Ғалия Жолдасқызы: «Әйел саулығы – ұлт саулығы»

Oinet.kz 17-12-2017 1437

Screenshot_41.jpg

Ғалия Жолдасқызы, гинеколог, Алматы қалалық №1 клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі

Ана мен бала денсаулығы  – ұлттық мәселе.  Ұлт саулығын, ұрпақ амандығын ойлаған қоғам әйелдердің өмірі мен денсаулығына  салғырт қарамауы тиіс. Медицина дамыған заманда әйелдердің болмашы ауру себебінен баланы өмірге әкеле алмауы, жүктілік кезінде түрлі дертке душар болуы, жалпы әйелдерге тән сырқаттарға ұшырауы – бүгінгі заманның басты мәселесі. 

Ауру анадан дені дұрыс бала тумайды. Сондықтан, ана денсаулығы біз үшін аса маңызды. 

Гинеколог маман да бізге берген сұхбатында осы мәселелерді қозғайды.  

– Қазақстанда әйелдер арасында кең тараған ауру түрі қандай? Осы күні әйелдер арасында киста, миома деген ауру көбейіп кетті. Себебі неліктен?

– Гармондық бұзылу әсерінен түрлі аурулар бар. Жатыр мойны  эрозиясы екі әйелдің бірінде кездеседі. Жатыр мойнына қатысты эрозия ғана емес, эндоцервицит, диспозия деген аурулар да бар, дер кезінде емделмесе, асқынса, мұның бәрі қатерлі ісікке ұласады. Сондықтан оларды қатерлі ісік алдындағы аурулар деп атайды. Оған немқұрайды қарауға болмайды. Қорқып-үркудің де қажеті шамалы. Дәрігерге әйелдер дер кезінде көрінсе, жатыр мойнындағы жараны емдеп жазуға мүмкіндік бар. Кішігірім ота жасауға тура келетін түрлері де бар. Жатыр мойнындағы аурулар түрлі инфекциялардың әсерінен пайда болады. Жұқпалы аурулардан сақтану керек. Кейбір әйелдер өз бетінше емделмек болады, оның соңы үлкен қателікке  соқтыруы мүмкін. 

Бұл аурулардың себебі көп. Миома климакс жасындағы әйелдерде, отыз бес жастан жоғары әйелдерде, ал киста жас қыздарда да бола береді. Жатыр миомасы – жатырдың бұлшықеті қабатының айналасында орналасатын қатерсіз ісік. Әйелдердің шамамен 40 пайызы осы аурумен ауырады. Әдетте, аурудың ешқандай белгілері болмайды. Эстороген гормондары миоманың пайда болуына жағдай жасайды. 

Аналық бездің кистасы – аналық бездегі сұйықтық толған қалташа. Оның бірнеше түрі болады. Көптеген түрлері қатерсіз, олар овуляция кезінде пайда болады. 

Көбінесе, функционалдық кисталар ешқандай симптомдарсыз өтеді, ал кейде іштің ауырсынуы, кебуі, етеккір айналымының бұзылысы, жүрек айнуы және құсуы, іш қатуы мүмкін.  

Егер менопауза орын алса және етеккір айналымы болмаса, функционалдық кисталар қалыптаспайды, бірақ, аналық бездің кистасының басқа түрлері болуы мүмкін. Аналық  бездің кистасының кез келген симптомы болса, дәрігерге көріну қажет.

Миома, киста, мастопатия сияқты аурулар  деген әйел өміріне шығарылып қойған үкім емес, дәрігер бақылауында болып, қатерлі ісікке ұласпауы үшін емделсе болды. Бәрінің де емі бар. Жалпы, гинеколог дәрігерлер алдына келген әйелдердің бәріне бірдей айтып түсіндіреді, сақтандырады. 

– Егер бала көтерген әйелдің гемоглабині 75-тен төмен болса, жүктілікті үзу туралы бұйрық бар деп естиміз. Бұндай бұйрық қаншалықты негізді?

– Ондай бұйрық жоқ. 

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы ҚР Кодексінің 104-бабына сәйкес жүктілікті жасанды түрде үзу құқығын жүзеге асырылатын жағдайлар:

1. Әйелдің жүктілікті жасанды түрде үзуге құқығы бар. Жүктілікті жасанды түрде үзудің алдын алу мақсатында дәрігерлер моральдық-этикалық, психологиялық және физиологиялық теріс салдарларды, ықтимал асқынуларды түсіндіруге бағытталған әңгімелер өткізуге міндетті.

2. Жүктілікті жасанды түрде үзу әйелдің қалауы бойынша жүктіліктің он екі аптаға дейінгі мерзімінде, әлеуметтік айғақтар бойынша – жүктіліктің жиырма екі аптаға дейінгі мерзімінде, ал жүкті әйелдің және (немесе) шарананың өміріне қатер төндіретін медициналық айғақтар болған кезде (шарананың дамуы мен жай-күйініңөмірмен сыйыспайтын туа біткен кемістігі түзелмейтін монотектік генетикалық аурулар болған кезде) – жүктіліктің мерзіміне қарамастан жасалады.

3. Кәмелетке толмаған адамның жүктілікті жасанды түрде үзуі олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі.

4. Емдеу-профилактикалық ұйымдарда әйелдің қалауы бойынша жүктілікті жасанды түрде үзуге дейін және одан кейін, контрацепция әдістері мен құралдарын жеке іріктеуді қоса алғанда, медициналық-әлеуметтік консультация өткізіледі.

5. Жүктілікті жасанды түрде үзудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган бекітеді. 

– Жүктілікті қай уақытта үзеді? 

– Ана өміріне қауіп төнгенде ғана жүктілікті үзеді. Егер жүктілік жақсы дамып жатса да, ана өміріне үлкен қауіп төндірсе, онда, жүктілікті дәрігерлер шешімімен, үзуі мүмкін. Жүктіліктің бірінші үш айлығында (он екі аптаға дейін) жүктілік әсерінен шақырылған құсық, таксикоз деген болады. Сол кезде әйел күтінбей, құсуын жалғастыра берсе, бауыр, бүйрек, асқазан сияқты ішкі ағзалар толық жұмыс істеуге қауқарсыз болғанда, жүктілікті үземіз. Биыл осы себеппен төрт әйелдің жүктілігін үздік. Былтыр бір ғана әйелдің жүктілігін үзген едік. Бұл нені көрсетеді? Болашақ ананың өз денсаулығына, жүктілік кезіндегі жағдайына аса көңіл бөлмейтінін байқатады. 

Жүктілікті үзудің бірнеше себебі бар. Мәселен, туа бітті жүрек ақауы болады. Осы жағдайда кардиолог, кардиохирургтармен бірлескен консилиум өткізіп, егер ана өміріне қауіп төнетін жағдай болса, жүктілік үзіледі. Жүктілікті үзгеннен кейін екі жылға дейін бала көтеруге рұқсат жоқ. Қазіргі таңда жүрекке ота жасатқан әйелдің бала көтеруіне қауіп жоқ. Тек, лайықты күтіммен, лайықты ем-шараларды үздіксіз алуы тиіс. 

Жүрек-тамыр жүйесінің ауруларын дер кезінде анықтап отыру үшін барлық жүкті әйелдерді кеңеске алғаш келген бетінде-ақ мұқият тексеріске (анамнез, қарап тексеру, аускультация, перкуссия, тамыр соғысын, артерия қысымын тексеру) алу қажет. Жүрек-тамыр жүйесінің аурулары бар жүктілерді акушер-гинеколог және терапевт дәрігерлерге бағыттайды. Денсаулыққа қауіпті саналатын ауруларды (митральді саңылаудың тарылуы, эндокардит, миокардтың зақымдалуы, стенокардия, т.б.) емдеу барысында әсері тиімсіз болса, жүктілік ерте кезеңде (12 апта) үзіледі. Егер әйел кеңеске жүктіліктің 12 аптасынан кейін келсе, жүйелі түрде емдеу және жүктілікті одан әрі жүргізу сұрақтарын шешу үшін стационарға жатқызылады. Егер қолданылған емнен кейін де жүкті әйел жағдайы жақсармаса, жүктілікті үзу (кесар тілігі, т.б.) туралы сұрағы шешіледі.

Жалпы, жүктілікті үзу екі дәрежеде жүреді. Біріншісі, баланың мида, жүректе, бауырда ақауы болса, сала дәрігерлерінен құрылған консилиумның шешімімен жүктілікті үзеді.

Екінші, практикалық. Жүктіліктің өзінде де, паталогиясы болмаса да, жүктілікпен шақырылған таксикоз, артериалды қысым, жүктіліктің әр кезеңіне қарай тек қана жекеленген жағдай бойынша, ана өміріне қауіп төнсе, әйел денсаулығына қарай шешім шығарамыз. 

Кез келген мерзімде жүктілікті жасанды үзуге болады. I триместрдегі жүктілікті үзу үшін жатырды қыру, вакуум-аспирация және простогландиндер мен антипрогестеронды мифепристонмен жасанды үзу қажет. Ал II триместрдегі жүктілікті простогландиндерді экстра және интраамниальды енгізу және абдоминальды тілу. 

Жедел респираторлы аурулар әйел ағзасының қорғау қабілетін төмендетіп, ревматизм, созылмалы пневмония, холецистит, пиелонефрит және т.б.созылмалы аурулардың асқынуына алып келеді. Бұл, әсіресе жүкті әйелдер үшін қауіпті. Өйткені, жүктілік кезінде және босанар алдында әйелдердің инфекцияға төзімділігі аз, ал тұмауға бейімдірек болып келеді. Жүкті әйелдердің инфекциялық ауруларға сезімталдығы жоғары, сондықтан олар көбінесе тұмаудың ауыр және асқынған түрлеріне шалдығып жатады. Вирус анаға жұғып, организмінде инфекциялық үдеріс пайда болады. Ол бала жолдасы арқылы өтіп, бала жолдасын және ұрықты инфекциялайды. Бала жолдасының зақымдалуы немесе стафилококкты инфекциямен белсендірілуі жүктіліктің 8-9 аптасында кездеседі.

Жедел вирусты инфекциялық аурулар жүктілікті үзу қаупін жоғарылатады. Жүктілік кезіндегі тұмаумен ауырған әйелдер көбінесе баланы уақытына жеткізе алмауы мүмкін. Аурудың асқынуы көбінесе жүктіліктің екінші жартысында, яғни олардың инфекцияға төзімділігі аз болғанда кездеседі.

– Бізде нақты бір ауруы мазаламаса гинекологқа бару қажет деп таппайды. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Дені сау анадан дені сау бала туады. Ананың дені сау екенін, әлде дені сау емесін дәрігер білмегенде кім біледі? Сондықтан ауыратынын әлде ауырмайтынын әйел заты өздері болдамдамай, міндетті түрде гинекологқа қаралып, тексерілуі тиіс деп ойлаймын. 

Әйел денсаулығының 30 пайызына дәрігерлер ықпал ете алса, қалғаны  қыз-келіншектеріміздің өз қолында. Несін жасырамыз, біздің әйелдер арнайы дәрігер маманға уақтылы қаралып тұруға аса  құлықты емес. Республика бойынша әйелдер денсаулығының индексі төмен. 

Қыз бала – болашақ ана.  Егер қыз баланың бойында әлдеқандай ауру болса, оны жасынан дәрігерге қаратып, емдету керек. Оларды жасынан ана болуға дайындау қажет. Жұқпалы аурулардан аман, тіпті тісінің өзі сау болуы қажет. Мысалы, кей келіншектер бала көтере алмай қиналады, оның себебі әріде,  бала күнінде жатыр. 

Қазіргі аяғы ауыр кез келген әйелдің денсаулығы нашар, түрлі аурулары бар. Бірақ,. Ешқайсысы да бала тууға денсаулығым  жарай ма, жарамай ма деп бір сәт те болса ойланбайды. Алдын ала  дәрігерлік тексеруден өтіп барып,   бала тууды  жоспарлаудың орнына, керісінше жасайды. Бойында түрлі созылмалы сырқаттары бар екенін білсе де, жүктіліктен сақтанбайды. Олардың немен ауыратыны аяқтары ауырлағанда барып анықталады, бұл тым кеш болады. 

Сондықтан, ауыруы бар болса да, болмаса да кез-келген кәмелет жасына жеткен қыз-келіншектер гинекологқа барып қаралып, денсаулығын біліп, дәрігерлермен кеңсіп отырғаны ләзім деп ойлаймын. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен Қ.Серікқызы

Жеңіс Сейдоллаұлы: «Бала күнгі арманым хоккейші болу еді»
Амалбек ТШАНОВ: Бұл өмірде екінші Амалбек Тшанов енді болмайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу