Амалбек ТШАНОВ: Бұл өмірде екінші Амалбек Тшанов енді болмайды

Oinet.kz 18-12-2014 1565

4 сәуір--Амалбек Тшаннның туылған күні. Амалбек Тшан. Ары қарай ешқандай анықтауышсыз, толықтауышсыз өзінің кім екенін елге талассыз танытқан азамат. Даралығын даусыз дәлелдеген осындай атпал, абырой-беделі биік азаматпен бірге бір ауылдың ауасын жұтып, бір өзеннің суын ішіп өсу адамды әдемі әсерге бөлейтіні түсінікті. Тек ауылдың, аймақтың ғана емес тұтас ұлттың бір ұстыны деуге лайық азамат 70 жасқа толып жатқанда үнсіз қалуды жөн көрмей көкемізге көкейдегі сауалдарымызды көлденең тарттық. Тәйірі, жетпіске жеткенде, жетпегенде бар. Мәселе шексіз ұлық Алла тағаланың шапағатымен кім қанша ғұмыр кешсе де сол ғұмырды қалай сүргендігімен, қандай із, қандай қолтаңба қалдырғандығымен өмірдің мәні өлшенбейді ме? Біздің ағалы-інілі өзара еркін пікір алмасуымыз міне осы бағытта өрбіді. 

image.png

«О дүниеге ешкім байлығын да, қызметін де арқалап кетпейді» 

-Амалбек көке, қазақтың алтын құрсағы аталып жүрген киелі оңтүстіктің жерінде, табиғаты тамаша Төле би ауданындағы таудың төрінде кіндігі кесілген азаматсыз. Осы өлкеде оқып, тағлым-тәрбиеге қанығып, алғашқы еңбек жолыңыз қарапайым дәнекерлеушіліктен басталып,атағы жер жарған алып кәсіпорынның бас директоры баспалдығына дейін көтерілдіңіз. Одан кейінгі бағындырған биіктеріңіз елдің көз алдында. Шымкент қаласының әкімі, Жамбыл облысының әкімі, министр, Жоғарғы Кеңестің, сондай-ақ Мәжілістің бірнеше дүркін депутаты болдыңыз. Кеудеңізге төсбелгілер тағып, бірнеше орден медалдармен марапатталдыңыз. Әлемдік бәсекеден бір мысқал кем соқпайтын КСРО деңгейінде бокстан спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушылығыңыз тағы бар. Оңайлықпен екінің бірінің еншісіне бұйырмайтын «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы да Сізге бекерге берілмеген болар. Қысқасы 70 жылдың мерейтойыңыздың желкенін керу туған өлкеңіздің топырағынан бастау алғалы жатқан шығар. 

--Жо-жоқ інім, біршама жаңылысып отырсың.  Еңбекті елеп, мерейтойды ұйымдастырудың басы қасында жүруі керек билігі бар азаматтар қазір адамға деген құрметтен гөрі, қара басының қамын көбірек күйттеп кетті емес пе?! Өздеріңіз білесіздер, өмірімнің көп бөлігі тауған жерім—оңтүстік өлкесінде өтті. Осы өңірден төрт мәрте депутат болып сайландым. Екі рет Жоғарғы кеңеске, екі рет Мәжіліске. Шымкент қаласының  тұңғыш әкімі болдым.  Мені депутат еткен де, әкім еткен де, министр еткен де халық. Сондықтан қарапайым оңтүстікқазақстандық жерлестерімнің мен туралы пікірі, көзқарасы маңызды. Әкімдер келе береді, кете береді, ең бастысы халықтың көңілі түзу болса екен деймін.   Шымкент қаласының әкімі болған кезімде көптеген бастамаларды қолға алып, жүзеге асырдым. Сол бастамаларымның бірі Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» байқауына іс-шараны ұйымдастырушылар мені бүгінде қонақ ретінде шақыруға да батылдары бармайды. Уақыт өтеді, билікке кімнің кім екенін түсінетін азаматтар келеді деп ойлаймын. Мерейтойымды өткізіп бер деп ешкімге қолқа салғаным жоқ. Қажеті қанша. Жетпіс жылдығымды Алматыда дос-жаран, туған-туыспен атап өтуді жоспарлап отырмын. 

Жасым 70-ке толса да алдағы уақытта колледж  басқаруды, елге қызметімді жалғастыра беремін. Бойымда күшім бар. Керек десеңіз, қырықтағы жігіттермен барлық салада жарысуға дайынмын. Өзіме өте ұқыпты қараймын. Өйткені өз тағдырымның алдымен Аллаға, одан кейін өзіме байланысты екенін жақсы білемін. Егер өмірге деген құлшынысым болмаса, осыдан үш жыл бұрын докторлық диссертациямды қорғамас едім ғой. Мұндай ғылыми атақты әлдебіреулер сияқты әкім, министр болып жүрген кезімде  қорғағаным жоқ. Осы колледждің директоры болып жүргенімде қорғадым. Жалпы, мен өмірімде біреуге сеніп, сүйеніп үйренген жан емеспін. Қайта айналымдағылар аяғымнан тартты. Өмірден алған ащы сабағым сол--болмысыңның қандай екенін екінші біреуге аша бермеу керек екен. Өйткені бар сырыңды біліп алған адам ертең осал тұсыңды дәл табады. Қызғаныш деген қызыл ит кімдердің түбіне жетпеді дейсіз. 

Қандай мансапқа қол жеткізсем де, қандай мадақ-марапатқа кенелсем де бәрі  еңбектің арқасы. Осы еңбекетің жемісі шығар, жуырда Қазақстан Республикасына еңбегің сіңген жаттықтырушы атағын алдым. Бокс федерациясында басшылық қызметте жүріп біраз жұмыстарды атқардық. Әсіресе, қазір жастарға көп көңіл бөліп жатырмыз. Осыншама ынта-ықылас, күш-жігердің бәрі де өмірге деген құлшынысты білдірсе керек. Құдайға шүкір, денсаулығым жаман емес, әлі де көп тірлікті тындырамын деп ойлаймын. О дүниеге ешкім  байлығын да, қызметін де арқалап кетпейді. Жасалған істің бәрі де осы дүниеде қалады. Сондықтан кейінгі ұрпаққа өнеге, жақсы естелік болар дүние жасағанға не жетсін?! 

«Бүгінде әкімдер тек тендерді уақтылы өткізіп тұрса болды ғой» 

- Амалбек көке, әкімдік жүйеде жұмыс істеуді  ең алғаш рет Сіздер бастадыңыздар. Сіз Шымкент қаласына әкім болдыңыз. Бірақ, жүйе өзгерді дегенмен, жұмыс, ел басқару тәсілі өзгерді ме? Әкім болып не өзгерте алдыңыз?

- Кез-келген жаңа жүйе, әрине, өзгерістер алып келеді. Әкімшілік жүйенің ең басты ерекшелігі КСРО-ның кезіндегідей партияның қадағалауынсыз жұмыс істейтін болдық. Барлық жауапкершілік, барлық билік бір қолға топтастырылды. Сондықтан әкімнің өмір тәжірибесі, білімділігі, біліктілігі, басқарып отырған аудан-қала, облысты бес саусағындай білуі үлкен роль атқарды. Жауапкершіліктің бәрін өзінің мойнына алды. Әкімшілік жүйе, әлбетте, бірінші енгенде көп халық түсінген жоқ. Өзім өмір бойы өндірісте қызмет істегенмін. Комсомолда, басқа да әкімшілік жүйесінде жұмыс істегенім жоқ. Шымкенттің билігіне араласқан бір тұсым — тек қаланың депутаты болдым. Оның өзі қоғамдық жұмыс. Жалпы, өмір жолымның бәрі өндірісте, құрылыс саласында өтіп келе жатқан еді. Сондықтан әкімдік жүйеге келе салып, бәрін дұрыс басқарып, дұрыс бағыт бере қойдым деп айту қиын. Әкімдік жүйе мені үлкен теңіздің ортасына әкеп, «ал, енді өзің шығып көр» деп тастап кеткендей болды. Бірақ, жұмысқа шын пейіліңмен кірісіп, тапсырмаға тастай болсаң, алмайтын асу жоқ. 

- Сол кездегі әкім мен қазіргі әкімнің айырмашылығы бар ма? Қайсысының қолында билік көп?

- Әкімшілік жүйе жаңадан басталған кезде оның жұмысын жүйелеп отыратын заңдар болмады. Және ең қиын мәселе – бюджет қаржысының тапшылығы болды. Мемлекет тарапынан ол жылдары қолдау мүлдем аз еді. Бүкіл экономикалық байланыстар күйреді. Сондықтан ол кездің әкімдері мейлінше өз күшіне сенуіне тура келді. Бүгінде  әкімдерге жұмыс істеу оп-оңай. Тек тендерді уақтылы өткізіп тұрсаңыз болды ғой. Бұрын әкімнің қолында экономикалық тетіктер аз болғанымен билік көп болды. Көп нәрсені өзіміз шеше беретінбіз.

«Өзім әкім қойған жігіттер менімен депутаттыққа таласты»

- Бірнеше мәрте Жоғарғы Кеңеске, Мәжіліске депутат болдыңыз. Сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы аумағынан Мәжіліске 10 үміткер қатар ат қостыңыздар. Тоғызы «Отанның» атынан, Сіз партия атынан емес, жеке өзіңіз түстіңіз. Қиын болды ма?

- Өте қиын болды. Қиын болған да қалаға әкім болған кезімде өзім ауданға әкім қойған жігіттер «Нұр Отанның» атынан келдік» деп, менімен депутаттыққа таласты ғой. Бүкіл ақпарат құралдары соған жұмыс істеді. Менің атыма небір сөздер айтты. «Ол қартайып қалды, ол Мәжілісте құр қарап отырады» деген ауыр сөздер айтты. Әр депутат мен сияқты жұмыс істесін. Құдайдың алдында да, халықтың алдында да арым таза. Еш уақытта бір Құдайдан,  маған сенім артқан халықтан басқаға сыйынғаным жоқ. Сол жолы сайлауға бес адам түстік, бірінші турда-ақ халық мені тік көтерді. Бұл менің қаладағы еткен еңбегімнің жемісі деп ойлаймын.

 --Ағасына қарап өскен ініңіз Нұрлан да қайсыбір жылдары облыстық мәслихаттың депутаты болды. 

- Ол інім алғашқыда «Нұр Отан»  партиясының атынан депутаттылыққа ұсынылған. Тіпті «Нұр Отанның» праймеризінен де өтіп қойған еді. Бәрі қолдады. Сол екі арада «Ой, ол Тшановтың інісі, ол ертең оппозиция қатарына кетіп қалады» деген әңгімелер өрбіген ғой. Қандай оппозиция, інім өзімен-өзі жүрген адам ғой. Сөйтіп оның орнына басқа азаматты кіргізді. Содан араға адамдар түсіп, «ініңіз кандидатурасын қайтарып алсын» дегендер де болды. Мен ініме айттым. Бірақ үлкен ағам «Не, сенен басқа адам депутаттыққа түспеуі керек пе? Бағын сынап көрсін, өтсе өтті, өтпесе өзінен көрсін, оның үстіне оны әдейі партиядан шығарып жіберіп отыр ғой» деп ұрысты. Шынында солай ғой. Оны ешқандай партия қолдаған жоқ, ауылдың жас жігіттері қолдады. Мүмкін достары да көп көмектескен болар. 

Нұрлан інімнің бизнеске бейім екенін кейін білдім. 1997 жылдары үлкен ағам қаладан жер алды. Кейінірек оны базар қылды. Нұрланның құрылысқа да ебі бар болып шықты. Малмен айналысты. Мұның бәрін маған кейінірек інім мақтан қылып көрсетті. Қазақтың әрбір азаматы осылай жұмыс істеуі керек. Ешкімнің ала жібін аттамауы тиіс. Бірақ жаңа басшылар келді де, базарын быт-шытын шығарып бұзып тастады. Менің бір ғана жәрдемім сол тұста биліктің бишігін ұстағандармен сөйлесіп, інімнің   несиесін төлеуге ептеп уақыт берулерін, еңсе тіктеп алғанша мүмкіндік туғызуын сұрандым. Бірақ ініме де айттым, «заман өзгеріп келеді, сен енді қазіргі заманға сай базардың жобасын жасат» деп... Жобасын жасап жатқан кезде базарды тағы быт-шыт қылды. Бірақ ол бәрібір жобаны бітірді. Базарға адам толтырып, жұмысты бастады. Біз үлкен отбасымыз. Ел танитыны үш-төртеуі ғана, қалғандары қарапайым күн кешіп келеді. 

«Тараздағы дау «Хлебприемпункттен» басталды»

- Жамбыл облысына әкім болған жылдары Сіздің соңыңыздан Махмадовтарға байланысты талай әңгіме айтылды. Сол Махмадов сотталып, зауыты жұмысын тоқтатты...

- Иә, шынында ел ішінде мені Махмадовқа байланыстырып түрлі әңгімелер айтылды ғой. Өмірде қаталдық пен қатыгездік деген екі ұғым бар. Қатыгездік деген жауыздық, адам баласына деген жылулығы жоқ. Ал, қаталдық деген өмір талабы, мен қаталдықты ең алдымен өзіме жасайтынмын. Өзімді еш қиындықтан аяғаным жоқ. Жамбыл облысына әкім болған келген кезде не жарық, не газ жоқ еді. Түнгі сағат 11-де май шаммен жиналыс өткіздім. Күндіз орынбасарларымның бәрін аудан-ауданға жібердім, түнде жиналыста солардан есеп алдым. Түнгі сағат бір-екіде тарап, сағат таңғы жетіде жұмыста отыратынмын. Ол үшін үлкен күш, жігер керек. Қазіргі әкімдер жұмысқа асықпай келеді. Себебі қазіргі әкім көбінесе тендердің жұмысына араласады, болды. Сол кездері «БМ»-да көптеген келеңсіз жәйттер болды. «БМ»-ның жұмысын барып көрдім, жұмыс жүріп жатыр, бірақ салық төлеуі, өнім беруі өте төмен. Содан кейін «БМ»-нің президенті Сұлтан Махмадовты шақырып алып, кабинетте қатты-қатты әңгіме болды. Қатаң талап қойдым. Кейін ол кемшіліктің бәрін орнына келтірді. «Махмадов үлкен кісіге жақын адам, оған тиюге болмайды» деген әңгімелер айтылатын. Ничего подобного, мен одан жұмыс талап еттім. «Ойбай, Махмадовты Тшанов ұрып-соғыпты» деген де әңгімелер айтылды. Мен облыстың әкімі қызметінен кеткеннен кейін С. Махмадов көпке дейін хабарласып, Алматыға келсе жағдайымды біліп кетіп тұрды. Жамбыл облысынан кейін екі жыл жұмыссыз отырдым ғой. Оның кейінгі әшкере болған тірліктерін мен қайдан білейін. Ол құқық қорғау органдарының жұмысы ғой. 

-  Облыс әкімі ретінде қандай шаруаларды қолға алдыңыз?

- Жамбыл облысында әкім болып 2 жыл 3 ай қызмет істедім. Ең алғаш қолға алған жұмыстарымның бірі — Жамбыл облысындағы 59 мекемені таңдап алып, «соларды аяғынан тұрғызу керек, солар арқылы басқасының тіршілігін жолға  қоямыз» деген бағдарлама жасадым. Әр іс бойынша нақты талаптар қойдым. 

- Әкімдік қызметтен түсіп қалғаннан кейін Елбасының қабылдауына кіріп, мән-жайды айтуға талпындыңыз ба?

-Жоқ. Айтқанмен, болған нәрсе орнына келмейді. Жалпы алғанда президенттің мен туралы пікірі жаман болған емес. Билік шындап кіріссе мені депутаттыққа өткізбей қоюы әбден мүмкін еді. Одан кейін менің осы қызметке келуіме президенттің өзі тікелей араласып, сол кездегі спорт және туризм министрі Т. Досмұхамбетовке тапсырма беріпті. 

«Олар түкке тұрмайтын адамдар»

- Қызметтен қағылғаннан кейін, одан оппозициялық көзқарастағы саясаткерлердің қасында жиі жүргеніңізді көріп, теріс айналған жора-жолдас, қызметтестеріңіз болды ма?

- Ой, олар өте көп қой. Ты что, өте көп... Амандасуға қорқады. Мен барлық уақытта халықтың ортасында болдым. Ағайындарым қызықшылығына, тойына шақырады. Ешнәрседен шеттеп қалғаным жоқ. Менен теріс айналғандар — билікқұмарлар. «Ойбай, қасында жүріп қалсақ, біреулер көріп қала ма?» деп қорықты. Мен саған айтайын, олар түкке тұрмайтын адамдар. Сен тура осылай жаза берсең болады. Түкке тұрмайды... Адам ешқашан да өз негізін жоғалтпауы тиіс. Менің қызметте отырған кезімде араласқысы келсе міне, қазір мемлекеттік қызметте отырмын ғой. Құдайға шүкір, билікте отырғандардың ешқайсысы бетіме жаман сөз айтқан емес. Досты құдай береді, оны ешқашан да сата алмаймын. Көзқарасы өзгерсе өзгереді. Ешкімге жалпақтай алмаймын. 

- Бұрын белсенді едіңіз? Осы қызметке тұрғалы бері даусыңыз шықпай қалды дейтіндер бар...

- Ничего подобного... Мені ақпарат құралдары үнемі пікірсайыстарға шақырып тұрады. Белсенділіктің барлығы арнайы бағдарламаға байланысты. Қазір бірде-бір телеарнада мұндай бағдарлама жоқ. Құрғақ сөзді көпіртіп айта беруге тағы болмайды. Мені әке-шешем өмір бойы әкім болсын деп туған жоқ қой. Сондықтан мен де көрген-білгенімді, спорттағы тәжірибемді жас ұрпаққа бергім келеді. Мен үшін ол үлкен бақыт. Сондықтан осы қызметке келдім.

Жалпы мен өзім ерте туып, кеш қалған қазақпын. Саясатқа да, қызметке де кеш араластым. Он жыл Шардарада, кейінгі еңбек жолым Шымкенттегі трестте жалғасты... Балам қайтыс болғаннын кейін Құранды көбірек оқып, сол қасиетті кітаптан көбірек жұбаныш іздейтін болдым. Тірі адам тіршілігін жалғастырады ғой, шүкіршілік, қазір екі ұлым бар. Екеуінің де есімі жол апатынан қаза тапқан ұлым Нұрғалиға ұқсас болсын дедік. Үлкені Нұрдәулет  Канадада оқиды. Екіншісі Нұрәли құдай қаласа, алдағы мамырда алты жасқа толады. Бес немерем бар. Ұл-қыздарым бір-бірімен жақсы араласып тұрады. 

Құранда «ананың құрсағында жатқан шала етке төрт айда жан бітеді, сол кезден бастап оның өмір жолы жазылады» дейді. Оны қазақта пешене дейді. Бұл өмірде екінші Амалбек Тшанов енді болмайды. Менің өмір жолым тек маған ғана берілген. Бітті, оған ешкім араласа алмайды. Сол айтпақшы әр адамның өзінің өмір жолы бар. Қызметті де, басқаны да әр адам өзінің пешенесіне жазылғанынан көреді. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Мұрағаттан: 28.03.2013

Ғалия Жолдасқызы: «Әйел саулығы – ұлт саулығы»
Рахима Тәжиева: «Құлыным Ләззат өмірдің өзі шахмат екенін жиі айтатын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу