Масылдық қоғамдағы дертке айналып барады
Қоғамда масыл, еңбекке жат, білімнен ада адамдар еліне де, өзіне де пайда әкелмесі белгілі. Мұндайда патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдық пайда болары анық
Бұл туралы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған еңбекқор ана, Созақ ауданындағы наубайханашы Аманқыз Орынбасарқызы: "Мемлекеттен бөлінетін түрлі жеңілдіктер, қайтарымсыз гранттар мүгедектігі бар немесе көп балалы аналарға, 35 жасқа дейінгі жастарға беріледі. Әрине, бұл халық үшін өте тиімді. Дегенмен, тепсе темір үзетін жастарға берілетін қайтарымсыз гранттарды иемденген жастарды көріп келе жатырмыз. Жасыратыны жоқ, кейбіреулері үкіметтен қаражатты алған соң, аз уақыт кәсіп жасайды да, жауып тастайды. Мемлекеттің ақшасының маңызын түсінбей өз пайдаларына жаратады. Сондай-ақ, әкімдіктің маңында иіріліп отырып, сұрай беруді әдетке айналдырып алған әйелдер де көп. Сол әйелдерді күнделікті ақысына жұмыс істеуге шақырсаң келмейді. Шын мұқтаж болса келер еді ғой. Олар күш пен еңбекті талап ететін жұмысқа шыққанша мемлекеттің жұмыссыз ретінде бөлінетін ақшасын алып отырғанды дұрыс көреді. Бұл да масылдыққа жатады. Мемлекет кәсіпкерлерді қолдап, сол арқылы халықты жұмыспен қамтуы керек. Сонда масылдықпен күрес басталады. Атаулы әлеуметтік көмек жұмыссыздыққа деп ақшаның ізін таппай қалатын бағдарламалар көп. Олар нақты нәтиже шығармайды. Есепсіз құмға сіңгендей түбірі көрінбейтін ақшаларды тек шын мұқтаждар ғана емес масылдар да иемденіп жүр", - деді.
Расында да, атаулы әлеуметтік көмек алуға асығатын адамдардың қатары көбейіп барады. Бастысы, мұқтаждардың орнын масылдар басып алмаса игі еді.
Аида Өтеп