Болатбек Әлиев елді тағы шулатып жатыр
21-06-2023
Еркін Сатқанбаев, №2 кәсіптік лицей директоры, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:
Алдағы аптада Тәуелсіздіктің 19 жылдығын атап өткелі отырмыз. Тарих таразысы үшін тым аз уақыт болғанымен бұл кезең тәуелсіз жас еліміздің қалыптасу, даму, өркендеу сәті ретінде тасқа басылып, тарих қойнауынан орын алды. Он тоғыз жылда не өзгерді, біз осы күнге қалай жеттік, қандай қиындықтар болды, алғашқы жылдары егемен елдің ахуалы қандай болды, қазір қандай? Осы екі кезеңді ой елегінен өткізіп, бұрынғы және қазіргі жағдайды салыстырмалы түрде саралау мақсатында әкімдік жүйенің тізгінін ұстаған алғашқы азаматтардың бірі, Бөген ауданының әкімі болған Еркін Сатқанбаевпен сыр бөліскен едік.
- Еркін Тұрниязұлы, Сіз әкімдік жүйе енді ғана енгізілген тұста аудан басқарған алғашқы әкімдердің бірі болдыңыз. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары ел басқару қаншалықты қиын болды? Қазіргі жағдаймен салыстырып көріңізші.
- Қазіргі Ордабасы, бұрын Бөген ауданына 1992 жылдың 4-наурызында әкімдікке тағайындалдым. Биліктің басқару тетіктерінде жаңадан құрылған әкімдік жүйе қолданысқа енгенімен бұрыннан келе жатқан кеңестік жүйе де жұмысын толық тоқтата қоймаған кезең еді, бұл. Аудан басшылығында сол кездегі кеңес төрағасы да отырғанына қарамастан бізді ауданның әкімдігіне қойды. Ең үлкен қиындық- ірі-ірі колхоз-совхоздардың меншігіндегі дүниені ұстап қалу болды. Өйткені, соған дейін ауыл шаруашылық құрылымдарын несиелендіріп келген «Агробанктың» басынан бағы тайды. Шаруашылық нысандарының жұмыстары тоқырап, алған несиелерінен құтылуға шамалары жетпеді. Сол себепті несие қайтарымы ретінде қорадағы малы мен техникаларды өткізуге мәжбүр болды. Олардың құны өте арзанға бағаланды. Керек болса тартып алған жайттар да кездесті. Шаруашылықта нақты қаражат болмағандықтан, мал басын бартер тауысып тынды. Техника да талан-таражға түсті. Халықтың басым бөлігі аш-жалаңаш, не тұрақты жалақысы бар жұмыс, не зейнетақы жоқ. Тұрғындардың тұрмысы күрт төмендеп кетті. Мемлекет жаңадан жасақталып, әкімдік институттың енді басталып жатқан кезі осындай қиындықтарымен есте қалды. Қазір ше? Барлық саланың қажеттілігі үшін қаражат табылады. Рахат. Тек таза жұмыс істей білу керек. Сол қаражатты игере алмау деген ұғым пайда болды.
Біз аудан басқарған жылдары жерді меншікке өткізу жұмысы күрделі мәселелердің біріне айналды. Бұрынғы мемлекет меншігіндегі жердің барлығын есептеп, жекеге өткізіп, үлесін анықтап беру керек болды. Өтпелі кезең болғандықтан, ол жылдары халықтың жаңа жүйеге қатысты түсінбеген мәселелері жетерлік еді.
- «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген, әлі билікті бере қоймаған ескі жүйенің өкілі мен жаңа жүйенің әкімі қалай қатар қызмет етті?
- Әлі туы жығыла қоймаған кеңестік жүйе мен әкімдік жүйе арасында билікке талас болды. Облыста ескі жүйеден қалған, бірақ әлі жоғала қоймаған халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы Рашид Ибраев болса, облыс әкімі Марс Үркімбаев еді. «Қос өкіметтіктің» салдарынан жер-жерде, ауыл-ауылда руға бөлінушілік белең алды. Себебі, әр ауылдың әкімін қояр тұста сол елдің басымдыққа ие ру басылары өз адамдарын қызметке ұсынып, әлдекімдер әкімдік жүйеге бас сұғудың амалын тапты. Ал қарапайым халыққа не керек, әрине, биліктің қажеті жоқ, оларға бейбітшілік, тыныштық, қарынның тоқтығы, тұрмыстың түзелгені керек. Осы тұста бос даурықпаға жол бергенше шағын кәсіпкерлікпен айналысып, тұрмысты түзеуге болатынын түсіне бастады. Тіпті, отбасылық бизнесті дамытуға қызығушылар да төбе көрсетуге көшті.
- Бөген ауданының Ордабасы деп аталуына Сіздің тікелей қатысыңыз бар деп естиміз. Осы жайында айтып берсеңіз...
- Ауданның аты 1993 жылдың 29-мамыры күні ауысты. Тарихи атаудың ауданға берілу салтанатына үш бірдей мемлекет басшысы, бірнеше мемлекет қайраткерлері куә болып, үш биіміз кеңес құрып, бүкіл қазақтың басын қосып, Абылайды хан сайлаған Ордабасы биігінде бәтуәлі әңгіме қозғалды. Мұндай ойды іске асыруға 1993 жылы кірістік. Бүкіл құжаттарымызды дайындап, сол кезде облыстық әкімдікте бөлім бастығы болып қызмет ететін Мархабат Байғұт екеуміз Алматыға бардық. Тарихи атаудың ауданымызға берілуіне Қуаныш Сұлтанов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, сол жылдары президент аппаратында бөлім бастығы қызметін атқаратын Сауытбек Әбдірахманов сынды ұлтжанды ағаларымыздың көмегі көп тиді. Біздің ұсынысымызбен алғашқы Премьер-министр Сергей Терещонко Елбасыға арнайы кірді. Ісіміз сәтті аяқталып, қолымызға ауданның атын өзгерту жайлы қаулы алып қайттық. Ал үш президенттің қатысуымен өткен жиында халық қуаныштан көздеріне жас алды. Төл тарихымыздың ортамызға қайта орала бастағанына, тәуелсіздік тұғырының биіктегеніне жүрегі жарылардай қуанғандар қатары көп болды.
Тарихи жиын ойдағыдай өтіп, қонақтарды шығарып салғаннан кейін облыс басшысы Марс Үркімбаев пен барлық аудан әкімдері, облыстық кеңестің төрағасы Рашид Ибраев барлығымыз дастархан басында жиналдық. Ауданның басшысы ретінде маған ең соңынан сөз тиді. Сонда мен мүмкіндікті пайдаланып, М.Үркімбаев пен Р.Ибраевқа қарата «бірлік екеуіңізден басталады, Сіз екеуіңіз бірге жүрсеңіздер төмендегілер де әкімдік, кеңес болып бөлінбейді, ел бірлігі артады. Ынтымақты екеуіңіз бастаңыздар» дедім. Екеуі де өте парасатты, ойы терең азаматтар ғой, бірін-бірі жақсы түсініп, кейінгі жылдары да өзара үлкен құрметпен, сыйласып жұмыс істеді. Осындай тарихи оқиғалардың, бірліктің, ынтымақтың себепкері болған Ордабасыны қасиетті тау деп есептеймін.
- Қазір әр басшы өзімен бірге командасын да ала келетін болды ғой. Ол кезде команда қалай жасақталушы еді?
- Біздің кезімізде команда деген ұғым болған жоқ. Қызметке бірінші кезекте білімді, қолынан іс келетін, халықпен жұмыс жасай алатын, салиқалы сөз айта алатын кадрлар жинақталды. Облыс басшысы Марс Фазылұлы бұл тұрғыдан өте саналы жұмыс істеді. Жан-жақтан іскер адамдар шақырылды. Жалпы команда деген осыдан он жыл бұрын бар еді, соңғы екі-үш жылдан бері бәсеңдей бастаған сияқты. Мен сізге айтайын, әлі де болса білімі жоғары, қолынан іс келетін адам жұмыссыз қалмайды.
- Сізге қызмет ұсынған уақытта Марс Фазылұлын қаншалықты танитын едіңіз?
- Шыны керек, ғалым ретінде сырттай білетінім рас еді, жеке таныстығым жоқ болатын. Біздің облыстағы нарықтық экономиканы сол кісі бастап кетті десек те қателеспейміз. Мен ол кісімен тығыз қарым-қатынастағы адам емеспін, бірақ, оның тазалығын үнемі айтып жүремін. Қазіргі әкім Асқар Мырзахметов тұсында мәдени, рухани, әлеуметтік, экономикалық іс-шаралар көп атқарылып жатқаны көңіл қуантады.
Әңгімелескен Шадияр Молдабек