«Үйі өртенген адам байып кетеді»
Қостанайдағы өрт өзекті өртеп кетті. Егер бұл әдейі, қасақана жасалған іс болса, сұмдық екен. Талай жауыздықтарды көрдік қой, мынау нағыз опасыздық. Отанын сатқанмен бірдей. Одан да сорақы. Өз орманын өртеген адам бәріне барады. Оларда аяушылық сезімі жоқ. Егер анықталып жататын болса, оларға да аяушылық болмау керек.
Адам қолымен жасалған дүние қалпына келер-ау. Үй де салынар, ауыл да тұрар. Құдай жаратқан адам мен табиғатты қайтіп орнына келтіресің. Анау қырық үш мың гектар орман мыңдаған жылдардың жемісі. Оны барыңды салсаң да, жаныңды салсаң да жүз жылда қалпына келтіре алмайсың. Мен теңізге де, көлге да, далаға да қатты қызықпаймын. Тау мен орманды жақсы көремін. Сәл мүмкіндік болса тау жағалап, орман аралап кететінім сол. Анау жақты орман өртеніп жатқанда да мен сол тауда жүргенмін. Аяп кеттім. Бір үй өртенгеннің өзінде үрейіңді ұшырады. Тұтас орман, ауыл өртке орану деген сұмдық қой.
Баяғыда ауылда екі үйдің шөбі өртенген. Әдейі өртеген. Бетпе-бет келе алмайтын адам шөп өртеп қиянат қылатын. Мынау да сондай әрекет сияқты. Жауың, дұшпаның бар деген сөз. Ол дұшпан ішіңнен шықса ең сорақысы сол. Қандай да бір мүдде үшін мынандай тірлікке бару дегенді түсіне алмай қойдым. Жарайды болар іс болды. Табиғи өрт (адам салғырттығынан) болса екен деп тілеп отырмын. Егер қасақана жасалған болса, онда мен қорқамын. Шынымен қорқамын. Бұл сұмдық.
«Үйі өртенген адам байып кетеді» деп жатады ғой. Біздің ауылда үйі өртенген екі отбасы да (бүгінгі балалары да) өрттей қаулап байыды. Өрт шалған өлке де солай байып кетсе екен. Қайтыс болған адамдарды Алла панасына алсын. Бұ дүниеден отқа оранып кетсе, о дүниеде жәннәттің суына шомылсын, шәрбатымен шөлін қандырсын. Мына өртті ұйымдастырған адам болса тозақты отына жансын! Киелі өлке жұртына көңіл айтамын.
Бейбіт Сарыбай facebook парақшасынан