«Бұлар табиғатында қылмыскер емес адамдар»: заңгер Абзал Құспанпен сұхбат

Oinet.kz 08-09-2022 1594

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жарияланатынын Қазақстан халқына жолдауында мәлімдеді. Бұл тізімге кімдердің енуі мүмкін, оларға қандай талаптар қойылатынын заңгер, «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан тәптіштеп түсіндіріп берді. Адвокатпен Azattyq Ruhy тілшісі сұхбаттасты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_25.jpg

- «Қаңтар оқиғасында» заң бұзушылыққа барғандардың ішінде нақты кімдерге рақымшылық жасалады? Бұл тізімге мемлекетке сатқындық жасаған, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндірген, қаралы қырғынды ұйымдастырған деген күдікке іліген азаматтар кіріп кетпей ме?

- Рақымшылық - мемлекет тарапынан жасалып жатқан маңызды мәселе. Біз мұны қайта-қайта жазып, дәлелдеп жүріп қаншама аналитикалық хаттарымызды жолдай отырып әрең дегенде сұрап алғанымызда, кейбір адамдар мұны қажет емес, бұл кінәсіз адамдардың қылмысын мойындатуға әсер етеді деген сияқты теріс пікір қалыптастыруға тырысып жатыр. Енді сәл де болса объективтілік болса екен. Қазақта мақал бар «Тас түскен жеріне ауыр» деген. Бұл мәселе қазір неше айдан бері осындай қамауда отырған азаматтардың ата-аналары, туыстары үшін қандай үлкен қуаныш екенін білсеңіздер екен.

Әзірге нормативті акт қабылдана қойған жоқ. Президент тарапынан тек ауызша пәрмен берілді. Ендігі мәселе - нормативтік құжаттың қабылдануы керек. Яғни, заң қабылдануы тиіс. Заң меніңше, жылдам-ақ қабылданады. Бірақ, ол үшін барлық қылмыстық істер, оның категориясы бойынша, адамдардың жасына байланысты анализ жасалып жатқан шығар деп ойлаймын. «Аманат» комиссиясының төрағасы ретінде жұмыс тобының құрамына кіруім керек. Бірақ әзірге бастала қойған жоқ. Дегенмен, менің жеке пікірім осы іс бойынша тартылған азаматтардың басым көпшілігі рақымшылққа ілігеді деп ойлаймын. Оның ішінде Президент өз сөзінде айтып кеткендей терроризм, ұйымдастыру бағытындағы қылмыстық істерді жасағандар рақымшылық акциясына ілікпейді.

- Ұрлық-қарлыққа барғандар босатыла ма? Олар шыққаннан кейін әрі қарай да бұрынғы жұмыстарын істеп жүре бере ме әлде қандай да бір шектеу, талаптар бола ма?

- Өте жақсы сұрақ. Мен комиссия төрағасы ретінде өзім және комиссия мүшелерімен бірге 600-ге жуық қаңтар оқиғасына байланысты қамауда отырған адамдармен тергеу изолятор жағдайында кездесіп, сұхбаттастық. Мен оларға түсіндіріп айтамын: айналайындар, менің қазір қойған сұрақтарыма айтқан жауаптарыңыз тергеуде немесе сотта алдарыңыздан шықпайды, ешқандай хаттама толтырылмайды, ешқандай қағазға қол қоймайсыздар деп айтамын. Мен жай ғана түсінгім келеді. Жеке өзің не үшін көшеге, алаңға шықтың деп сұрағанда, олардың барлығынан мынадай жауап алдым:

Біріншіден, олардың әділетсіздік үшін шыққандағы белгілі болады. Әрине әрқайсысы әр түрлі жеткізеді. Кейбіреулері дөрекі айтады, кейбіреулері тіпті боқтық сөзбен жеткізіп жатады, бірі учаскелік полицияны мысал етіп айтуы мүмкін. Араларында жеке өзі түрлі проблемаларға тап болмағандары да бар. Бірақ, өзінің жақындары, таныстарының әділетсіздікке тап болғанына куә болып, осы Қазақстандағы әділетсіздікке қарсы шыққандарын біліп отырмыз. Әділетсіздікті не үшін айтып отырмын. Бұл - алдымен экономикалық мәселелер. Елдегі қымбатшылық әсер етті. Мәселен қазір қант қымбаттап жатса, ол кезде газдың бағасы көтеріліп кетті. Яғни, әлеуметтік-құқықтық мәселе бірінші орында тұрды. Бұл - өте маңызды.

Екіншіден, осы азаматтардың ішінде нақты бір қылмыс жасағандар бар ғой. Мәселен, болар-болмас бір ұрлыққа түскен. Олардан не үшін енді мұндай қылмыс жасадың, неге ұрлыққа түстің, неге қолыңа қару берсе сен ала салдың, неге дүкеннен бір бөтелке арақ алдың ,азық-түлік алдың деп сұрасаң, олар түсіндіре аламайды. Шын мәнінде түсіндіре алмайды. Оның ойында ана қаруды атуды да, оны сату арқылы пайда табу да болмаған. Ең бастысы бұлар жасы 25-35 жас аралығында кілең қазақ балалары. Бәрі де қазақы тәрбие көрген балалар. Ең көп заң бұзушылық болған Алматы қаласын алып қарасақ, қылмыс жасаған қалалықтар мүлдем жоқ. Негізінен қаланың маңайындағы ауылдық жерлерден немесе өзге өңірден келгендер жасаған. Сол жерден келіп жұмыс істеп жүргендер. Олар ешқаншан осы уақытқа дейін қылмыстық жауапкершілкке тартылмаған,тіпті құқық қорғау органдарының көзіне түспеген. Осы екі жағдай. Енді мұның маңыздылығы неде? Жалпы адам баласы 25 жыл, 35 жыл осы өмір сүреді, ешқандай құқық бұзушылыққа бармайды, полицияның назарына түспейді. Осылай келеді де, аяқ астынан  олардың барлығы 4 қаңтар күні қалай жаппай қылмыскер болып кетеді деген сұрақ бәрімізді де ойландыруы керек қой. Бұрын сотталғандар болса рақымшылққа ілікпейді. Бірақ ондайлар өте-мөте аз. Негізгі 99,9 пайызы бұрын істі болмаған.

- Қазір істі болып отырған азаматтарды неге біз әдеттегідей қылмыскер ретінде қарастырмауымыз керек?

- Олардың аяқ асты қылмыс жасауына не себеп? Біз сол ситуацияға оралуымыз қажет. Өйткені, жағдай итермеледі. Сол себепті де бұларды әдеттегідей қылмыскер ретінде қарастырмауымыз керек. Бұлар табиғатында қылмыскер емес адамдар. Бірақ дәл сол кезде енді Үкімет қайтып орнына келмейтіндей, ешқандай заң орнамайтындай сезімде болғандықтан осындай іс-әрекетке барған шығар деп ойлаймын. Сондай-ақ, «қоғамдағы түрлі реакциялар», «тобырлар заңы», «бұқараның саналы түрде емес жасаған әрекеті» деген түсініктер бар. Бұл - психологиялық фактор. Олардың жасаған іс-әрекетін қылмыс емес деуге келмейді. Заңгер ретінде көріп отырмыз. Бірақ, бұл әдеттегі жағдай емес. Сол себептен де біз бұл адамдарға рақымшылық жасап, біржолғы жауапкершліктен құтқаруға тиіспіз. Рақымшылықтың бір жақсы жері қылмыстық жауапкершілікке байланысты барлық құқықтық салдарды жояды. Рақымшылық адам өмірінде бір-ақ рет беріледі. Кейін күндердің күнінде тағы бір осындай қылмыс жасап қоятын болса, оған амнистия қолданылмайды. Жастарға осының бәрі түсіндіріледі. Олардың барлығы арыз жазады. Өз еріктерімен ғана қолданылады. Заң шыққаннан кейін бұл тағы да талқылануы керек.

- Сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет!

«Ауылдың бүкіл еркек кіндіктісі өрт сөндірумен арпалысып жүр»: Аягөзде де өрт (видео)
Жол-көлік оқиғалары төмендеп келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу