайда басқарма басшысы бұған қанағаттанбаған сияқты. 

Ол облыс әкімдігін, облыстық Әдеп кеңесін сотқа берген. Ибрагимовтың әрекеті адамның ақылына сыймай тұр.

Ақылға сыймайтын себебі ол талап арызында өзінің кінәсіздігі туралы ештеңе айтпаған. Басқарма басшысы  жіберген заңбұзушылықтарында әкімшілік құқықбұзушылық белгілерінің бар екендігін келтіріпті. Дәлірегі  ол тәртіптік жазаға емес, әкімшілік жазаға лайықты екендігін алға тартқан сияқты. Сонда тәртіптік жаза Ибрагимовтың тақиясына тар келгені ме? Түсініксіз.

Енді Ибрагимовтың тәртіптік ісіне тоқталсақ. Тәртіптік іс Әдеп кеңесіне облыстық прокуратураның ұсынуымен түскен.  Ұсынысқа қарағанда, Ибрагимов өзінің міндеттерін тиісті деңгейде атқармаған. Басқарма тендерде мойнына алған міндеттемелерді орындамаған мердігерлерді жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап арыздармен жүгінбеген. Кейбірінің мерзімін өткізіп жіберген. Мәселен, басқарма   «Арыс құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және мемлекет пайдасына 1 000 000 теңге тұрақсыздық өндіру туралы талап қою арызбен Түркістан облысының экономикалық сотына жүгінеді. Алайда сот талап арызды 30 күндік мерзімнің өтіп кеткендігіне байланысты қанағаттандырусыз қалдырған.

Сонда Ибрагимовтың мұнысы не? «Ұялған тек тұрмастың» кері ме әлде мердігерді жауапкершіліктен құтқарып жіберу ме?  Бұл істің арғы жағында біраз күдікті жайттардың қылаң беретіні рас.

Ибрагимов басқармадағы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру жөніндегі комиссиясына жетекшілік еткен. Ал комиссия тендерлерді өткізу барысында бұра тартқан. Кейбір компанияларға бүйрегі бұрып, енді бірін шөміштен қаққан. Мәселен, «Еркін-Сенім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бәскелестерінен төмен баға ұсынғанына қарамастан тендерден негізсіз шеттетіледі.  Серіктестік сотқа арызданады. Соты оның талабын қанағаттандырып, басқармаға конкурс қорытындыларын қайта қарауды міндеттейді. Нәтижесінде «Еркін-Сенім» ЖШС- ы жеңімпаз болып танылған. Ал басқарма тарапынан сот шешіміне апелляциялық шағым келтірілмеген. Яғни, Ибрагимовқа өзінің заңсыз әрекетін мойындаудан басқа амалы қалмаған сияқты. Бұл бір ғана жағдай. Басқарма басшысы мен бөлім басшысына қатысты тәртіптік істе мұндай мысалдардың бірнешеуі келтірілген.

Түркістан қалалық соты Әдеп кеңесінің ұсынысын зерделеп, Ибрагимовтың талап арызын қанағаттандырусыз қалдырады. Сот шешімінде:

– Р.Ибрагимов басқарма басшысы ретінде міндеттерін тиісінше орындамау салдарынан мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптарының бұзылуына жол берілген. Жоғарыда көрсетілген тәртіптік теріс қылықтары бойынша талап қоюшы әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Одан басқа, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану» Қағидаларының 42-тармағында мемлекеттік әкімшілік қызметшіге тәртіптік жаза қолдану, егер оның іс-әрекетінде басқа жауаптылық түрлері байқалса, оны Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да жауаптылық түрлерінен босатпайды. Бұл ретте, Р.Ибрагимовтың әрекеттері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 207-бабымен қамтылған әкімшілік құқық бұзушылық белгілері байқалады. Алайда, бұл жағдай талап қоюшымен жасалған мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықты жоққа шығармайды. Керісінше, лауазымды тұлғаның әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны, оның тәртіптік жауапкершілігін Кеңесте қарауға негіз болады, - деп жазылған.

Сонда қарапайым ғана заңдылықты уақтысында  прокуратура органдарында жұмыс істеген, қазіргі уақытта білдей басқарма басшысы Ибрагимовтың білмегені ме?  Басқарма мұнымен тоқтамайды, облыстық соттың апелляциялық алқасына шағымданады. Алайда қыркүйекте алқа сот шешімін өзгеріссіз қалдыру жөнінде қаулы шығарған.

Ибрагимовпен бір мезгілде бөлім басшысы Шерзат Сүттібаев та  өзіне берілген тәртіптік жазаны даулауға көшеді. Оның талап арызы алғашқыда Түркістан қалалық сотында, кейінірек апелляциялық алқада қаралғанымен, ешқандай нәтиже шықпаған. Жуырда ол Түркістан қалалық сотына қайта арызданады. Бұл жолы талап арызды басқарманың үстінен бергенімен  Сүттібаев сотта тағы жеңілген.

Осылайша наурызда өзінің тәртіптік ісі қаралып жатқан кезде Әдеп кеңесінің отырысына келуге уақыт таппаған Ибрагимовтың сәуірден бергі аралықта соттасудан қолы босамай жатыр. Басқарма басшысына бұдан басқа айналысатын шаруа қалмаған ба?  Сонда бұл не? Облыс әкімдігіне, Әдеп кеңесіне, прокуратураға  қыр көрсету ме әлде есе қайтару ма?  Ибрагимовтың өзін қызметке тағайындаған облыс әкімдігін сотқа беруі өзі отырған бұтақты өзі кескенмен бірдей ғой. Мұндай әрекеті ел әжуалап айтып жүретін Қожанасырды еріксіз еске түсіреді екен.

Былтыр Түркістан облысында 3,4 миллиард теңге қаржының игерілмей қалғаны Үкімет отырысында бірінші вице-премьер Әлихан Смайыловтың аузымен айтылды. Бұл жағдай  облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевті әбден ашуландырғаны ақпарат құралдарында жарияланды. Облыстық  қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының «Рейтинг» газетіне берген хатына қарағанда, игерілмеген қаржының ең көбі, дәлірегі  868,8 миллион теңгесі Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиесілі.  Алайда  ақпанда журналистерге арнап баспасөз мәслихатын берген Ролан Ибрагимов басқармада бар-жоғы 26 миллион теңгенің игерілмегенін айтып, бірінші вице-премьердің мәліметін жоққа шығарды. Сонда кім өтірікші? Бірінші вице-премьер Смайылов па, әлде Ибрагимов пе?  

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында тендерге қатысты дау-дамайлар, соттасулар  өршіген тұста Ибрагимов облыстық мәслихаттың  тұрақты комиссиясында осы мәселені алға тартып, депутаттардан істің оң шешілуіне ықпал етуді сұрағаны еске түсіп отыр. Оның тілегі қанағаттандырылып, сотқа депутаттық сауал жолданатын болған. Бірақ заң бойынша сот шешімді тәуелсіз, бейтарап жағдайда қабылдайды. Соттың тірлігіне негізсіз араласу жауапкершілікке апарып соғатынын мамандығы заңгер Ибрагимовтың білмеуі мүмкін бе? Біледі. Ал білсе, оның  сотқа депутаттар арқылы ықпал етпек болған әрекетін қалай түсінесіз?! Ибрагимовтың көздегені не? Істің мән-жайынан толық хабардар емес халық қалаулыларын арандату ма? Жалпы осыдан кейін  Ибрагимовтың кімнің рөлін ойнап жүргенін түсініп көріңіз.

Мемлекет сенім білдірген, халық үміт артқан басқарма басшысы Ролан Ибрагимовтың  заңдылықты мойындамай, түкке пайдасы жоқ соттасумен уақыт өткізіп жатқанын облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі аппаратындағы жауапты атқамінерлер біле ме? Білсе неге шара қолданбайды?

"Рейтинг" газеті, №46, 19 қараша, 2020 ж

Білім беру нысандарына қойылатын талаптар
Жетінші шақырылым жетпіс пайызға жаңарады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу