Домбыра маусымы басталды
12-04-2024
Фото: Отырар.кз
Балалық шағым өткен Мәдени ауылы Сайрам ауданының ең шеткі ауылдарының бірі болатын. Электр жарығы жоқ. Керосинмен жанатын шырағдандардың өзі кемде-кем. Жаздың күндері ауылдың кішігірім клубында движоктың күшімен анда-санда кино көрсетіліп тұратын. Ал өзіміз қатты қызығатын футболдың репотажын үнемі өзбекше «сайрайтын» ауылдағы жалғыз радионың түбіне отырып алып тыңдайтынбыз. Сондай қызығушылықтың әсері болса керек, шығармашылыққа жаны жақын бірнеше бала бас қосып, түрлі шаралар ұйымдастыруға құмар едік. Ол кезде біздің әкеміз ауылдық кеңестің төрағасы болғандықтан шығар, үйіміз кеңдеу еді. Әкем қайтыс болғасын, үйдің босаңқырап қалған екі бөлмесін ауылдың медпункті жасағандыз. Сол медпунк ашылмай тұрып, өзімнен бір сынып төмен және бір сынып жоғары оқитын үш бала ақылдаса келе клубта «спектакль» қоятын болдық. Дайындалатын жеріміз біздің үйдің екі бөлмесі. Ол кезде мен алтыншы сыныпта оқитынмын. Сол «спектакль» деп жүргеніміз қазір ойласам кішігірім қойылым екен ғой. Оны қайдан білейік.
«Спектакліміздің» аты «Алдаркөсенің байды алдауы» болды. Мазмұнын бір кітаптан тауып алдық. Спектакльге қыз балаларды тарту өте қиын, тіпті, мүмкін емес еді. Оның да амалын оңай таптық. Денесі шағындау, өзі жақсы оқитын, мектепті медальмен бітірген Ишанбек деген досым байдың қызының ролін сомдайтын болды. Сұрастырып жүріп пошымына лайықты киім де таптық. Денесі ірілеу мен байдың бейнесіне жақынырақ келдім. Арамыздағы пысықтау деген Жарқынбек Алдаркөсе болды. Үстіне жабу жауып екі баладан есек жасадық. Шешем марқұм матаның ішіне мақта тығып, есектің басын дайындады. Оған қалқитып құлақ тігіп, ішіне теңге салып қойдық. Дайындық біткесін арнайы хабарландыру іліп, қойылымымызға шақырдық. Тамашалау тегін. Көрермендерге үйден тамақ та пісіріп алып бардық. Клубта бос орын қалмады. Араларында өзіміздің мұғалімдер да бар. Байды есектің басын шайқап, құлағынан теңге түсіру арқылы алдап, қызын алып кететін көрінісіміз өте сәтті шықты. Соңынан шағын концерт қойдық. Сахнаға шыққан балалардың бәрі де бір-бір аспапта ойнайтын.
Қазір ойлап отырсам, сол кезде әртістерге еліктейтіндей күн сайын спектакль көрмейміз. Екінші сыныпта оқып жүргенімде «Еңлік-Кебекті» ғана тамашалағанмын. Мұның бәрі шығармашылыққа қызыққаннан ғой деймін. Студент кезімізде де мектепте практикадан өтіп жүргенде 9-сынып оқушыларының арасында спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырдық. Қазіргі өзім басқарып отырған Унивеситет ұжымының қанжығасы түрлі спорттық жарыстардан, өнер байқауларынан алған жүлделерге толы. Өнерге ерекше мән беріп, қолдау көрсетіп отыратын қасиетім осы қойылымды қойған кездерден, дәлірегі бала кезден бастау алған десем, шындықтан алшақ кеткендік болмаса керек. Сол қойылымда ойнаған жолдастарымның көзі тірісінің бәрі де қазір жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүр. Оларды да осы биікке жетелеген бойындағы асыл қасиеттері. Мұндағы айтпағым, біздің балалық шағымыз қызықпен қатар мағынаға да толы болды. Өкініштісі, қазір өнерге деген қызуғышылық кеміп бара жатқан секілді. Мүмкіндік мол бола тұра театрға көрермен тарту, адамдарды шығармашылыққа қызықтыру қиындап барады.
"Рейтинг" газеті