Адамдар өмірге төрт себепті ұтылады
Қытайдың ең бай адамы Джек Ма интернет-сауда арқылы байыған. Оның Alibaba атты дүкені – e-commerce саласындағы ең ірі жоба болды. Жуырда ғана ол бір сағатта $2 млрд. соманың затын саудалаған. Бұл мақалада Джек Ма 35 жасқа келгенше байып кетпесең, оған кім кінәлі екендігін айтып береді.
«Alibaba» дүкенін ашпас бұрын 24 досымды кездесуге шақырдым. Бас қосып, ақылдастық. Екі сағат айтқан әңгімемді 23-і қабылдай алмады. Шамасы өзім де тиянақты ой айтпасам керек. Нәтижесінде бір досым ғана мені қолдады. Қалғаны кетіп қалды. «Сен интернеттің не екенін білмейсің, оны қалай пайдаланбақсың» деп дүрсе қоя берді. «Іс бастайтын ақшаң да жоқ, онсыз қалай шаруа өрбітуге болады» десті. Банкте жұмыс істейтін досым ғана: «Жасауға ниет етсең, бастап көрелік, қолымыздан келмей жатса, өз ісімізге қайтып оралармыз. Біз ештеңе жоғалтпаймыз ғой» деді. Түнімен осы жағдайды ойлап шықтым. Егер сол 24-тің бәрі сенбесе де мен бәрібір бұл іске бел буамын деп шештім. Alibaba енді ғана ашылған кезде отбасым мен достарымның қарсылығына ұрындым. Олардан қолдау болмады. Қазір артыма қарап ойланам. Мені алға жетелеген интернеттің мүмкіндігіне деген сенім емес еді. «Не істегенің маңызды емес, жетістікке жеттің бе, жоқ па, ол да мәнді емес, ең керегі – тәжірибе жасай алудың өзі басты жетістік. Ары қарай да жетістікке жетуге талпына беру керек. Қалағаныңызға қолыңыз жетпесе, бұрын істеген ісіңізге оралу қиын емес». Томас Лоуренстің былай дейтіні бар: «Адамның бәрі түс көреді. Бірақ әр адамның түсі әркелкі. Түн жарымында түс көрген адам, таңға жуық не көргенін ұмытып қалады. Алайда күндіз түс көргендей боп жүретін адамдар аса қауіпті. Олар түстерін іс жүзіне асырады».
Адамдар өмірге төрт себепті ұтылады.
Біріншісі, мұрнының үстіндегіні көрмейді. Мүмкіндікті байқамайды. Екіншіден, мүмкіндікті лайықты бағаламайды. Үшіншіден, мүмкіндікті түсіне білмейді. Төртіншіден, тез қимылдай білмейді.
Сіз неге кедейсіз? Өйткені, менмендік жоқ. Кедейлігіңізге еш шамданбайсыз. Шамдана білу – ұлы идеяларды жүзеге асырам деу. Өмірлік мақсат табу. Бұл әлемде біз түсіне бермейтін, ешқашан түсінбей өтетін нәрселер бар. Бірақ қол жетпес дүние жоқ.
Бірбеткейліктің тереңдігі сіздің келешегіңізді айқындайды. Оған мысал ретінде Джулиет Ву Шихонгтың хикаясын алсақ болады. Ол Қытайдағы білікті басшылардың алғашқы легінде жүр. Еңбек жолын еден жуудан бастап, күтуші, маркетолог болып жалғастырған. Осының бәрі өз білімін жетілдіріп отыруға серпін берген. Ол ең атақты мультиұлттық ІТ-топтарды басқарды (Microsoft 1985-1998; IBM 1998-1999). Ву келешегін кәсіпкерлікпен және басқарумен байланыстыратын талайдың мақтанына айналды. Ал, ондайлардың саны көп. Экономикалық реформа кезінде Қытай оларды қаптатты. Ву ірі компаниядағы қызметін ең төменгі сатыдан бастады. Ол шай құйып, еден сыпыруға міндетті еді. Бір күні ол куәлігін сөмкесінде тастап кетіпті. Қарауыл ішке кіргізбейді. Осы компанияның қызметкерімін, тек кеңсеге қажетті заттарды сатып алуға шықтым десе де ешкім тыңдамайды. Қарауыл оның сөзіне құлақ аспайды. Осылай есіктің көзінде тұрған Ву өзі құралпы, бірақ әлдеқайда тәуір киінген компания қызметкерлерінің емін-еркін кіріп-шығып жатқанын байқайды. Олардан ешкім куәлік сұрап жатпады. Сонда ол қарауылдан аналар неге куәлік көрсетпейді деп сұрайды. Содан кейін барып қана қарауыл мұны ішке кіргізеді. Вудың өмірін өзгерткен осы жағдай болды. Ол өзін адамның қоры сезінді. Өзіне сырттай қарап, ойланды. Қап сияқты киім киіп алып, лас арбаны сүйреп жүр. Жақсы киінген адамдармен өзін салыстарады. Өзін өзгелер адамның қоры көретіндігі үшін жер болады. Бұдан былай ешкім мені бұлай кемсітпейді деп өзіне сөз береді. Қайтсем де атақты адам болам деп мақсат қояды. Мені әлем танитын адам болмасам, атым өшсін деп ант-су ішеді.
Содан бері Ву алға жылжудың мүмкіндігін бірде бір рет жіберіп алмады. Ву жұмысқа ең бірінші болып келіп, ең соңында қайтатын. Ол білім алуға дайын болды. Сәл уақыттан соң оның еңбегі жанды. Оны сату менеджері етіп қызметін көтереді. Одан ары қарай – аймақтық менеджер болып өседі. Оның оқыған нақты оқуы жоқ еді. Сондықтан айналасы оны «парт-таймер ханшайымы» деп атап кетті. Біраз уақыттан соң Ву күллі Қытайдағы IBM саласын басқарды. Бұл Қытайдағы іскер адамдар ортасында еңбегімен бедел жинаған Ву Шихонгтың басынан өткергені. Егер есіктің көзінен сығалап тұрған Вудың басынан сол қорлану өтпегенде, оның шамдануы шегінен шықпас еді. Ол ешқашан алдына өмірлік мақсат қоя алмас па еді, кім білсін?
Сіз кедейсіз. Себебі, жетістікке жетуге талпынбайсыз. Өйткені, мүмкіндікті көрмейсіз. Мүмкіндікті көрмеген соң кедейсіз. Өз қорқынышыңызды жеңе алмаған соң кедейсіз. Сізге батылдық пен мақсат қоя білу жетіспегендіктен де кедейсіз.
Шамшылдық, бірбеткейлік адамға барлық жағдайды еңсеріп, өзінің қабілетін толық ашуға септеседі. Бірбеткейлік үнемі оқып, ізденуге жол ашады. Өзіңді жетілдіре беруге талпындырады. Сонда ғана барып сіз ғажайыптарды қолдан жасауға болатынын түсінесіз. Өзгелер армандауға қорқатынды қолыңызбен жасайсыз. Айналаңызды таң қалдырасыз. Қаншалықты кедей отбасы да тусаңызда, сізді байып кетуден бір ғана қадам айырып тұр. Өзіңізге сеніңіз. Бірбеткей болыңыз. Отбасыңыз сенбесе де, алға ұмтыла беріңіз. Сізге ешкім қол ұшын созбайды. Өзіңізге сеніңіз. Егер ата-анаңыздың еміне төлейтін ақшаңыз болмаса, сізге ешкім көмектеспейді. Барлық бәсекелестер алға шығып кетіп, сіз соңында қалсаңыз да ешкімнің мұрты қисаймайды. Жақындарыңыз қайтыс болса, ешкім аяушылық танытпайды. 35 жасқа келгенше ештеңеге қол жеткізбесеңіз, сізге ешкімнің жаны ашымас. Сондықтан таңдауды өзіңіз жасаңыз. Үй күшік болып қамалып отырасыз ба, әлде белді буып іспен айналысасыз ба, өзіңіз шешіңіз. Іспен айналыспаған адам өмірін текке жұмсап жатқаны анық. Жастық шағыңызды босқа өткізіп алмаңыз.
Джек Ма
Аударған Шынар Әбілдә