Ержан Серікбаев: «Мен ұнатқан қызды ешкім биге шақырмаушы еді»
-Ереке, бала кезіңізде қандай едіңіз?
Ержан: - Бұзық едім. Бірақ, сабақты жақсы оқыдым. Күнделігіме «бес» деген баға түссе үйге қайтқанымда қуанғанымнан жолдағы көлшік суларды айналмастан, кешіп өтетінмін. Анамды қуантқанша асығатынмын. Аяқ киімімнің лай болғанын көрсе де, анам ұрыспайтын.
- Жиі төбелесетін ба едіңіз?
Ержан: - Мен бірінші атаман болдым. Мектепте де, мектепті бітірген соң да. Ауылда сондай атақ болушы еді ғой. Анадан алтаумыз. Төрт ұл, екі қыз.. Біз тұрған көшеде өзге ұлттың өкілдері көп тұратын. Олар менің екі ағама жиі тиісетін. Ол кезде мен 4-сыныпта оқитынмын. Олар 6-сыныпта. Бірде үйге Қалмахан деген туысқанымыз қонаққа келіп қалды. Өзі бокстан жаттықтырушы. Көп кешікпей екі ағамды да боксқа алып кетті. Олардан мен қалысамын ба, арттарынан ілесіп бардым. Сұранып жүріп, секцияға жазылдым. Тұрақты жаттығулардың септігі тиіп, ақыры қарсылас таңдамай, көшедегі балалардың барлығын жеңіп шықтым. Бұдан былай көше атаманы біз едік. Десек те, үй ішімізбен музыкаға бейім болдық. Тіпті, ағаларыммен қосылып ансамбль де құрдық. Топты мен басқаратынмын. Кейін Шахи деген жігіт қосылды. Өзі мықты барабаншы, ағып тұрған талант. Кез-келген әнді құлпыртып жіберетін. Шахи келген соң ағамды топтан шығарып жібердім. Себебі, маған тойға шығып ақшаны көп тапқан емес топтың жақсы музыка ойнағаны қажет еді. Біз соған жетуге тырыстық. Сөйтіп, туған бауырымды топтан шығарып жібергенім бар. Оны жаман ойнады деп те айта алмаймын. Дегенмен, Шахи ағамнан жақсы ойнаушы еді.
- Қай жасыңыңздан бастап ойнай бастадыңыз ансамбльде?
Ержан: - Алғаш, 6-сыныпта жаңа жылдық шыршада гитарамен ән айттым.
Мектеп қабырғасында жүріп вокалды- аспапты ансамбльде ойнадым. Музыкалық жабдық пен аспаптар біздің үйімізде тұрады. Мен соның бәрін тексеріп, тазалап, қажет болса жөндеп, құлақ күйін келтіріп дайындайтынмын. Барлығы үйге дайындыққа келетін.
- Ереке, сіздің «Ауылым» деген әніңізде керемет бір сағыныштың лебі байқалады. Жалпы ауылдың қай қырын көбірек сағынасыз?
Ержан: - Өмірдің ең қызық шақтары - балалық шақ қой. Менің балалық шағым ауылда өтті. Мектепті бітірген соң да оқуға түсе алмай қалдым. (күледі.) Алматыдағы дене шынықтыру Институтына келгенмін. Ол жақтағылар мені қабылдамай қойды. Құжат тапсырам деп жүріп уақыт өткізіп алдым. Алматыға алғаш баруым, бір айдай уақыт жаттым. Сол кезде институтқа түскім келмеп еді. Ауылды сағындым. Түсе алмағаныма қуанып кеттім. Ауылға барып рахаттанып жүретін болдым деп (күледі.)
- Ереке, бала кезіңде көршінің мысығын қуып, жинаған шөбін өртеген жоқсыз ба?
Ереке: Жоқ. Мен негізі жан-жануарларға қатты жаным ашиды. Бала кезімде бір кісідей «рогатка» аттық қой. Бір-ақ рет тигізгенмін торғайға. Тура қасыма келіп қонып еді, атып алдым. Сосын оны апарып көмдім. Бұдан кейін жануарлар мен құстарды атпайтын болдым.
- Мектепте жүргеніңізде алғашқы махаббатыңыз болды ма ?
Ержан:- Мектепте маған қыздар аса қызыға бермейтін. Бірақ, әдемі қыздың сыртынан иемденіп алатынбыз. Менің «ғашығымды» балалардың барлығы біледі. Оны ешкім биге шақырмайтын. Мына жақта мен тұрмын ғой! Менен қорқып ешкім шақырмаушы еді. Оның әкесі автобазаның директоры. Мені «бақташының баласы» дейтін. Өйткені мен 5-сыныпта оқитын кезімде әкем ауылдың сиырын бақты. Содан осы ат мектепті бітіргенше соңымнан қалмады. Өзіміздің жеке үйіміз жоқ. Пәтер жалдап тұратынбыз. Қазір таң қаламын, «неге сол кезде әкем үй салмады екен» деп. Көшіп жүре бергенбіз ғой Арыстың ішін айналып. Кейін өз баспанамыз болды. Бірақ, құрылысы ұзаққа созылды. Бастапқыда бір бөлмесін бітіріп, барлығымыз соның ішінде тұрып жаттық. Ақыры, 11 жылдан соң бітті ғой.
Қызықты оқиғасы
Әнші-сазгер Ержан Серікбаев өзінің жеке концертін өткізу үшін Алматыға жолға шығады. Купеде оның жалғыз жол серігі әдемі, әдепті көрікті қыз болып шығады. Купеден екеуі-екеу шүйіркелесіп барып ұйықағ абс қояды. Таң енді ғана атып келе жатқан ұйқының тәтті кезінде жолаушы қыз Ержанды оятып, «ал аға, ме осы арадан түсетін едім, қош болып тұрыңыз» деп, жүктерін алып түсуге кетеді.
Ұйқысы ашылған Ержан ары аунап, бері аунап жатып, қалып кеткен туфлиге көзі түседі де, үлгеру үшін жан ұшырып туфлиді ала сала жүгіреді. Осы кезде поезд жүре бастайды.
-Сәуле, Сәле, - деп айқайлаған дауысқа әдемі қыз жалт етіп қарағанда туфлиді бірінен кейін бірін лақтырып «Ух... үлгердім-ау әйтеуір» деп өзіне-өзі риза болып, үлкен бір істі тындырғандай орнына барып жатады. Осы кезде жоғары қабаттан түсіп келе жатқан әйелге көзі түседі. «бұл қашан келіп қалған» деп таңырқағанша әйел аяқ киімін іздей бастайды. «менің туфлиімді көрдіңіз бе?», - деп Ержаннан сұрайды. Түнде бұлар ұйықтаған кезде әйелдің жолдан мініп жоғары қабатқа орналасқанын, лақтырылған туфли Сәуленікі емес, осы әйелдікі екеніне көзі жеткен соң, көргенін, бірақ поездан лақтырып жібергенін айтады. Әйелге не болғанын түсіндіргенше біраз айқай болады.
Ақыры екі жақ мәмілеге келіп, туфлидің 5 мың теңгесін төлеп, әйелден зорға құтылады.
"Рейтинг" газеті