Акбар Гошалы: Түркістанның тарихын әдебиетімізге енгізу біздің борышымыз деп есептеймін
Түркістанда «Түркілер төрі Түркістан» атты халықаралық онлайн конференция өтті. Шараны облыстық әкімдіктің Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтары Түркістан облыстық филиалдары ұйымдастырды. Шараға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қазақстанның алты өңірінен атақты ғалымдар, танымал ақын-жазушылар мен белгілі тарихшылар, журналистер мен мәдениет саласының мамандары қатысты.
Қатысушылар қаншама сырды ішіне бүгіп жатқан қасиетті Түркістан өңірінің құпиясын ашуға тырысып, көрерменге тарихи тың деректерді ұсынды. Сондай-ақ қазыналы өлкенің байлықтарын болашақ ұрпаққа танытып, насихаттау керектігі де айтылды.
Оңтүстіктің киелі мекендері сөз болған жиында қазақ әдебиетінің классик жазушысы Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі Түркістан» атты кітабының онлайн таныстырылымы болды. Халықаралық жиынның құрметті қонағы болған Дүниежүзілік Жас Түрік Жазушылар Одағы, Маслахат Кеңесінiн басшысы, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, әзірбайжан жазушысы Акбар Гошалы да өз ойын ортаға салды.
«Қазақстанға мәдениет пен әдебиеттің дамуын тілей отырып, баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Түркістан түркі жұртының ортақ атауынан шыққан. Бұл тарихтан мәлім. Сол себепті Түркістан атауы біздің де жүрегімізге жақын.Әзірбайжандықтар бұл атауды жақсы біледі, оқиды, ол туралы жазады және сүйеді. Тіпті біздің елде «Түркістан» деген газет те жарық көреді. Сондай-ақ, біздер әзербайжан тілініне аударылған қазақ жазушыларының шығармаларына да қанықпыз. 2017 жылы «Жаңа замандағы қазақ шығармалары» кітабы жарық көрген еді. Одан бұрын қазақ елін басқарған, түрік әлеміне танымал Нұрсұлтан Назарбаев және жазушы Рақымжан Отарбаев туралы кітаптар әзірбайжан халқына ұсынылған болатын. Түркістанның рухын, тарихын әдебиетімізге енгізу біздің борышымыз деп есептеймін. Түркі әлем бір төр болса, Түркістан оның бір бөлігі іспеттес. Түркістан - ертүріктің атамекені. Мейлі Балкан түбегінде, мейлі Ұйғырстанда, мейлі Якутияда, мейлі Татарстанда болмасын, қай жерде өмір сүріп жатқан түркі бауырымыз болса, Түркістан оның жүрегінде.
Түркістан дегенде бірінші ойымызға Ахмет Ясауи бабамыз оралады. Жүздеген жастар алып тұлғаның есімін иелеген Түркістан шаһарындағы халықаралық университеттің түлегі атанып жатыр. Қасиетті мекенде орын тепкен оқу ордасы түркі бауырлардың басын қосқан шаңырақ деуге болады. Жалпы Түркістан жерінің ауасын жұтып, рухын сезіну мәртебесі маған екі рет бұйырған-ды.
Жазушы Мархабат Байғұт ағамызды Әзірбайжандағы достарымның атынан құттықтағым келеді. «Түркілер төрі –Түркістан» кітабының жарық көруі Түркістанды танығысы келетін, ол туралы білуге құмартқандар үшін керемет жолсерік боларына сөзсіз сенемін. Менің естуімше, оның жазылу форматы да, ақпараттардың берілуі де аса мәртебелі оқырманның қабылдауына қолайлы, ыңғайлы келген. Біздің өлкеде Қазақстанды оқып, ол туралы білгісі келетін бауырларымыз жетерлік. Ұлттар достығын дамытуда, түркілердің басын қосуда біздің де бір септігіміз тиіп жатса қуанар едік",- деді ағынан жарылған жазушы А.Гошалы.
Конференция соңында «Түркістан туралы жыр» айтылып, арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді. Жазушы да жиынды ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, шараны түйіндеді.