Ақментай Есбаевтың отставкісі...
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жуырда бірінші жартыжылдықта орын алған сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жасаған талдауын жария етті. Осы талдауға қарағанда, республикада «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер ең көп орын алған өңірлердің ішінде Түркістан облысы да аталып отыр. Бұл туралы Oinet.kz тілшісі "Рейтинг" газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жуырда Келес ауданында 400 мың теңге пара алған ауыл әкімі 12 миллион теңге айыппұл төлейтін болды. Сот экс-әкімге кеңпейілділік танытып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған жоқ. Себебі ол өзінің жасаған қылмысын бұлтарусыз мойындап қойған. Тіпті прокурормен өзара мәміле де жасаған.
Істің мән-жайына қарағанда мамыр айында Құрманәлиевке бір азамат келіп, тұрғын үй салу үшін жер сұраған. Әкім ауылда беретін жердің көп екенін, өзіне ұнаған жерді көріп келу қажеттігін айтады. Қысқасы не керек, өзіне ұнаған жерді көргеннен кейін ауыл әкімі 400 мың теңге пара сұраған. Әкім параны бүгін сұраса, ертеңіне ақшаны «Нива» көлігінде отырып алған. Айғақтық зат оның «темір тұлпарынан» табылған.
Процестік келісім болғаннан кейін сот істі жеделдетілген тәртіппен қараған. Парақор мен прокурор өзара мәміле жасағаннан кейін үкімге ешкімнің апелляциялық шағым бермейтіндігі айтпаса да түсінікті. Яғни, үкім күшіне енгеннен кейін Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев отставкіге арыз жазады деген сөз. Есбаевтың арызын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қабылдай ма, жоқ па? «Мешкей деген жақсы ат емес»... Қалай десек те, қызметінен кетсін, кетпесін, ушыққан коррупцияның салдарынан отставкіге арыз жазуға мәжбүр болу қайбір абырой дейсіз. Абыройдың айрандай төгілгені емес пе?! Ақментай Есбаев та аудан әкімі болып аспаннан салбырап түсе қалған жоқ. Осы аманатты арқалап атқа қонғанға дейін мемлекеттік қызмет саласында қаншама тер төгіп, нешеме баспалдақтардан өтіп, қасықтап жинаған абыройы енді шелектеп төгілуге әкеліп соққанын қарасаңызшы. Өкінішті-ақ...
Жалпы, Келес сыбайлас жемқорлықпен аты шыққан ауданға айналып барады десек артық айтқанымыз емес. Бұған дейін ақпарат құралдарында аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Әбдиевтің пара берді деген іс бойынша тергеушілерге жауап беріп жатқаны жарияланған болатын. Осыдан кейін Келес аудандық спорт бөлімі басшысының бір миллион теңге парамен ұсталғаны туралы мәлімет таратыла бастады. Мұның алдында тағы бір бөлім басшысының істі болғаны айтылды. Ендеше, рас болса, бір ауданда үш бірдей бөлім басшысының үстіне бұлт үйіріліп жатқаны қайбір жақсылық дейсіз. Дегенмен, құзырлы органдардың бұл жөнінде ресми ақпарат таратпай отырғаны да рас.
Ақментай Есбаев 2018 жылы өз алдына қайтадан отау тіккен Келес ауданының алғашқы әкімі. Яғни, параман ұсталған, істі болған шенеуніктердің бәрі де оның өзі тағайындаған кадрлар саналады. Облыста отставкіге екінші болып Кентау қаласының әкімі Дәурен Мақажанов арыз жазуы мүмкін. Биыл ақпанда Ескі Иқан ауылының әкімі Хасан Муслимов парамен ұсталды. Бұған дейін жазғанымыздай, ауыл әкімі жергілікті бір тұрғынның жерге қатысты құжатына қол қойып беру үшін 4 миллион 150 мың теңге пара сұраған. Оның 2 миллион теңгесін алу барысында қолға түскен. Муслимовтың ісін Кентау қалалық соты қарап жатыр. Егер сот әкімге айыптау үкімін шығарса, Мақажанов та отставкіге арыз жазуы тиіс.
Қызық болғанда Хасан Муслимов былтыр интернетте «мен пара алмаймын» деген челленджді бастап, бұл желіде қызу талқыланған еді. Бейнероликте «мен Хасан Муслимов пара алмаймын» деп ұрандатқан әкім бір жылдан кейін пара алды деген күдікпен ұсталды. Жемқорлыққа қарсы күрес дегеніңіз осындай жалған ұранға, баянсыз науқанға айналып бара жатқанына бұдан артық не дәлел керек?
Облыста сыбайлас жемқорлық әкімдікте де, мектепте де, жер саласында да кездеседі. Шенеуніктер соңғы кездері параны жай ғана алып қоймай, қорқытып алатын дәрежеге жеткен сияқты. Мысалы, бірінші жартжылдықта облыстағы бір аудандық жер-кадастрлық филиалының директоры ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін рәсімдегені үшін қорқытып пара алған. Талдау қорытындысында «Орталық және жергілікті атқарушы органдардың сандық көрсеткіштерін ескере отырып, Түркістан облысы, Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейім өңірлер болып табылады», делінген. Түркістанның алғашқы болып ауызға ілігуі тегін емес.
Түркістан облысында қолға алынған шараларға қарамастан сыбайлас жемқорлықтың жолы кесілген жоқ. Бір кездері басшылар «Мектепке маман қабылдауды цифрландырдық, енді мұғалімдікке парамен кіру дегеніңіз миф» деген болатын. Алайда директорлардың парамен ұсталуы тоқтаған емес. Мәселен, осы жуырда ғана облыстағы бір мектеп директорының қоластындағы мұғалімнен пара алу барысында қолға түскені жария етілді.
Заң бойынша ауыл әкімдерінің жер берудегі құзыреті шектелген. Жер беру туралы шешімді жер комиссиялары қабылдайды. Ауыл әкімі осы шешімді орындаушы ғана. Бірақ, бәрібір ауыл әкімдері жер беремін деп парамен ұсталып жатады. Сонда мұндай қарама-қайшылықтарды немен түсіндіруге болады? Облыста сыбайлас жемқорлықпен күрес қағаз жүзінде басқа, тәжірибе жүзінде басқаша. Парақорлықтың шынайы бейнесін әкімдердің баяндамасынан емес, соттардың шығарған үкімдерінен, тергеушілердің том-том қылмыстық істерінен табуға болады.
P.S. Айтпақшы, жуырда Түркістан облысында пара алды деген айып бойынша облыстық мәдениет басқармасының басшысы мен бөлім басшысы жеті жылға бас бостандықтарынан айырылды. Бұл үшін кімдер отставкіге арыз береді? Аудан мен қала әкімінің отставкісін қарау барысында облыс басшысы неге сүйенеді? Осы жөнінде қазір Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілмановқа «Рейтинг» газеті атынан арнайы хат жолдадық. Жауап келгеннен кейін біз бұл тақырыпты одан әрі өрбітетін боламыз.
"Рейтинг" газеті, №34, 27 тамыз, 2020 ж