Сәуірбай Есжанов: «Ел зейнетақысының дұрыс есептелгенін қалайды»

Oinet.kz 28-10-2010 1921

Screenshot_2.jpg

Сауырбай Есжанов, Парламент Мәжілісінің депутаты:

-- Сауырбай Көлбайұлы сайлаушылармен кездесулерде қандай мәселелер көтеріледі? Елде болғанда нені аңғардыңыз, көңілге нендей ой түйдіңіз?

 -- Мен алғаш 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт және Төлеби аудандарынан депутат болып сайландым, можаритарлық жүйемен. Ал, 2007 жылы пропорционалды түрде «Нұр Отан» партиясының тізімімен өттік. Мұны айтып отырған себебім, бүкіл қазақстандықтар біздің сайлаушыларымыз болып саналады. Яғни, барлық сайлаушыларымызбен қарым-қатынас жасап тұрамыз. Дегенмен, жоғарыда аталған екі ауданның сайлаушыларымен жиірек кездесемін. Алғаш депутат болып сайланған жылдары жөнделмеген жолдар, ауруханалар мен мектептердің жетіспеушілігі жиі көтерілетін. Ал қазіргі таңда ауылдағылар көбіне мәдениет сарайларының салынуын сұрайды. Яғни, Елбасының сарабдал саясаты арқасында соңғы алты жылда денсаулық, білім саласы нысандарын, жол салуға қатысты мәселелер біршама шешімін тапты. Ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен, «көгілдір отынмен» қамту бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Кей ауылдардың жолдары жақсы, газ жеткізілген, су, мектеп, аурухана мәселесі шешілген, қысқасы тұрғындарының жағдайлары қалалықтардан кем емес. Елдің тұрмысы күн санап жақсарып келеді. Ауылға барғанымызда айтылатын мәселенің бірі – зейнетақының дұрыс есептелінбегені болып отыр. Осы жәйтті депутаттар жуырда Парламентте өткен Үкімет сағатында көтеріп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықоваға сұрақтарын қойды. 

    Осындайда өзімнің туған ауылыма қатысты бір жәйт есіме түсіп отыр. Біздің кейбір азаматтарымыз кеңес өкіметінде болған жағдаймен қазіргі кездегіні салыстырғанды жақсы көреді ғой. Менің ауылым облыс орталығынан 50 шақырымдай жерде. Сол кеңес дәуірімен салыстыратын болсақ, өздеріңіз білесіздер, совет өкіметі 1917 жылы орнады, ал біздің кішкентай ауылға электр шамы 1965 жылы әкелінген екен. Яғни, араға 48 жыл салып. Алпауыт кеңес өкіметі 50 жылдан кейін шешіп отыр. Тәуелсіздік алғанымызға 19 жыл болды, бірақ сол аз уақыттың ішінде барлық салада қыруар тірлік атқарылды.

-- Мәжілістің  Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретіндегі тірлігіңізді тілге тиек етсеңіз. 

 -- Биыл жыл басында Мәжілісте атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға қатысты халықаралық құжатты бекітуді көздейтін заң жобалары талқыланды. Мен осы заң жобалары бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі болдым. Палатаның барлық салалық комитеттері оң қорытындысын берді. Барша халқымыз еліміздегі ынтымақ өз жа¬ра¬сымын тауып, нығая түскенін қалайды. Қазақстан Президентінің әлемдегі атом қаруына ие елдерді ядролық арсеналдарынан бас тартуға шақырған бастамасын барша адамзат баласы қолдап отыр. 

«Өз тілін білмеген адамда қайдағы патриоттық?»

-- Қазіргі уақытта қоғамдағы қандай мәселе сізді толғандырып жүр? 

--  Қоғам өмірінен тыс қалған адам ғана ештеңеге алаңсыз өмір сүретін шығар. Толғандырып жүрген нәрселер аз емес.  Бүгінгі таңда тіл мәселесі қоғамда жиі қозғалып жүр. Оған қатысты біз де депутаттық сауалдар жолдап, мәселе көтергенбіз. Мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің шамамен 80 пайызы орыс тілінде сөйлейді. Әсіресе, атқарушы органдарда. Біздің Мәжілісте де кей әріптестеріміз ресми тілде сөйлейді. Өзге этнос өкілдеріне өкпеміз жоқ, өзіміздің қазақ азаматтары қазақ тілінде сөйлесе екен дейміз. Елбасы Н.Назарбаевтың жақында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында тілге қатысты айтқан сөздері жұрттың жадында жатталып қалғаны анық. «Баяғыда он қазақтың ортасында бір орыс отырса бәріміз орысша сөйлейтін әдеттен әлі күнге дейін ажырамай жүрміз. Қазақ пен қазақ отырған жерінде де, көшеде де  әлі күнге дейін орысша сөйлейді. Өз тілінде майын тамызып сөйлемейінше, басқа тілде қайда барады. Өз тілін үйренуі керек. Қазақтың баласының өз тілін білмей шорқақтағаны тіпті ұят қой”, деді Елбасы. Жалпы, Елбасымыз «қазақ пен қазақ қазақша сөйлесуі» керектігін талайдан бері айтып келеді ғой. Дэвид Кристалл деген филолог «бір тіл жойылатын кезде, екі тілдік пайда болып, олар бір-бірімен бәсекеге түсетінін, сол екі тілдің арқасында келген екі мәдениеттің бірі жеңіп шығады да екіншісі жойылатынын» айтқан екен. Қазақ тілі жойылады деген ойдан аулақпын, дегенмен оны дамыту, қолдану аясын кеңейту қажет. Қазақстанда тұрып өз тілінде сөйлей алмайтын мемлекеттік қызметкерлерге ренжисің. Осы жақында ғана бір агенттік төрағасының орынбасарына, өзі қазақтың жас жігіті екен, «айналайын қарағым, қазақ тілінде сөйлесең болар еді ғой» деп ескерту жасадық. Сонда ол қызметкер қандай жауап айтты дейсіз ғой. «Менің патриоттығым сіздердің патриоттықтарыңыздан жоғары, қазақ тілін білмесем де», деді. Мүмкін солай да шығар, бірақ өз басым онымен келіспеймін. Өз тілін білмеген адамда қайдағы патриоттық және ондай уәжді талай естіп жүрміз. Өз тілін, сал-дәстүрін, ділін білмеген адамда патриоттық қайдан болсын? Алдымен бірінші басшы мемлекеттік тілде сөйлесе, қарамағындағылар да қазақша сөйлейтін болады, соған тырысады. Тілді дамытуға қыруар қаржы бөлініп жатыр. Бірақ, мемлекеттік тілді дамыту үшін бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпейді. Қаншама қаржы ысырап болуда. Германияда немістер алғаш отандастары келген кезде  арнайы қаржы бөліп, білмейтіндерге тіл үйреткен екен. Егер олар үйренбесе қаржыны кері қайтарған. Ал бізде миллиардтап қаржы бөлініп жатыр, неше жылдан бері. Нәтиже көрінбейді. 

     Аптасына бес рет спортпен шұғылданамын

-- Жыл сайын оңтүстіктегі Қазығұрт баурайында бокстан турнир өткізесіз. Яғни, осылайша ел спортының дамуына үлес қосып жүрсіз. Өзіңіз де спортпен айналысатын шығарсыз? Жалпы қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз?

-- Жоғарыда айтып өткенімдей, 2004 жылы Қазығұрт және Төлеби ауданынан депутат болып сайланғаннан бері сол аудандарда бокстан және футболдан турнир өткізуді дәстүрге айналдырдық. Осылайша ел спортынынң дамуына аз да болса үлесімізді қосып келеміз, екіншіден сайлаушыларымызбен кез-келген тақырыпта және мәселеде еркін әңгімелесуге, пікір алмасуға мүмкіндік береді. Төлеби ауданында футболдан өтетін турнирге 55-60 командаға дейін қатысады. Сол аудандағы ауылдардан, көрші аудандардан, қалалардан келеді. Ал, бокстан Қазығұртта өтетін турнир алғашында ауданаралық болып ұйымдастырылған еді. Кейін қатысуға облыстағы барлық аудандар ниет білдіріп, облыстық деңгейге көтерілді. Бертін келе республикалық турнирге айналды. Соңғы жылдары Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің боксшылары да бақ сынайтын халықаралық деңгейде өткізіліп келеді. Яғни, ауыл спортын дамытуда, жастардың спортпен айналысуына мол мүмкіндік жасалуда.  Жастардың нашақорлықтан аулақ, денсаулықтарының мықты болуына осындай спорттық турнирлердің әсері көп екені сөзсіз. Елбасы өзінің халыққа Жолдауында елде бұқаралық спортты дамыту, 30 пайызға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керектігін айтты. Бұл бағытта министрлік пен әкімдер жұмыс істеп жатқаны анық. Дегенмен, ел азаматы ретінде осындай турнир ұйымдастырып, бірінші кезекте, еліміздің ертеңі саналы жастардың теріс жолға түспеуіне септігімізді тигізіп келеміз. Иә, өзім де уақыт тауып, аптасына бес рет спортпен шұғылданамын. Ал, демалыста отбасыммен бірге болғанды ұнатамын.

-- Соңғы жылдары елімізде діни секталардың көбейе түсуі, оның ішінде исламның түрлі ағымдары пайда болуы көпшілікті алаңдатуда. Осы мәселеге қатысты қандай пікір айтасыз?

-- Тек жақсылыққа бастайтын, имандылыққа тәрбиелейтін ислам – діндердің арасындағы жас дін. Басқа дінге немесе секталарға өтіп жатқан қандастарымыздың әрекетіне, әрине қынжыламыз, ойландырады. Олардың сыртынан жаман сөз айтудан аулақпын. Қателескен азаматтарымыз ақылға келер, өз үйіріне оралар деген үміттемін. Қазақта «Аллаға құлшылық, патшаға қызмет» деген сөз бар.  Бұл орайда діни басқарма өз жұмысын жетілдіре, жандандыра түсуі қажет деп ойлаймын. 

--Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ

Қазақ тілін құрметтемегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Серік Ибадуллаев: «Алғашқы үштікке кіреміз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу