Қазақша сөйлеуге талпынған өзге ұлт өкілдерінің балалары көбеюде
Мемлекеттік тілді оқып-үйрену – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Елбасының «Тіл жоспары 2012- 2020» бағдарламасында 2020 жылға дейін Қазақстанның тұрғындары кем дегенде 90 пайыз қазақ тілінде сөйлеуі керек деп нақты мақсат қойған еді. Ал мемлекеттік тіл қазақ тілімізді оқытуды сонау бала-бақша табалдырығынан бастау керек. Бүгінгі балалар – біздің ертеңгі болашағымыз. Әрбір қоғамда баланың бойында азаматтылықты, патриотизмді тәрбиелеудің маңызды факторы сол мемлекеттің тіліне деген терең сыйластық болып табылады. Бала тілді тым ерте бастаса, солай тез меңгереді. Негізгі мақсат – тілді үйренушілердің, яғни достық пен туыстықты ту еткен өзге ұлт өкілдері балаларының ой-қабілетін біртіндеп қазақыландыру, сөйлеуге үйрету, тіл мәдениетін көтеру. Игі бастаманың бірі соңғы жылдары қазақ бала-бақшасында қазақша шүлдірлеп жүрген өзге ұлт өкілдерінің балалары көбейіп келеді. Қуанышты жәйт, әрине.
Шымкент қаласындағы «Алтын дән» қазақ бала-бақшасы бүлдіршіндерді тәрбиелеп жатқанына талай жылдың жүзі болды. Алғашында таза орыс бала-бақшасы болған. Кейіннен бала-бақшаның іскер басшысы Рахат Ілиясқызының бастамасымен бірте-бірте қазақ топтарын ашып, олардың санын көбейткен. Қазір онда 11 қазақ тобымен қатар 1 орыс тобы бар. Жалпы 400 бала тәрбиеленіп жатса, оның біразы өзге ұлт өкілдерінің балалары екен. «Өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тобында тәрбиеленіп келеді. Тек соңғы мектепке даярлау тобында ғана оларды орыс тобына жібереміз. Себебі мектепке дайындау керек. Өзге ұлттың өкілі, баласы қазақ тілін үйренгенімен ата-аналары сөйлей алмайды. Ертең мектепте екі жақтама қиналмасын деп орысша тәрбиелейтін мектепке даярлау тобын ғана қалдырдық. Солай бола тұра өзге ұлттар балаларын қазақ тобына беріп, баламыз қазақ тілін үйренсе екен деп ана тілімізге қатты қызығушылық танытуда. Менің таңқалатыным, кейбір қазақтың ата-аналары неге орыс тобы жоқ, мүмкін болса баламды орыс тобына ауыстырыңызшы деп жатады. Өзіміздің ана тілімізге мұрындарын шүйіре қарап, баламызды орыс бала-бақшасына, орыс мектебіне беріп жүргенімізде, өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілін үйреніп жүр. Әрине, барлығына бірдей топырақ шаша алмаймын. Бірақ ондайлар біздің қоғамда кездеседі»,- дейді бала-бақшаның әдіскері Фарида Бәйтекова.
Қазір мұнда 36 білікті педагогтар жұмыс жасайды. Орыс тобына қазақ тілі аптасына үш рет өтіледі екен. Алаңқайларда ойнап жүрген бүлдіршіндерді сөзге тартқан едік, олардың қазақша тақпақтарды, мақал-мәтелдер, әнұранды жатқа айтқандарын көргенде, еріксіз сүйсіндік.
- Аты-жөнің кім балақай?
- Давид Зверков.
- Қазақша тақпақ білесің бе?
- Ия.
- Маған айтып берші?
- Алтын күн аспаны, алтын дән даласы ... деп әнұранымызды орыстың бес жасар көкшіл көз, сары баласы нәшіне келтіріп шырқап берді.
Мұндағы жалғыз орыс тобындағы балалар бір-бірімен қазақша араластырып сөйлеп жүр. Байқағанымыз, орыс тобы деген аты ғана екен. Себебі бала-бақшадағы мерекелік іс-шара, жиындардың барлығы қазақ тілінде өтеді. Бала ортасына қарай бейімделіп өседі емес пе? Он бір қазақ тобынының арасында жүрген бір ғана орыс тобының санаулы балалары қазақшаны күн сайын құлақтары естіп, саналарына тез сіңіріп алады. Басқа балақайлармен бірге ойнап, қазақша шүйіркелеседі. Міне, содан бала бес-алты айдан соң қазақшаны судырлатып сөйлеп шыға келеді. «Қызымыз бала-бақшаға баратын кезде күйеуім екеуміз бірден қазақ тобына жібереміз деп шештік. Себебі біріншіден, біз қазақ елінде тұрамыз, ал қазақ тілін әрбір азаматтың білуі парыз. Қызымыз қазақша сөйлей бастағанда қатты қуандық. Қызымыздың қазақшаны кейде бізге үйрететін кездері болады. Ендігі жоспарымыз оны қазақ мектебіне берсек дейміз»,- дейді бес жасар Софияның анасы Лариса Генадиевна.
Шымкент қаласында өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақша тәрбиелеп жатқан «Алтын дән» секілді бала-бақшалардың саны күн санап өсіп келеді. Баланың мемлекеттік тілде емін-еркін қарым- қатынас жасап, игерген білімін күнделікті өмірде қолдана алуына мүмкіндік жасау мектепке дейінгі мекемедегі педагогтарының шеберлігі мен біліктілігіне, ата- аналардың жауапкершілігіне байланысты. Сол себепті 2020 жылға дейін жүз пайыз қазақша сөйлесеміз деген мақсатқа жету үшін ең алдымен, қазақы тәрбие беріп, баланы патриоттық сезімге баули алатын педагогтартарды, одан кейін қазақ тіліне құрметпен қарайтын ата-аналарды көбейту қажет. Бүгінгі бала – ертеңгі азамат.
Мұрағаттан, 17.10.2012 ж