Раушан Қалдаяқова: «Шәмші ағам еркелеткенімен, еркімізге жібермейтін»

Oinet.kz 23-01-2009 1399

491130bfd5fb1c1fc59b509d67fb61a5.jpg   

- Біз - кіндіктес бауырлар бесеу едік. Отбасының тұңғышы -  Тұмаркүл әпкем жасы сексенге келгенде жарық дүниедегі дәм-тұзы таусылды. Мен Шәмшіден кейін туылған тетелес қарындасымын.  Сонсоң інісі Қадыр, қарындасы Райхан бар. Он бала тәрбиелеп, «Алтын алқа» таққан анамын.

Екеуара әңгімеміз осылай өрбіді.

-  Шәмші көкеме тете өскендіктен ойын баласы болып, әлдеқандай  «тентектігін» көрсеткенде, кім жеңетін?

- Екеуміздің арамызда ешқандай келіспеушілік болмайтын. Менің қылығым теріс болса, өзінің де, өзгенің де алдында: «Раушан қарындасымдікі дұрыс» деп, әрдайым ақтауға дайын тұратын. Тетелеспіз десек те едәуір жас айырмашылығымыз бар емес пе? Маған ауыр сөз айтпайтын. Арқалап алатын. Бетімнен қақпады. «Атасы бөлек аттан түс» деп, жаугершілік заманда баласын тастап, бауырын атқа мінгестірген қазақпыз ғой. Ағам бауырларын ерекше жақсы көретін.

- Алдындағы аға-әпкелеріне қарап, ой қорытып, бой түзейтін қасиет қанымызға сіңгені белгілі. Саңлақ сазгер сізге нені үйретіп, неге баулыды?

- Ағам еркелеткенімен, еркімізге жібермейтін. Тәртіпке қатал еді. Айтқан тапсырмасының қалай орындалғанын қатты қадағалайтын. Сөзге шебер болатын. Оның ел аузындағы атақ-даңқына нұқсан келтірмеуді ойладық. Тек өзі баулығандай адалдықпен, кішіпейілділікпен, өнерсүйгіштікпен танылуға талпындық. Қазір Шәмші сусындатқан тәлім-тәрбиені ұл-қыздарыма, немерелеріме үйретудемін. Ең бастысы, ол өскенде де қарапайым қалпында қалды. Қарапайымдылығы ғой, күн сайын ғажайып туғызып жатса да, «ерлігім ескерілмеді» деп ешкіммен ерегіспеді. Атақ-даңққа, қызметке қызықпады. Әлдекімдерше таланттылығымен алға тартып, үлкен астаудан ас ішуді, биік мінберлерде көсемсіп сөйлеуді көңілі қаламады.

- Шәмші ағаның жас кезінде болашақта «Қазақ вальсінің королі» болатынын сезіне алдыңыз ба?

- Ағамның атағы жер жаратынын балалық шағымда қайдан білейін? Аңғару былай тұрсын, тіпті бұл ой басыма да кірмейтін. Білетінім: шамасы 13-14 жасында Шәмші әнді шәй ішіп отырып-ақ шығаратын. Жаңа әнін апама айтып беріп, лайықты бағасын сұрайтын. Ал апам: «Қарағым-ай, сенің әніңді түсіне қоймаймын. Біздің ән былай...» деп «Екі жиренді», «Қорланды», басқа да әнді тамылжыта шырқайтын. Керісінше мен кекететінмін: «Апыр-ай-ә, бір күні теледидардан Шәмші Қалдаяқовтың әнін әйгілі Роза Бағланова, Күләш Байсейітова, Жамал Омарова орындайды дегенді есітіп, шетімізден қырылып қалмайық».  Ағам бұл мұқатуыма мұңаймайтын. Қабағын да шытпайтын. Шүкіршілік дейін, сол кездегі қалжыңым артынша ақиқатқа айналып, Шәмшінің әндерін ең бір таңдаулы әншілер қазақ даласына мәңгілікке кеңінен таратты. Өкініштісі, «Шәмші әнді ішпесе жаза алмайтын ауру, қаңғыбас» деген сөздер жұрт арасында жиі естілетін. Қаңғыбас болмағанда қайтсін, қоғамнан қат-қабат қасірет шеккен соң іші өртеніп, ішпегенде не істесін? Оған қай мекеме «жұмысқа кел» деп есігін ашып, кім салтанатты сарайдың саңылауынан қаратыпты?  Шындығында Шәмші әнді жас кезінен шығаратынын тағы да қайталауға тура келіп  тұр. Халқымыз «қанына тартпағанның қары сынсын» демей ме, Шәмшідей біртуар ұлды дүниеге әкелген анамның әнші, әкемнің күйші болуы – дарынның дәні тұқымымыздан табылатынын танытпай ма?

- Шәмші көкем күйінген шақтарында қарындасына мұң шағып, шер тарқатушы ма еді?

- Жоқ, ешқашан ренішін біздерге сездіріп, көз жасын көрсетпейтін. Тек қайтыс болар тұсы таяғанда ауруханада күні-түні қасында болған маған өкпе-назын айта бастады. Бәрі де көкейімде сайрап тұр. Бүгінде талантқа тас лақтырып, аяғынан шалып, тобығынан қаққан талайлар Шәмшіні «жоқтап» жатыр. Ондай опасыздарға не дейсіз? Ел-жұрты азаматын ардақтап жатқанда өнбес дауды қуудың қажеті қанша?

Дегенмен мына жайды ұмытуым қиын: Ағам 60 жасқа толған мерейтойын туған жері Отырар ауданы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде атап өтті. Аудан әкімі Алматы жақтан, алыс аймақтардан мерейтойға қатысушы қонақтарды қарсы алу үшін облыс орталығындағы темір жол вокзалына көліктерді қаз-қатар тізіп қойды. Алайда, тізілген көліктер бос қайтып, ең соңғы көлікпен жалғыз Тікеш Ибрагимов деген азамат келді. Себебі, Алматыдағы ақын-сазгерлердің бірқатары Шәмшінің шақыруына селқос қараған. Енді біреулеріне шақырту қағазды «сенімді достары» әдейі таратпайды. Сол жолы мерейтой дүркіреп өтіп, халқы Шәмшінің қуанышына ортақтасты. Мерейін өсірді.  Бірақ сондағы ағамның жанарына тұнған жас менің жүрегімді де жаралаған болатын. Құдайға шүкір, тарих бәрін өзі екшеп, әділ төрелігін айтуда. Шәмшінің тірісінде көрмеген бақ маңдайына өлгеннен кейін жазылды. 

- Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты ән байқауы алдымен республикалық болып басталып, бүгінде халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып келеді. Осы байқау Сіз күткен деңгейден көрініп жүр ме? 

- 1992 жылы тұңғыш рет тұсауын қиған байқау Шымкент қаласынан бөлек бірде Ордабасы ауданындағы Арыстың жағасында, енді бірде Түлкібас ауданындағы Машат шатқалында өтті. Өзі өмірге әкелген осы байқау  жергілікті жерде жалғасын таппаған соң Амалбек Тшанов  кезінде Тараз қаласына апарып, халықаралық деңгейде дүркіретті. Екі жыл бұрын дарабоз дарын бауырымның туған жері – киелі Отырар ауданында жалғасын тапты. Отырар ауданының әкімі Әлімжан Құртаев өлеңнің, өнердің қасиетін түсінетін жан ретінде көпшіліктің көңілінен шығатын әдемі, әсерлі іс-шара өткізді. Былтыр байқаудың гала концерті Шымкент шаһарының шырайын кіргізіп, ел игілігіне қайта жаңарып  ұсынылған «Көл» демалыс аймағында ұйымдастырылды. Қазір халық осы көлді «Шәмші көлі» деп атай бастады. Айдар Ниязов басқаратын облыстық  мәдениет басқармасының тапсырысымен Шәмші көкеме арналған «Ән құдіреті» деп аталатын деректі фильм түсірілді. Биылғы байқау облыс орталығындағы стадионда болды. Жұрт мол жиналды. Шәкеңнің туған күні де елеусіз, ескерусіз қалып жүрген жоқ. Белгілі сазгер Нышан Төлегенов сияқты ізбасар інілері ұстаз алдындағы борышын өтеуге барын салып келеді. Қалай дегенмен де Шәмші Қалдаяқов атындағы байқаудың өзіндік жетістіктері жетерлік. Әрине кейде кемшіліктер де  кездесіп тұрады. Мені алаңдататыны бұл емес. Дәлірек айтсам, облыстық филормония 2003 жылға дейін Шәмші Қалдаяқовтың атымен ресми түрде аталып келді де сол жылы  бұл мекеме басқа мекемелермен бірігіп қайта құрылуына байланысты Шәмшінің аты қолданыстан түсіп қалды. Одан бергі уақытта да облыстық филормония бірнеше рет қайта ұйымдастырылуға ұшырады. Ал Шәмші көкемнің аты қашанға дейін ауада қалқып тұратыны белгісіз. Тиісті басшылардан «филормонияға Шәмші Қалдаяқовтың атын қайтаруға қажетті құжаттарды жинақтап жатырмыз» деген жауап алдым. 

Әңгімелескен Ғалымжан Қамытбекұлы

Қансейіт Әбдезұлы: «Түлкиевтің таланты табиғатпен тамырлас»
Ержан Серікбаев: «Мен ұнатқан қызды ешкім биге шақырмаушы еді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу