Дамитын мемлекет үшін масылдық өте қауіпті
Масылдық санаға бой алдырып, отбасын сүйрей алмай жүрген азаматтар мен үкіметке алақан жаюды әдетке айналдырған аналардың қатары көбейіп барады. Ересектердің осындай олқылықтары жастар арасында да көптеп кездеседі.
Бұл туралы Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ проректоры Баршагүл Исабекова: " Отбасындағы ата мен ананың тәрбиесінен болар, қазір масылдық сана жастар арасында да белең алып барады. Әлеуметтік көмектерді алу үшін, кейбір отбасылар ажырасып та жатыр. Құжат бойынша ажырасқанымен, бәз баяғыша бірге тұра береді. Бұл біздің қоғамға өте зиянды", - дейді.
Кейінгі кезде мемлекет тарапынан бөлінген түрлі көмектерді сіңіріп кеткісі келетіндер де аз болмай тұр. Осыған байланысты масылдық пен мұқтаждықты ажырату туралы пікірлер жиі айтыла бастады. Тіпті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл туралы арнайы тоқталған еді. Ол тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азаматтың түсінуі керектігін айрықша атап өткен болатын.
"Әрбір азамат өзінің отбасын асырауға, адал еңбек етуге, өзгелерге үлгі болуға әрекет жасауы керек. Осы бағытта біз жастар арасында көбірек жұмыс жасау қажетпіз. Ел ертеңі - жастардың қолында. Олардың масылдық санаға бой алдырмауы үшін идеологиялық тәрбиені күшейту керекпіз. Дамитын ел үшін масылдық сана - өте қауіпті" дейді Баршагүл Қашқынқызы.
Иә, патерналистік тәуелділік - дамуға тежеу. Азаматтардың өмір сүруі үшін жауапкершілік алуға аса құлық танытпауы, әл-ауқатының жақсы болуына деген бар үмітті мемлекетке артып қоюы - нағыз масылдық сана. Мұнымен күрес әркімнің өзінен басталуы керек.
Аида Өтеп