Бақыттың үлкені - өзіңді өзің тану

Oinet.kz 01-08-2019 1151

Screenshot_14.jpg

Мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттермен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алатын адам. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд «Жәй мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» дейді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасы Н.Назарбаев  «Ғасырлар мақсаты саяси экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын ізгіленген XXI ғасырдың құрушы іскер, өмірге икемделген жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп, қалыптастыру»,- деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Педагогтік шеберлік –ізденудің нәтижесі. 

Ал XXI-ші ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ керек? Әрине өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін бай қиялды адамға тән қасиет. Қазіргі ғасыр  ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономикалық реформалар сияқты көріністермен ерекшеленеді.   Сол кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу әр мұғалімнің міндеті. Мұғалім барлық білім беру жүйесінің негізі жаны және жүрегі. Қазіргі заманғы мұғалімдер информатор, бақылаушы, тексеруші, жазалаушы қызметін тастап, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылық жұмыс істейтін жаңашыл болуы керек. Біздер, мұғалімдер күнделікті өмірдің жай ғана адамды емес болашақты құрушыларды, сәулетті елдің болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанымызды ойласақ, мұғалім мұратының қандай болатыны өзінен-өзі айқын. Осыған байланысты ұстазға тән мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады.: дүниетанымдық көзқарасы, сенімі, қызметке бейімділігі, кәсіптік білімі мен біліктілігі, қамқорлық көзқарас, сүйіспеншілік сезім, ұйымдастырушылық қабілет, заманына сай жаңашылдық. Осындай дара қасиеттер ұстазды бақытқа жеткізеді. Бақыттың үлкені - өзіңді өзің тану. Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Жаһанданған мына заман – білімділердің заманы. Ендеше, бізде ой-өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн.

Қымбат Ермекова,

«Дарын» мектеп-интернатының педагог-психологы  

2016 ж

Чернобыль апатына созақтықтар да қатысқан
Батыр атағын алмаған баһадүр - Өмірбай Сақов
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу