«Шаршап жүрген» Дүйсенова елдің өтінішіне құлақ аса ма?
Oinet.kz сараптайды - Біреу орнынан босамай, біреу қызметке тағайындалмайды. Дариға Назарбаеваның Сенат төрайымдылығынан кетуі, бірқатар кадрлық өзгерістерге алып келді. Дариғадан басқасының бәрінің қызметі өсіп жатыр. Бір қызығы, мансабы жоғарылағандардың жартысы нәзік жандылар. Дариға биліктен кеткенімен, Қазақстан билігіндегі феминизм мәселесі бірінші «планнан» кетпейтін сияқты.
Осы жолы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің креслосын иемденген Аида Балаеваның орнына Тамара Дүйсенова тағайындалды. Ол енді Президенттің көмекшісі –Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметіне кірісті.
Т.Дүйсенованың тәжірибесінің мол екендігін мойындау керек. Тамара Қасымқызының бір қызметке екі, тіпті үш қайтара тағайындала беруін осы тәжірибелікпен байланыстыруға болады. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лаузымын екі мәрте атқарған. Екі мәрте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды. Осы аталған министрлікке үш мәрте басшылық жасады (екі мәрте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, бір мәрте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі). 2018 жылы министр Тамара Дүйсенованың жұмысына көңілі толмаған Елбасы:
- Нақты тапсырмалар бердім. Алайда онымен ешкім айналысқан жоқ. Министр Дүйсеноваға бірнеше рет. Не болды, Тамара, әлде сен мына жұмыста шаршадың ба?, - деген болатын. Артынша Дүйсенова қызметінен босатылды.
ТАҒЫ ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Дүйсенова осыдан кейін әкімдікке де, үкіметке де жолаған жоқ. «Нұр Отан» партиясының хатшысы лауазымында отырып, былтыр «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» басшылығына тағайындалға еді.
«Шаршап жүрген» Дүйсенова елдің өтінішіне қаншалықты құлақ түреді? Оны уақыт көрсете жатар. Айта кетері, бұл Дүйсенованың Ақордадан алған алғашқы қызметі. Президент әкімшілігіндегі жайлы креслоға жайғасқан шенеунік ханым алдағы уақытта керемет карьера жасауы әбден мүмкін.