Қадырғали Көбентай: «Ұрлық жасап, оңбай таяқ жедім»
Мектепке әлі бармаған кезім. Әке-шешем қонаққа кететін болды. Үйде мені, бауырларымды қараусыз қалдыруға жүрексініп, олар бізді көршінің үйіне апарды. Сөйтсек көршінің үй егелері де кеткелі жатыр екен. Үлкендер өзара ақылдаса келе, көршінің балаларын және бізді сол үйге қалдыратын болды. Есіктен шығып бара жатып: «Бұзық болмаңдар, тыныш қана үйде отыра беріңдер, біз келіп қаламыз» деп ата-анам бізге ескерту жасап кетті. Көршінің үйінде пластмассадан жасалған пойыз болатын. Менің көзім бірден соған түсті. Ұстап қалған едім, көршінің баласы «оны ұстауға болмайды, тиіспе» деді. «Неге?» десем, «Ішінде ақша бар» деді. Пойызды қолыма алып, ары-бері шайқасам ішінде шынымен тиындар шықырлап жүр. Тиындардың сыңғырына басым айналып, дереу пойызды сындырғым келді. Өзгелердің «қой, болмайды, ұрыс естиміз» дегендеріне қарамастан қампиған пойызды алдым да быт-шытын шығарып, үгітіп тастадым. Ішінен 10 сомдықтар, 25 сомдықтар шашылып шыға келді. Тиындардың барлығын алдым да далаға шығып, қардың астына көміп тастадым. Кешкісін үлкендер үйге оралды. Көрші үйдің жеңгесі үйге кіре сала пойыздың сынықтарын көріп, байбаламға салып, айғай шу шығарды. «Менің балаларымның ешқайсысы осы уақытқа дейін бір тиын ақшаға тиіскен емес. Сенің балаң ақшамызды ұрлады. Енді тауып берсін» деп әке-шешеме бақырды. Сасып қалған әкем «тиындар қайда?» деді.
Әкем қойшы болатын. Аздап қаталдау еді. Қорқып тұрсамда алғанымды мойындап, қардың астына көмгенімді айттым. Бәрі ебіл-дебіл болып далаға шығып, қардың астын тырнап жатыр. Аякөздің (Семей) қысы қатты болады. Сол күні де боран соғып тұрған. Айналаның бәрін төңкеріп шықтық, бірақ, темір сомдар табылмады. Менің шалалығымдың азабын әкем тартып, жоғалған ақшаны төлейтін болды. Үйге келген соң ашуға мінген әкем шалбарының белдігін суырып алып, мені әбден сабады. Осылай ұрлық жасап, әкемнен оңбай таяқ жегенім есімде.
Кейіннен интернатта оқыдым. Түрлі жағдайларға байланысты қыздар тұратын ғимаратта тұрдым. Қабырға газеттерін безендіру, жазу, сызу дегендерді қатыратынмын. Оқып жүріп, сондай жұмыстарды қоса атқарып жүрдім. Кешкісін қыздар интернатының күзетші апайы кілтті маған тапсырып кетеді. Мұны білетін ауыл жігіттері түн қарая интернаттың алдына келіп, «пәленшені сыртқа шығарып берші», «түгеншені шақырып берші» деп маған жалынады. Мұндай мүмкіндікті қалт жібермейтін мен жігіттермен саудаласып тұрып аламын. Бірі әдемі қаламсап әкеліп берсе, бірі тәтті пряник беріп, қарық болып қалатынмын. Ия, расында да сол жылдар қызық екен ғой. Есейе келе өнерге аңсарым ауып, қолыма гитара ұстадым. Алғашқы ұстаздарым Бейісхан Бекбаев пен Мақсұтхан Диханбаев болды. Осы кісілердің жетектеуімен жетінші сыныпта алғаш рет гастрольдік сапарға шықтым. Жазда шөп жинау науқаны басталғанда шөпшілерге, диқаншыларға, шопандарға концерт қойып жүрдік. Ән салып, гитарада ойнап, концерт жүргізіп жүріп үлкен өмірге аяқ басқанымды байқамай қалдық қой. Қазір өнерде жүргеніме 30 жылдан асып қалыпты.